«Металлургтегі» халық он күннен бері жарықсыз, сусыз отыр (видео)

«Қайнарбұлақ» саяжайындағы электр жарығына қатысты мәселе одан әрі ушыға түсті. «Металлург» кооперативінің 3 мыңнан астам халқы жарық пен судың жоқтығына ашынып, наразылықтарын білдіріп жатыр. Естеріңізде болса, осыған дейінгі жаңалықтарымызда жарық үшін қордаланып қалған қарыздың кесірінен «Металлург» массивінде электр желісінің қиылып тасталғанын айтқан болатынбыз. Соның кесірінен қазір елдімекенде тіршілік нәрі де жоқ.

Металлург кооперативіКоммуналдық қажеттіліктен қол үзген Қайнарбұлақ тұрғындарының бойын дәл қазір ашу-ыза кернеп тұр. Өйткені, мұнда электр жарығының сөнгеніне он күннен асты. Салдарынан ауызсу да тоқтап қалған. Ас-ауқатты пісіруді айтпағанда, жуынуға ылғал таппай отырған тұрғындар ауылда індеттің таралуынан қауіптеніп отыр. Ашуға булыққан халық «Энергопоток» мекемесі мен Абай аудандық әкімдігінен келген өкілдерден ыстыққа ашып кеткен тағамдарды жеуді талап етті.

Бұл проблеманың пайда болғанына бес жылдан асты. Содан бері қордаланып қалған электр жарығының қарызы қазір 10 миллион теңгеге жетіпті. Берешекті бермесе, «Металлургке» жақын күндері жарық жетеді деудің өзі қиын.

Ал, тұрғындар бұл қарыздың қайдан пайда болғанын түсінбей дал.

[youtube]http://youtu.be/x-c3ThcpfCk[/youtube]

Мәселені шешудің нақты жолын аудандық әкімдік те таппай отыр. Нақтысы сол, қазір арнайы комиссия құрылып, түйінді тарқатудың жолына кіріскен. Бұған олар құқыққорғау орындарын да қатыстырыпты.

Бөтеннің қарызын төлеуден бас тартқан «Металлургтегі» халайық түйткіл осылай кете берсе, Алматы тасжолын жабамыз дейді.