Облыстық оқушылар арасындағы КТК ойындары аяқталды

430
Оқушылар арасындағы сайыс биыл 2-рет қолға алынған

Көңілді тапқырлар жерлестерімізге көңілді кеш сыйлады.  Биыл «Қазақстан: бүгін және ертең — оқушылар көзімен» атты жас әзілкештердің ойынын облыстық білім басқармасының басшылығы екінші рет қолға алып отыр.

Оқушылар арасындағы сайыс биыл 2-рет қолға алынған

«Білім KZ» құрамасының құрылғанына көп уақыт өткен жоқ. Бұған қарамастан жетісайлық жас әзілкештер облыстық көңілді тапқырлардың ойынына жолдама алған. Өнерпаздар айтулы сайысқа 2 ай бойы дайындалыпты. Сондықтан бұл мүмкіндікті қолдан жібермеу үшін топтың таланттары осы сайыста мектептегі ахуалды әзілмен жеткізді.

«Білім KZ» құрамасы: «Біз ұстаздардың жалақысының қайда жұмсалатынын айтып бердік. Оның ішіне мұғалімдердің білімін қадағалайтын комиссияның да қалтасына кететін қаржыны да қостық. Бұл әзіл ғой, бірақ әзілдің астарында шындық бар. Біз қоғамда әділдіктің орнағанын қалаймыз. Ал сахнадағы ойынымызды ойдағыдай көресете алдық. Бәрінен бұрын үлкен қобалжуды жеңіп, көпшіліктің көңілінен шықтық деген үміттеміз. Алдағы жоспарымыз — «Жайдарманның» үлкен сахнасында өнер көрсету.»

Көңілді тапқырлар ойынына 12 құрама қатысты
К

«Қазақстан: бүгін және ертең — оқушылар көзімен» тақырыбы аясындағы осы ойынға мектептердегі жоғары сыныптың оқушылары қатысты. Шәкірттер қоғамдағы орын алған оқиғаларды да әзіліне арқау етіп, көпшілікті күлкіге көмкерді. Ал ойыншылардың өнерін 3 адамнан құралған қазылар алқасы бақылап отырды.

Азат Әміртаев, қазылар алқасының төрағасы: «Қабілетіне, яғни, әзілді шынайы орындағанына қарап бақылап отырмыз. Ең бастысы — мұнда сахналық костюмдері мен әзілінің салмағы. Қазіргі теледидардан беріліп жатқан нөмірлерді қайталап бермеуін қадағалаймыз. Байқағанымыз, былтырғыға қарағанда, шәкірттер өнерлерін шыңдапты. Анау «Жайдармандағы» ағаларының бағытын қолданбаған, тек мектептегі және өз орталарындағы қызықты айтумен шектелген. Өте жарасымды. Мұның өзі балалық шақтың, мектеп өмірінің бір естелігі ғой. Риза болып отырмын.»

«Әзілің жарасса, атаңмен ойна» деген. Мектеп оқушылары аға буынға қатысты түрлі әзілдерін әдемі жеткізіп, әдептен ауған жоқ дейді көңілді кештің көрермендері.

Динара Жақабай, көрермен: «Маған бүгінгі КТК ойындары ұнады. Әзілдері қызық. Алғашында мектеп оқушыларының кеші дегенде, онша қызық болмайтын шығар деп ойлап едім. Қателесіппін. Өте тамаша өтті. Жастарды қолдау қажет қой.»

Айта кетейік, 12 құрама қатысқан көңілді тапқырлар ойыны «Достық» ұранымен тәмамдалды. Жеңімпаздар қатарындағы өнерпаздар жуырда республика көлеміндегі оқушылар арасындағы «Жайдарманның» жолдамасына ие болмақ.