Сарыағаш ауданы, Ораз ата ауылының жұртшылығы ауыз сусыз отыр. Тұрғындар бірнеше жылдан бері тіршілік нәрін Келес өзенінен тасып ішеді. Қысы-жазы ағын суды пайдаланатын ауылдағы ағайынның дені ішек ауруына шалдыққан. Ал бір кездері елдімекенге су жүйесін тартуға бөлінген қаржы құмға сіңіп кетті.
Салима Оспанованың келін болып, ауылға түскеннен бері көрген күні осы. Арықтағы суды тасып ішеді. Ас-ауқатқа да осы суды пайдаланады. «Балалар осы жерде ойнап жүреді, шомылады. Cу ішеді. Оны біз де ішеміз. Қашанғы қорқып отырамыз?» деп күйінеді кейде.
«Таза ауызсу» бағдарламасының шарапаты ауылға тимеді. Бір рет қазынадан қомақты қаржы бөлініп, көшеге құбыр тартылған. Бірақ, мердігер компания жұмысты аяғына дейін жеткізбей, жарты жолдан тастап кетіпті. Соның салдарынан жергілікті жұрт әлі күнге ағын суды пайдаланады.
Ораз ата ауылында үш мыңдай түтін бар. Дені дихандар. Өзен суынан әбден зәрезап болған тұрғындар таза суды көрші ауылдан тасып ішеді, не болмаса сатып ішеді. Өйткені ағын суды ойланбастан ішкен бүлдіршіндердің алды ішек ауруына шалдыққан. Ауылдықтардың сұранысын қанағаттандыру үшін жергілікті әкімдік қаржы бөліпті.
[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=5PNGzCZrkFo[/youtube]
Асқар Қалдыбаев, Біртілек ауылы әкімінің орынбасары: «Ораза ата ауылы бойынша тендер ойнатылып, 300 миллион теңге бөлінген. Қазір жеңімпаз анықталды. Биыл жылдың соңына дейін су кіргізіледі.»
Ашу қысқан жұрт амалының жоғынан әкімдіктің сөзіне сеніп, тағы қалды. Бірақ, уәде орындалмаса, Елордаға дейін шу көтеріп баруға бекініп отыр.