«Шырайлым – Шұбайқызылым!»

І орынды (100 мың теңге) Отырар ауданынан келген Жансая Құттыбекова иеленді
Бақбер Алтайұлы, Батырхан Сәрсенхан 2-орын
Бақбер Алтайұлы, Батырхан Сәрсенхан 2-орын

Осыдан екі ай бұрын жас қаламгерлердің арасында «Шырайлым – Шұбайқызылым» атты республикалық байқау жарияланған еді. Басты мақсат – Түлкібас ауданында ұмыт бола бастаған Шұбайқызыл шоқысын, қызғалдақтарды насихаттау, жастарды отансүйгіштікке тәрбиелеу, жас қаламгерлерге қолдау көрсету. Байқауға қатысуға елуден астам жас қаламгер ниет білдіріпті. Олардың ішінен жүзден жүйрік шыққандары Түлкібасқа шақырылды. «Түлкібас (Түркібасы) төрінде Шұбайқызыл атты теңдесі жоқ шоқы бар. Көктемде Шұбайқызылды Қазақ қызғалдағы тұтас көмкереді. ХІХ ғасырда қарашекпенділер қаптағанда оны «Красная горка» атандырған. Жергілікті бір шайыр «Шырайлым – Шұбайқызылым! Құзғындар көрген қызығын. Жанымай жотам – жасылым! Жүдегеніңе жасыдым…» деп, күйінішті өлең өрген» дейді жазушы Мархабат Байғұт. Жас ақындар Түлкібас аймағының таңғажайып табиғаты,  Шұбайқызыл мен Голландияға әкетілген қызғалдақты жырға қосты.

Нәтижесінде Оңтүстік Қазақстан облыстық мәдениет басқармасының жүлдесі Абылайхан Есімбай (Алматы), Қазақстан Жазушылар Одағының ОҚО филиалының арнайы жүлдесі Ерасыл Шәрібек (Қызылорда), «Мархабат-Мирас» қоғамдық қорының арнайы жүлдесі Құралай Мырзағали (Қызылорда) мен Әсел Ережеповаға (ОҚО) тапсырылды. ІІІ орын (50 мың теңге) Әриби Дауыл (Алматы қаласы), Әлімжан Әлішер мен Дәурен Айманбетовке (Оңтүстік Қазақстан облысы) бұйырды. ІІ орынды (70 мың теңге) Бақбер Алтайұлы (ҚХР, Шыңжан өлкесі) мен Батырхан Сәрсенхан (Түркістан қаласы) жеңіп алды. Ал І орынды (100 мың теңге) Отырар ауданынан келген Жансая Құттыбекова иеленді. «Мархабат-Мирас» қоғамдық қоры бұл байқауды жыл сайын республикалық деңгейде өткізуді жоспарлап отыр. Біз оқырмандар назарына сол жүлдегерлердің жырын ұсынып отырмыз.

І орынды (100 мың теңге) Отырар ауданынан келген Жансая Құттыбекова иеленді
І орынды (100 мың теңге) Отырар ауданынан келген Жансая Құттыбекова иеленді

І-орын. 

Жансая Құттыбекова 

Қызғалдақтар

Шұбайқызыл.Қазақы дархан далам,
Басынан бақ-дәурені тарқамаған.
Қыз ғұмыры секілді қызғалдақтар,
Табиғатың ұқсайды, қалқам маған.

Мен де сендей қара жердің өскіні,
Әдемі ару гүлге ұқсаған кескіні.
Екеумізге ортақ тағдыр, бір үміт,
Алаңдатар естіні.

Сені әкетті тамырыңнан қазбалап,
Тегі өзгерген тағдырыңа аз қарап.
Сұлулыққа жасап тұрып өгейлік,
Мына қоғам несіне енді мәз болад?!

Күнге, тауға құштар мендей, гүлдерім,
Ұзатылған қыздың кешіп күндерін.
Туған жерден көшіп келген бұлттарға
Сағынышты жолдап шеттен тұр ма едің?

