«Тұтқабай толғаныстары» таланттарды танытты

1354

“Мархабат-Мирас” қоғамдық қоры бүгінге дейін талай таланттың тұсауын кесіп, талай игілікті іске мұрындық болды. Жұмысын бастағанына бес жыл уақыт өткен қор әр жыл сайын “Мархабат оқулары” айлығын өткізуді дәстүрге айналдырған. Аталған шараның жас ұрпақтың әдебиетке деген қызығушылығын оятуда, құрметін арттыруда алар орны ерек.

Биылғы шара Түлкібастың тумасы, ақын, сазгер Тұтқабай Иманбековтің 80 жыл толуына байланысты өткізілді. Жазушы Мархабат Байғұттың ұсынысымен “Тұтқабай толғаныстары» деген атпен, жазушының шығармалары мен өлеңдерін талдауға арналды.


Қорытынды кешке жазушы Мархабат Байғұт, Қазақстанның Құрметті журналисі Байділдә Қонысбек “Құрмет” орденінің иегері, ақын Нармахан Бегалыұлы қатысып ізгі ниеттерін жеткізді. “Тұтқабай толғаныстары” оқулары үш бағыт бойынша өтті. Алғашқысы жазушы Т.Иманбеков шығармаларын талғампаздықпен талқылап пікір білдіруге баса назар аударылып, шығарма жазудан жарыс өтті.

Екіншісі – адамгершілік қасиеттер, мейірімділік, қайырымдылық, достық пен жолдастыққа, адалдыққа, туған жерге сүйіспеншілік тақырыптарында жазылған көркем шығармалар, эсселер және суреттемелер жазу, ал үшіншісі жас ақындардың өмір, табиғат, Отан туралы шығарған өлеңдері бәйгенің көрігін қыздырды.

Тұтқабай Иманбековтің көркем шығармаларын жақсы талдап, пікір білдірген жас қаламгерлер Алтынай Нұржауова, Құрманбай Арайлым, Заманбек Аружан өз талдауларын ортаға салып, пікірлерін білдірді. Оқушы Асан Анар М.Байғұттың Т.Иманбековқа арналған “Ақбиік сізді жоқтап тұр” деген арнау естелігін толғаныспен оқыды.

Сонан соң, сөз кезегі М.Байғұтқа беріліп, “Тұтқабай толғаныстары” оқуының бірінші шарты бойынша марапаттау рәсімін өткізді. Жүлделі І-орын С.Сейфуллин атындағы жалпы мектебінің оқушысы Нұржауова Алтынға, ІІ-орын Ломоносов атындағы мектеп-гимназиясының оқушысы Орынбаев Дәулетке, ал үшінші орын Бреусов атындағы мектептің оқушысы Жансая Сағатқа бұйырды.

Марапаттаулардан соң “Тұтқабай толғаныстары” айлығы аясында өткен әдеби іс-шараларға белсенді қатысқаны, жастарды тәрбиелеудегі жетістіктері және көркем әдебиет оқуға баулудағы жетістіктері үшін бір топ аудан мектептерінің мұғалімдерін “Мархабат Мирас” қорының төрағасы Сәтпай Қасымбек марапаттап, жақсы тілектерін жеткізді.