«Шымкент тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы» ЖШС тұрғындардың талап-тілегіне сай келісімнің бірнеше түрін ұсынуға әзір. Шымкенттегі көп қабатты үйлердің 40 пайызға жуығы қараусыз. Яғни, бұл үйлерде ортақ баспаналары үшін жаны ауырып, жүрегі сыздайтын «домкомдар» жоқ. Сондықтан да көпқабатты үйлерді күтіп-баптау жұмыстары өзекті күйінде қалып отыр.
Баспанаңды жаз сайла
Облыс орталығында жылыту маусымы біте салысымен екінші маусымға әзірлік бас-талып кетті. Шымкенттің тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығының энергетика секторындағылар мұны уақыттың талабы деп түсіндіреді.
«Өкінішке қарай тұрғындар барлығын кейінге ысыруға үйренген. Кейінге ысырған уақыттары келіп жеткенде жағдайлары келмей қалады», – дейді Шымкент тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы энергетика секторы бөлімінің бас маманы Гүлнах Шадманова. Алайда сіз өз үйіңізді жылу маусымына неғұрлым ертерек дайындасаңыз, соғұрлым жақсы. Тіпті қазір әр үй бойынша жетіспеушіліктері көрсетілетін кемшіліктер актісі толтырылады. Үйге сапалы жылу берілуі үшін осы жетіспеушіліктердің орнын толтыру қажет. Әр үйдің домкомдары немесе басқа да ұйымдастырушылық топтарының өкілдері қол қусырып қарап отырмай, жұмыста бастау керек. Сіздің үйіңіздің жылу маусымына дайындығын жүргізетін ұйыммен, не жекеменшік тұлғамен келісімшарт жасасу қажет».
Энергетика секторындағылар: жекеменшік тұлғамен келісімшарт жасасудың әуресі көп болатынын да жасырмайды. «Үй төрайымдары газеттегі хабарландырулар арқылы әлдебір шеберлерді тауып алады да оған пәленбай ақша төлейді. Олар кранды немесе желдеткішті алмастырған болады. Ал жылу маусымында қандай да бір мәселе шыға қалса, сол «шеберді» тауып көр. Сондықтан да, мұндай келісімді үйдің әзірлік жұмыстарымен тыңғылықты айналысатын кәсіпорынмен жасау қажет» деп түсіндірді Гүлназ Шадманова.
Энергетиктердің айтуынша, қазірдің өзінде 100-ге тарта көпқабатты үй келесі жылу маусымына сақадай-сай. Олардың бәрінде сығымдау жұмыстары жүргізілген. Алайда бұл үйлер Шымкенттегі барша үйдің кішкене ғана бөлігі. Қалған 1700 тұрғын үйдің тұрғындарына түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Басқарманың асығы алшысынан түсті
Шымкенттегі тұрғын-үй энергетикалық басқармасы 90-шы жылдары құрылған. Уақыт өткен сайын осындай кәсіпорындарды құру туралы мәселе көтерілді. Қағаз жүзінде, не шенеуніктердің қиялында құрылғандары да болды. Тұрғындардың ауыртпашылығын арқалайтын компанияны құру әрекеті 2013 жылы орындалды.
Ал қазір аудандық әкімдіктердің мамандары тұрғындармен кездесу өткізіп, жұртшылыққа «Шымкент Тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы» ЖШС-нің жұмыстарын таныстыруда. Серіктестіктің басты мақсаты – үйлерге сервистік қызмет көрсету. Кәсіпорынның жұмысын аудандық және қалалық әкімдіктер қадағалайды.
«Мен адамдардың бұлқан-талқан болып, ашуланатыны, түсінбеушіліктер болатынын, сенімсіздік танытулар болатынын білемін. Алайда бір нәрсені баса айтқым келеді: біз өткен жылы жылу маусымына дайындаған үйлерден жылу берілу кезінде ешқандай да мәселе шықпады», – дейді «Шымкент Тұрғынүй коммуналдық шаруашылығы» ЖШС директоры Айбек Қожабеков.
Директордың сөзінше қалада 12 бөлім құрылған. Оларды бұрынғы атауы бойынша «Тұрғынүйэнергетикалық басқармасы» деп атайды. Кеңес заманындағы басқару тетігінен жалғыз ғана айырмашылығы – қызмет ақысының көлемі. «Бұрын бір тоқсанның ақысы тиын-тебен ғана тұрды. Алайда, кеңес заманында бұл саланың дотациялы болғанын ескеру керек. Яғни, жалпы шығынның 85% өтесе, қалған 15% тұрғындардың қалтасынан төленді. Қазір мемлекет әкімдіктер арқылы тек бақылау қызметін ғана жүзеге асырады. Қандай да бір кем-кетіктер болса аудандық әкімдіктердің коммуналдық бөлімі жетекшілері бұл туралы бізге хабарлайды. Соған қарамастан мемлекет тарапынан қандай да бір материалдық көмек берілмейді», – деп түсіндірді Айбек Қожабеков.
