Әрбір үйге — қауіпсіз тағам

541

«Әрбір үйге — қауіпсіз тағам.» Халықты қауіпсіз және сапалы тамақ өнімдерімен қамтамасыз ету мақсатында осындай акция ұйымдастырылды. Қаладағы 37 базар мен сауда орындарында өтетін шара барысында кез-келген азамат сатып алған азық-түлік өнімін көшпелі зертханада тексере алады. Бүгін Әл Фараби аудандық тұтынушылардың құқығын қорғау басқармасы Қырғы базарда сатылатын өнімдерді акция аясында тексеруден өткізді.

Базардың дәл ортасына орныққан жылжымалы зертханаға базар басшылары қуана қоймады. Санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау қызметінің мамандары тексеруге емес, акция ұйымдастыруға әрі тамақтан туындайтын түрлі аурулардың алдын алуға келген еді. Алғаш рет ұйымдастырылған шараны сатып алушылар да жатырқай қабылдады. Бірінші болып тұтынушылар емес, сатушылардың өздері сатып жатқан жеміс-жидектерін тексертті.

[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=rZEMvuICuS8[/youtube]

Баян Мұсаева, Әл Фараби аудандық тұтынушылардың құқығын қорғау басқармасының бөлім басшысы: «Базарда өткізіп жатқан себебіміз — бұл жерге халық көп жиналады. Мұндай акциялар барлық сауда орындарында жалғасын табады. Акцияның негізгі міндеті — сатылатын тағам өнімдерінің сапасы мен қауіпсіздігін арттыру.»

Маржан Молданұрова базардан сатып алған сүт өнімдерін тексертуге бел буды. Осында нәпақасын тауып жүргеніне бірнеше жыл болса да сүт пен айранды базардан сатып алмайтынын айтады. Қауіп басым деп ойлаған. Ал бүгінгі зертханалық тексеруден кейін бұл ойы өзгерді.

Маржан Молданұрова, базар сатушысы: «Бұрын базардан сүт алып, ішуден қорқатын едік. Үнемі дүкеннен полиэлитен пакеттегі сүтті алатынмын. Енді қорықпай алуға болатына көзім жетті.»

Халықтың дұрыс тамақтануын қамтамасыз ету үшін ұйымдастырылған акцияда тұтынушылардың белсенділік танытпағаны байқалып-ақ тұрды. Базардан азық түлік сатып алушылардың сауаттылығы осыдан-ақ байқалды. Әлде, бұл акцияны кезекті көз бояушылыққа балап, жоламады ма деп ойларсыз. Дегенмен «Әр үйге — қауіпсіз тағам» акциясы өзге де базарларда жалғасын табады.