Жат құшаққа сыйдың ба, ей сұлулық?!
Аялауды күтіп кімнен жылулық.
Мейірімге шөліркеген қалпыңда,
Дер ме екенсің «үнсіз ғана сырымды ұқ».

Жер бетіне ажар сыйлап, сән берген,
Ғұмырыңа жан бар ма екен мән берген.
Қасиетін жоғалтпаған қазақтың,
Даласының иісі аңқиды әр жерден.

ІІ-орын. 

Батырхан Сәрсенхан 

Қазақтың қызғалдақтары яки

Шұғылалы Шұбайқызыл

Ұмытып жар бөбегі жыр аңсауды,
Жалаң табан кемірген құлан тауды.
Бесігін алып қашқан қаралы ана,
Қаратаудың басында бір ән салды.

Жұлынды,
Ызғар қаптады,
Қазақтың қызғалдақтары!

Арман-мұңы тапталып сан Алаштың,
Жүзін қайрап жалған ой, жалаңаш тіл.
Қазағым деп қасқайған қайран ерім,
Құрбандыққа шалынды қара басқыр!

Жұлынды,
Ызғар қаптады,
Қазақтың қызғалдақтары!

Желтоқсанда, бір өктем самал ессе,
Сәбираның дауысын салады еске.
Тілегіңде жығылған көк өскіндер,
Жүрегіңде қап қойған жара емес пе?!

Жұлынды,
Ызғар қаптады,
Қазақтың қызғалдақтары!

Қаншама жыл боздатып бозінгенді,
Қараша жыл тарихтың көзінде өлді.
О, Шұбайым, тапталмас табандарға,
Енді сенің жайқалар кезің келді.

Жанарыңнан бір сәтке жас ұққан кім,
Қарымтасын қайтарсын қасық қанның.
Сабағыңнан себепсіз жұлғандарды,
Киесі ұрсын, зарлаған ғашықтардың!

Жүректе шаттық орнап жан емдейтін,
Қырмызы гүл, жамылған әлем кейпін.
Қазақ сенің Отаның өле-өлмейтін,
Сен қазақты ғаламға дәлелдейтін!

ІІ-орын.

Бақбер Алтайұлы

Жауқазын

Тамырыңда туған елдің тағдыры,
Құшағыңда Алатаудың таң нұры.
Кереметін сезе алмасаң масқара,
Ертегінің ханшасы, ол хан қызы.

Солай бауыр дегенменен пір емес,
Бірақ, мынау жадымда жүр бір егес.
Махаббаттың мұнарасы секілді ол,
Көрінгеннің қолы жетер гүл емес.

Дерсің бәлкім мұндай гүлді көп көргем,
Бақшадан да,
Көшеден де,
Шеткі елден.
Алайда ол өзгелерден өзгеше,
Аяқ жетер ауылдарда өскенмен.

Сата бермей көзіңді көп қалаға,
Алдыңдағы асылыңды бағала.
Түбі Түркі мекеніне айналған,
Тамыр тартқан тау мен тасқа, далаға.

Тауысар дейсің тағылымды санап кім,
Айта берсем одан да ары ғажап тым.
Нарттай қызыл әлемдегі ең таза,
Қасиетті қаны емес пе қазақтың.

Жалғызымды кетпесін деп жатқа алып,
Аруымды аяласам мақтанып.
Сезіміңе селкеу түсіп күні ертең,
Ар-намысы қалмасыншы тапталып.

Тасты жарып қар астынан бүрлеген,
Ерлігіңді салыстыршы гүлменен.
Сары адырға салтанатты сән беріп,
Тазалықты табиғаттан іздеген.

Өнегесін үйренбесең өткеннің,
Керегі не ұрпағы боп текті елдің.
Тым құрыса ғашық болып көрдің бе?
Дәл осындай қырмызына көктемнің.

Налып, күйіп, өкпе артып тағдырға,
Адам түгел бет бұрғанда азғынға.
Көбелекке арнағандай нәрін ол,
Сұлуыңа сыйлық жасай алдың ба?…

Қане ерлік, қайда жатыр батырлық?
Ғаламатын сездің бе енді ғасырлық?
Бізді өмірге бекер келіп-кетуге,
Жаратқан да жаратқан жоқ масыл қып.

