Облыста «Театр көктемі 2014» фестивалінің салтанатты ашылуы облыстық опера және балет театрында өтті. Сәуірдің 2-не басталған дәстүрлі шара сәуірдің 4-не дейін жалғасты. Шараға қатысып отырған облысымыздың 8 театры репертуар қоржынындағы үздік қойылымдарын ұсынды. Өнер ұжымдарының спектаклі Шымкент шахарындағы театрларында өтті.
Әшірбек Сығай, театр сыншысы: «Құрметті театрсүйер қауым! Барлығыңызды дәстүрлі театр фестивалімен құттықтаймын! Қыстан кейінгі отшашулық мереке құтты болсын! «Фестиваль» сөзінің мағынасы — мереке. Сондықтан бүгінгі бастауын алған фестиваль тек мерекелік күйде өту тиіс. Бұл — бірі-бірімізді жақындастыратын мереке. Қарап отырсақ, облыстағы 8 театрға 1 ғана театр жетпейді екен. Ол — би театры. Егер осы өнер ошағы ашылса, Шымкент Алматыдан кем болмайды. Бүгінгі өтіп жатқан шараға қолдау көрсетіп отырған жергілікті билікке алғысымды білдіремін.»
Салтанатты түрде ашылған фестивальді бағдарлама бойынша облыстық опера және балет театрының өнер ұжымы Сұлтан Махмұт Торайғыровтың романы негізіндегі екі актілі «Қамар Сұлу» операсымен бастады.