Шымкенттің үздік бозбаласы мен бойжеткені анықталды

403

Шымкентте Қозы Көрпеш — Баян сұлу күнін тойлау жалғасып жатыр. Шымкент қалалық жастар орталығы дәл осы махаббат мерекесіне арнап байқау ұйымдастырды. Облыстық опера және балет театрының сахнасында қаланың ең үздік бозбаласы мен бойжеткені анықталды.

Мадияр мен Гауһар — болашақ педагогтар. Екеуі де облыстық педагогикалық институттың студенті. Қозы мен Баян секілді мөлдір махаббаттың иесі болмаса да сахнада қос ғашықты сомдады.

Қалалық байқауда Мадияр мен Гауһар секілді жеті жұп бақ сынасуда. Байқаудың алғашқы шарты «Мен саған ғашықпын» деп аталса, екінші шарты бойынша әр жұп пәк сезімге толы махаббат жырын жырлауы керек. Қос ғашықты анықтайтын қорытынды сайыстың талабы тым жоғары болса керек, іріктеліп келген 23 жұптың тек жетеуі ғана сахнаға жолдама алыпты.

[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=15GNc7P9dG4[/youtube]

Абзалбек Убелтаев, «Шымкент жастары» мекемесінің директоры: «Жалпы дайындық 14-сәуірде басталды. Іріктеуге 23 жұп келген. Бірақ, 7 жұп ақтық сынға жіберілді.»

Ұйымдастырушылардың талабынан бөлек әділқазылардың сынынан сүрінбеген М.Әуезов атындағы ОҚМУ-дің жұбы байқаудың бас жүлдесін жеңіп алды.