Медицинада науқастың денсаулығына дәрігерден кем жауап бермейтін, денсаулық сақтау саласының бір буыны – медбикелер. Себебі, емдеуші дәрігер емінің дұрыс нәтиже беруі – медбикенің көрсетілген дұрыс ем-домы мен жанкешті еңбегіне де тікелей байланысты. Шымкент қалалық №2 емханасының балалар бөлімшесінде қызмет ететін Роза Абдираймова — осындай медбикелердің бірі.
Көңілі жайдары, жүзінен нұр шашып тұрған Розаны алғаш көргенде-ақ, балалар медбикесі болу үшін жаралған ба деп ойлап қаласың. 16 жылдың ішінде балалармен жұмыс істеудің қыр-сырын меңгерген мейірбике алдына келген қай баланың болмасын тілін тауып, көңілін аулайды.
– Өз ісіңді шебер меңгеріп, оң нәтижесін көргенге не жетсін. Қызығы мен шыжығы мол жұмыста небір сәттерді бастан кешіресің. Біз балалармен жұмыс істейтін болғандықтан, ең бастысы мейірімділік танытып, әрқайсысына жылышырай білдіріп, ата-аналарға да ілтипат көрсете білуіміз қажет,-дейді Роза Оңғарқызы.
18 000 кішкентай емделушісі бар балалар бөлімшесі таңғы сегізден кешкі сағат сегізге дейін жұмыс істейді. Сондықтан да емхана қызметкерлері ерекше шыдамды әрі байсалды болуға тырысады.
– Соңғы кездері денсаулық саласындағы өзгерістерге байланыс- ты жұмыс күрделеніп кетті. Негізгі міндетімізбен қатар, қағазбасты болуға да тура келеді. Веб-порталға келіп түскен мәліметтерді анықтап, қажетті жеріне жолдап отырамыз. Уақыт өткен сайын медбикелерге деген талап та күшеюде. Сондықтан заман талабына сай білім алып, біліктілігімізді жетілдірудеміз.
Медбикелер – медицина саласындағы негізгі буын, осы қызметті атқарып жүрген әр адамның көтерер жүгі де ауыр. Олар қай кезде де жеке басы мәселесін емес, науқастарға көмектесуді алдыңғы кезекке қояды.
Балалары сырқаттанған барлық таныстары мен туыстары Розаны іздеп табады. Көрші-қолаң, дос-жаран, өзі тұратын көшенің барлық тұрғындары оның көмегіне жүгінеді. Тіпті, науқас балалардың ана-аналары күн демей, түн демей ат арылтып, Розаға келеді екен.
Роза Оңғарқызы өз ортасына беделді медбике ғана емес, отбасында мейірімді ана. 12 сағаттық жұмыстан шыққан ол өзін күтіп отырған балалары мен асыл жарына, ата-енесіне асығады. Жұмыста да, үйде де мейірімділік көрсетіп, қолғабыс беріп жүрген Розаға біз де бақытты ғұмыр тілейміз.
Айжан ЕРМЕКҚЫЗЫ