Мысалы, компания тұрғындардың тілегіне орай келісімнің бірнеше түрін ұсынуға әзір. «Біз қазір жылу маусымына әзірлік және үйлердің жертөлелерінде орналасқан жылу жүйелерін алдағы уақытта да баптау, қосымша сығымдау жұмыстарын» ұсынамыз. Екінші қызмет түрі – кәріз жүйелерін баптау. Үшінші түрі – үй маңы аумағын баптау қызметін ұсыну дейді «Шымкент Тұрғынүй коммуналдық шаруашылығы» ЖШС жетекшісі.
Қысқасы компания тұрғындардың ыңғайына қарай бірнеше келісімшартты ұсына алады. «Қазір біз қысқы жылыту маусымына дайындық жүргізу қызметтерін ұсынып отырмыз. Осылайша көпқабатты үйлердің жертөлелерін тазартып, жылу жүйелерін қалпына келтіру, жөндеу, жаңасына алмастыру істерін атқармақпыз» дейді ЖШС директоры.
Әрбір қызмет түріне сметалық жобалау жұмыстары жасалған. Мысалы жылу жүйесін жаңғыртудың бағасы әр шаршы метріне 4 теңге 65 тиын деп белгіленген. Осылайша әр шаршы метрі үшін кәріз жүйесіне – 1 теңге 40 тиын, ауланы сыпыру – 3 теңге 75 тиын алынады.
Егер сіз аталмыш мекемемен келісімшартқа аталмыш үш қызметтің барлығы үшін отырсаңыз мұның барлығы үшін ( пәтердің әр шаршы метріне) айына 9 теңге 80 тиын төлейсіз. Мысалы, пәтеріңіз 3 бөлмелі, жалпы аумағы 57 шаршы метрды құраса ай сайынғы аталмыш үш қызмет түріне төлем 558 теңге 6 тиынды құрайды.
«Егер, тұрғындар біз ұсынатын қызметтің тек біреуін ғана таңдаймыз дейтін болса, келісімшарт та тек сол бір ғана қызмет бойынша түзіледі. Яғни ешкімді мәжбүрлеп келісім жасауға үгіттемейміз. Бірақ, бір мәселе бар. Кейбір үйлердің жертөлелеріне кіріп болмайды. Оны тазартпай тұрып жылу жүйесіне қызмет көрсетеміз дей алмаймыз. Сол себепті, тұрғындар тым болмағанда бір-ақ ретке болса да жертөлені тазарту үшінгі келісім шартқа отырғандары абзал», – дейді Айбек Қожабеков.
Қазір бұл істі тұрғындар үшін тиімді екендігін жұрт түсіне бастаған. Сондықтан ЖШС-мен келісімшартқа отыруға ниет білдіргендері көп. Соның айғағы болар қаладағы көпқабатты 900 үй «Шымкент Тұрғынүй коммуналдық шаруашылығы» ЖШС-мен келісімшартқа отырған.
Ал егер шатыр ұшып кетсе ше?
Жоғарыда айтып өткеніміздей жылу жүйесіне қызмет көрсету ақысы пәтердің әр шаршы метрі үшін 4 теңге 65 тиынды құрайды. Бірақ коммуналдық мәселелер тек жылу жүйесін, кәріз жүйесін қалпына келтірумен шектелмейтіні анық.
Шатырдың да әжептеуір әбігерге салатын кезі көп. Төбеден жауын жауса су ағып, подьездер қара түнек болып кіруге қорқатын кездер аз кездеспейді. Бұл жағдайда да «Шымкент Тұрғынүй коммуналдық шаруашылығы» ЖШС-і көмекке келуге әзір. «Біз қазір жалпы жобалық-сметалық қызмет ақысына шатырды жөндеу ісін қоса алмаймыз. Бірақ, бұл әзірге ғана. Болашақта біртіндеп подьездерді жарықтандыру, шатырларды жөндеу ісін жүргізу ойда бар. Бұл мәселені шешу қиын емес, тәжірибеміз де жетеді. Қазір жоғарыда айтқан қызмет түрлерін атқарып алсақ, шатырға да жетерміз», – дейді Айбек Қожабеков.
Айтпақшы…
Егер сіз «Шымкент Тұрғынүй коммуналдық шаруашылығы» ЖШС көрсетіп отырған қызмет түріне көңіліңіз толмаса, серіктестіктің мамандарының жұмысы салдыр-салақтық деп тапсаңыз, жергілікті аудандық әкімдікке хабарласып, бұл жайында дер кезінде хабардар етуге мүмкіндігіңіз бар. Мұндай жағдайда серіктестік басшылары кемшілік жіберген маманға шара көруге дайын екендіктерін айтады.
Жәнібек НҰРЫШ