Сұлулығын жинап барша ғаламның,
Асқақтатқан даңқын биік даламның.
Мәңгілікке жайқала бер жауқазын,
Тағы талай тағзым етем саған мың.

ІІІ-орын.

Дәурен Айманбетов

Шұбайқызылға

Аямай аспан төпелеп жерді,
Жауынын молдап, не керек берді.
Жасағыр көктем жіберді төсеп,
Қызыл да жасыл текеметтерді.

Көктеме келді, көктеме келді.
Тіршілік көңіл шектене берді.
Жайдары жүзбен жадырап бәрі,
Білмейтін сынды өкпелегенді.

Бүтіндеп далам, бақтарым сыртын,
Шаттанып таулар шаққа бұл сылқым.
Суреттеп сөзбен жеткізу қайда-а-а-н,
Жайқалып гүлдер жатқанын, шіркін.

Табиғат – Ана бусанып, терлеп,
Қалғандай жіпсіп, жұмсарып жер, көк.
Қандай күш екен жіберген лезде,
Шұбайқызылдың мұншалық зерлеп.

Тіл көзім тасқа…Зерленсін ары,
Ұялар тозған жөнделсін әрі.
Момақан көлдер жылтырап беті,
Тұтансын қыстай сөнген шырағы.

Күлімдеп әні, қыздар жақ келіп,
Бет алды қырға қызғалдақ теріп.
Жігіттер жағы қырымпозданып,
Қыз жүрегіне із салмақ берік.

Ойпыр-ай, көктем күндері қандай,
Жастардың жүзі, күлгені қандай.
Оңтүстігімнің – қазыналы өлке,
Көңіліңді ырғар гүлдері қандай.

Гүлдері қандай, таңнан да ақ көбі,
Қызылы баурап, салды арбап көгі.
Голландия емес, осында сыңды,
Қызғалдақ пенен сарғалдақ қоры.

ІІІ-орын.

Әлімжан Әлішер

Шұбайқызыл

Көктемге осы қонақ бола қалса ауыл,
Жомарттығын жасырмаған паң сәуір.
Желмен бірге билеп қызыл көйлекшең,
Кең далаға тұрсың ба әлде сөйлеп сен,
О, ханша гүл, ханша гүл!!!

Шаршап жүрдік шуақ іздеп шалғайдан,
Сарғалдақтар сағынышым сарғайған.
Сезімдерді өзімізше сұрақ қып,
Тура сендей қанша аруды ұнаттық.
Біраз күнді гүл іздеумен өткердім,
Қызғалдақтар жүректері көктемнің,
Ал мендегі гүл жүрегім бір-ақ түп.

Жат жанардың қорықпадық көбінен,
Ұға алмадым, ұға алмадым соны мен.
Түннен әлі түрілмеген түңдігім,
Нанымымды барымталап жүр бүгін,
Тамырыңды ұрлап кеткен керуен.

Қарсы алады пәк құшағын жая кім?
Жазып жүрмін гүлдің өмірбаянын.
Менен артық түсінеді мұны кім?
Дала жатыр таппай әлі тынымын,
Біз адамдар тәубе сұрап қартайдық,
Болғандығы өкінтеді жарты айлық,
Көп дарынның ғұмырындай ғұмырың.

Сағым күндер, шағын гүлдер қол бұлғар,
Ренішіңді төгетін де орнын бар.
Менде саған сыр шертуге оқталдым,
Құрбаны боп жалған махаббаттардың,
Талай қыздың саусағыңда солдыңдар.

Көлбеңдеген жанымызда түрлі ағат,
Келгенменен апта қарап, күн қарап.
Біраз күнді гүл іздеумен өткердім,
Қызғалдақтар жүректері көктемнің,
Жүрміз әлі жүректерді жұлмалап.

Әйгерім Бегімбет