Оңтүстікте ірі қарадан алынатын өнім көлемі алдағы екі жылда 2 есеге артуы тиіс. Етті және сүтті бағыттағы осы жобамен қазір ауыл шаруашылығы басқармасының мамандары қызу айналысып жатыр.
Оңтүстікте 821 мың бас ірі қара бар екен. Республикадағы рейтингте зеңгі баба тұқымы бойынша үшінші орындамыз. Мамандардың сөзінше, өнімділікке ірі қараның санын көбейту арқылы емес, оны асылдандыру арқылы қол жеткізілмек.
«Жұмыспен қамту — 2020» бағдарламасын да осы бағытқа араластырған мамандар жобаны орындауға бел буған әрбір шаруаға 3 миллион теңгеден көмек бермек. Егер тиісті сүт пен ет өнімділігі өз дәрежесінде жүріп жатса, шаруаға мемлекеттен қосымша қаражат та төленеді. Асылдандыру жұмыстары биыл Сайрам, Төлеби, Түлкібас аудандарының ірі қараларына жасалатын болады. Ал жалпы жобаға қазынадан 21 миллиард теңге қаралған.
Біле жүріңіз, Оңтүстікте 3 миллион 600 мың қой, 188 мың жылқы және 20 мың түйе бар. Қой саны бойынша елімізде көш басына шықсақ, сиыр санынан үшінші орындамыз, ал жылқы мен түйе саны бойынша төртінші орында тұр екенбіз.
[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=1nuOan98grw[/youtube]
Полатбай Тастанов, ОҚО ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары: «Біздің ойымызша, мал шаруашылығындағы малдың басын көбейтпей, одан алатын өнімділікті арттыру керек. Мысалы, қазір бір сиырдан 12 литр сүт алатын болсақ, немесе жылына орта есеппен бір ірі қарадан 2800 литр сүт сауатын болсақ, енді соны 6 мың литрға арттырсақ деп отырмыз. Бұл жобаны малды асылдандыру арқылы іске асырсақ дейміз. Мәселен, шаруаға етті мал керек болса, Зеңгі баба тұқымын етті бағыттағы бұқаның ұрығымен асылдандыруға болады. Сүтті малдың да қажеттігі сондай. Соңғы үш-төрт жылдан бері ірі қараларды асылдандыруды біз тегін жасап келеміз.»