Шақпақ ауылында жаңа аурухана ашылды

Елбасымыздың 2011-2015 жылдарға арналған «Саламатты Қазақстан» бағдарламасы бойынша ауданымыздамызда жаңаша үлгіде денсаулық нысандары бой көтеруде. Желтоқсанның 15-і күні Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында аталған бағдарлама аясында Алғабас ауыл округі, Шақпақ ауылында салынып жатқан аурухана іске қосылды. Ғимараттың ашылу салтанатына облыстық денсаулық сақтау басқармасы бастығының орынбасары Ғ.Әбіш, аудан әкімі Р. Жолдас, аудандық аурухананың бас дәрігері Б.Мырзагелдиев және аудан әкімдіктердің, мекемелердің өкілдері қатысты.

Жиында сөз алған аудан әкімі Р.Жолдас бағдарлама аясында ауданымызда қолға алынып жатқан жұмыстарға тоқталып, жиналғандарды емхананың ашылуымен құттықтады. Сондай-ақ аудан басшысы бағдарламаны жоспарлы және нәтижелі жүргізу ауданның денсаулық сақтау саласының инфрақұрылымын жақсартып қана қоймай, ауыл тұрғындарына көрсетілетін медициналық көмектің сапасын арттыратынын атап өтті.

Бұдан кейін емхананы салған «Бадам-тас строй» ЖШС-ның директоры Қ.Мұсабеков жұртшылықты жаңа нысанның ашылуымен құттықтап, ғимараттың естелік кілтін емхананың аға дәрігері Марал Матаеваға тапсырды. Бұдан кейін жаңа нысанның лентасы қиылып, жиылған жұртшылық ғимаратты аралап көрді. Емхана дәрігерлері шетелдік жаңа жабдықтарды таныстырды. Ал емхана қызметкері, «Дипломмен ауылға» жобасымен келген жас маман, терапевт Нұрғали Тойбеков сапалы медициналық қызмет көрсетіп, халық денсаулығын жақсарту үшін елеулі үлес қосатынына сенім білдірді.

Бұл аурухана тексеру, науқастың диагностикасы және науқасты стационар қызметінде медициналық біліктілікпен емдеу үшін арналған. Медицина қызметкерлерімен кездескен аудан әкімі басқа округтерде мұндай аурухананың жоқ екендігін айтты.

«Мұнда қазіргі заманғы қондырғылар қойылған. Сондықтан да оларды барынша тиімді пайдалану қажет. Ол үшін кәсіби білімі жоғары мамандар керек, сонда ғана сырқаттар лайықты медициналық көмек ала алады. Соңғы 2 жыл ішінде 6 медициналық нысан іске қосылды, солардың ішінде бұл аурухана барлық жағынан алғанда ерекше. Аурухана толық қуатында жұмыс істеуі әрі оған жұмсалған қаржы халықтың игілігіне қызмет еткені жөн», – деді аурухананың ішін аралап көрген аудан әкімі Р.Жолдас.

«Ең бастысы, Шақпақ ауылының ауру тұрғындарын емдеумен айналысатын медициналық құрам дер кезінде оқытылды. Енді аурулардың емделуі үшін аудан орталығына баруына қажет болмайды», – деді аудандық аурухананың бас дәрігері Б.Мырзагелдиев.

Жалпы, екі қабатты, 534,6 шаршы метрден тұратын ғимараттың сметалық құны – 312 млн.теңге. Бұнда ересектер мен балаларға арналған бөлім бөлек орналасқан. Жаңа нысанға 45 млн. теңгеге заманауи медициналық технологиялар әкелініп, аурухана қажетті жабдықпен толықтай қамтамасыз етілген. Жаңа аппараттар науқастың денсаулығын терең тексеруге және алдын ала анықтауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ емхана ауысымына 30 адамды қабылдай алады. Бұрын ескі ғимаратта қиындық көрген жұртшылық, енді жаңа мекемеде сапалы ем қабылдай алады.

Бұған қоса бұрынғыдай тұрғындар қажетті дәрігеріне бару үшін емхананы түгел араламайды. Өйткені әр дәрігердің жеке жұмыс кабинеті бар. Сондықтан келушілер қажетті дәрігерге тіке барады. Қазіргі кезде ауруханада қондырғылар ретке келтіріліп, қызметкерлер дайындықтықтан өтеді.