Бұдан былай Оңтүстіктің аты лимонмен шығуы мүмкін. Цитрустық өнімді баптауға асқан шыдамдылық қажет. Дегенмен, бұл шаруадан түсетін табыс та мол. Бизнестің осы түріне азаматтарды тарту үшін Шымкенттегі кәсіпкерлік мектебі болашақ бизнесмендерді «Асардағы» лимон өсіретін тәлімбаққа апарып, шеберлік сабағын өткізді.
Қамқагүл Сарбасова — болашақ кәсіпкер. Ол келешекте тігін цехын ашып, қыздардың сөмкесін тігіп шығарсам дейді. Бірақ, бүгінгі лимон тәлімбағындағы шеберлік сабағы қала тұрғынына соны ой салды. Тігін бизнесі аяққа тұрып кетсе, артық ақшасын лимон өсіруге жұмсасам деген жоспар түйді бүгін.
Кәсіпкерлік мектебінің 30-дан астам түлегіне үлгі болған азамат Серғазы Бекмұрат 10 жылдан бері лимон өсірумен облыста жалғыз өзі айналысып жүр. Асқан төзімділікті қажет ететін істің табысты екенін жасырмайды. Сондықтан кәсіптен нәсіп табамын деушілерге кәсіпкерлік мектебінде сабақ өтіп, тәжірибеде көрсетіп, өзімен әріптес болуға шақырып жүр.
Серғазы Бекмұрат, кәсіпкер: «Біздің Отанымызға 15 мың тоннадан 20 мың тоннаға дейін цитрус өнімдері жетпейді екен. Статистикамен алып қарасаңыз, соның 99 пайызы шеттен келеді. Қытай, Түркия, Марокко, тіпті, мұхиттың арғы жағындағы мемлекеттерден. Олардың бағасы өте қымбат. Ал сапасы сын көтермейді.»
Кәсіпкерлік мектебі құрылған уақыттан бері мұнда 600-ден астам болашақ бизнесмен кәсіпкерліктің қыр-сырын меңгеріпті. Теорияны практикамен ұштастырған мектеп ұжымы бұл күнге дейін Ордабасыдағы бордақылау шаруасы мен Сарыағаштағы жылыжай ісі бойынша шеберлік дәрістерін ұйымдастырған.
[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=F37r_bxXKoc[/youtube]
Асқар Әбубәкіров, кәсіпкерлік мектебінің бас менеджері: «Осы екі модульден өткеннен кейін, ары қарай кәсіпкерлеріміз несие алады. Мемлекеттік бағдарламалар бар, өзіміздің «Жұмыспен қамту» және «Жол картасы» дегендей. Ол жерде 6 пайызбен мемлекеттен несиені алып, ары қарай тірліктерін, өздерінің кәсібін бастайды. Бізде осы кәсіпкерлердің мәліметтер базасы бар. Адам саны — бес жүзден астам. Солардың қанша несие алғаны, әрі қарайғы бизнесі бақыланып отырады.»
Шеберлік сабағынан болашақ бизнесмендер лимонды баптаудың түрлі жолдары мен пайдасын білді. Ендігі іс бизнесмен боламын деген әрбір тұлғаның қалауына байланысты.