«Қараөзектен» шықтыңыз ба?

22-009Көңіл-күйіңіз нашар, әлсіреп жүрсіз бе? Жұмысқа деген қабілетіңіз де төмен, енжарлық та бар, ұйқыңыз келеді, тез шаршайсыз. Дәрігерлер бұл әлсіздіктің себебін ағзадағы дәрумендер қорының азайғандығымен түсіндіреді. Дәрумен жетіспегендіктен денеде әлсіздік пайда болады. Ағзаның ауруға қарсы тұру қабілеті төмендейді. Осының салдарынан созылмалы аурулар өршиді. Мұндай кезеңді қазақ «қараөзек шақ» дейді.

Мамыражай мамыр ағзаны нәрлендіріп, дәрумендер жинайтын шақ. Жеміс-жидек пен көкөністің алғашқылары дәл осы айда пісе бастайды. Сондықтан қараөзек шақтан шығудың жолын қарастыру қажет. Әдетте дәрумен жетіспейді дейміз де, нақ қандай элементтердің ағзамызға жетпей жатқандығына мән бере бермейміз. Ал оны анықтау қиын емес. Ендеше, бірнеше сынақ жүргізіп көрейік.

– Егер кез келген жеріңізді соғып, көгертіп алып, ол көпке дейін қалыпқа келмесе, сізде С дәрумені жетіспейді.

– Жиі-жиі басыңыз айналып, құлағыңыз шуылдаса В6 және Е дәрумендерінің, марганец пен калийдің жетіспеушілігі деп біліңіз.

– Көзіңіз қызарса, қараңғы жерге бірден үйренісе алмасаңыз, А және В2 дәрумені жетіспейді.

– Қайызғағыңыз көбейіп, теріңіз түлей бастаса ағзаңыз В12, В6, Р және селен дәрумендеріне тапшы.

– Шашыңыздың түсі солғын, ұштанғыш болса, В9, С витаминдері жетіспейді.

– Басыңыз жастыққа тигенше көзіңіз жұмылып, ал жата сала көпке дейін ұйықтай алмай көп дөңбекшісеңіз — В тобы дәрумендерінің атап айтқанда калий мен кальций жетіспеушілігінен.

Енді осы дәрумендердің орнын толтыруды ойлайық. Қазақта ас көп. Барлығы дерлік дәмді. Ең бастысы нәрлі. Соның бірі-нарын.Әлбетте, бұл тағамда толыққанды және тез қорытылатын, жүрекке тимейтін белоктар баршылық. Әсіресе нарынға дайындаған ет сорпасында креатин, креатинин, карнезин, еркін амин-қышқылдары, қарапайым су және тұзда еркін еритін белоктар да жеткілікті. Нақты айтар болсақ бір кесе сорпада жоғарыда айтылған элементтердің 0,19-0,28%-ы бар. Майсыз сорпаға нарын турап аптасына екі рет ішіп отырсаңыз әлсіздіктен арыласыз.

Әсел Тұманбаева, Ұлттық салауатты тағамтану орталығының ғылыми әдіскері:

– Қазақ өз ағзасына ешқашан бей-жай қарамаған халық. Ағзамызды аурудан арылтып, бойымызға күш-қуат беретін ұлттық тағамдарымыз өте көп. Соның ішінден ағарғанға жіті тоқталар едім. Шөлді де басып, бойға күш те беріп, дерттен арылтып, түрлі созылмалы аурулардың алдын алуға мол септігін тигізетін дәл осы ағарған. Әсіресе киік отымен ысталып, қалыпты деңгейде ашытылған қымыз ішу мамырда маңызды. Тәбетті ашып, сауығуға сеп болады. Жұқпалы дертті де жолатпайды дер едім. Саумал ішу арқылы да қыс бойы ағзамызға толған шлактан арылуға болады. Зиянды токсиндерден де оңай құтыласыз. Көктемгі әлсіздіктен шығудың оңай әрі өте тиімді жолы ағарғанның кез келгенін тұтыну, Сиыр сүтінен бөлек ешкі сүті де ағзаны бос радикалдардан арылтады. Жалпы, тағам арқылы, оның ішінде пайдалы тағам арқылы сауығудан артық ем жоқ дер едім. Айтпақшы, кәдімгі суды да көп мөлшерде ішіп жүруді ұмытпаңыз. Су ішу арқылы миды, көзді бауыр мен бүйректі қуаттандырасыз. Тек газдалмаған сусынды пайдаланыңыз.

Ағарған. Малдың аузы көкке тигеннен сауынды түліктің сүті дәрумендерге толыға бастайды. Сондықтан көктемгі кезеңде ағарғанды үзбей ішу маңызды. Сүт, айран, сүзбе мен жаңа піскен айран мен сары май да ағзаны қуаттандырып, В тобының дәрумендерімен қуаттандыра алады. Сондай-ақ, кальций мен калийдің де қоры көп. Қымыз бен шұбаттың жөні бөлек. Қараөзек шақтан «шығаратын» нақ осы сусындар. Адам бойындағы әлсіздікті жеңу үшін қолданылатын дәрілік дәрумендердің табиғи көздерден алынатын дәрумендерге қарағанда ағзаға аз сіңірілетіндігі әлдеқашан дәлелденген. Сондықтан, дәрігерлер көктемде ас мәзіріне мейлінше табиғи өнімдерді көбірек қолдануға кеңес береді. Көкөністерді мейлінше көп пайдалану керектігін айтады. Әсіресе сарымсақ. Мамырда енді ғана көктей бастаған сарымсақтың пайдасы зор. Ол В1 тобының дәрумендері мен С, Д дәрумені, йод, май, тағы да басқа заттарға бай. Оның құрамында ауру тудыратын микробтарды жоятын ерекше бактерицидтік заттар болғандықтан, ол медицинада кеңінен қолданылады. Пиязды да көп қолдану керек. Көк пияздың құрамы да С тобының дәрумендеріне бай. Ал бұлшық еттер мен бас айналуға қарсы ең тиімді тағам – жаңғақ. Жаңғақтың кез келген түрі тірек қимыл аппаратының жұмысын жақсартуға көмектеседі. Сонымен қатар қара нан, малдың бауыры сынды тағамдарды ас мәзіріне жиілету керек. Сәбіз, қызылша мен қырыққабат қаназдықтың алдын алады, бетіңізге шырай беріп, нәрлендіреді. Ашқарынға 1 ас қасық бал жеуді де бастаңыз. Бас айналуын тоқтатып, қантамырларды тазарта түседі. Асқазан-ішек жолдарының жұмысын жақсартуға бидай, жүгері көже ішкен дұрыс. Дақылдар ішек моторикасын жақсартып, әрбір жасушаны нәрлендіреді. Әрі шөліңізді басатын сусын. Айтпақшы, көктем кезінде иммундық жүйе тым әлсіз болғандықтан салқын сусындарды абайлап ішу керек. Бөлме температурасындағы көже ішекке де жағымды. Тоңазытқышқа қойып, тым салқын күйінде ішсеңіз, керісінше ауырып қалуыңыз мүмкін. Майға бөктірілген тары, талқан, сүтке қайнаған күріш, арпа сынды тағамдар да дәруменнің нағыз қоры. Есіңізде болсын, егер әлсіздіктен дер кезінде құтылмасаңыз, жүрек ауруына шалдығуыңыз мүмкін. Өйткені әлсіздік жүрекке күш түсіреді.

Ақмарал МЫРЗАХМЕТОВА