Спорт зал қажет. Сарыағаш ауданының спортсүйер қауымы бұл мәселені көтеріп жүргеніне талай жылдың жүзі болған. Жекеменшік жаттығу орындары бар. Бірақ, ақылы. Ал жергілікті спортшылар жарыс өткіземіз десе, спорт кешенін таппай әлекке салынады.
Қапланбек ауылында спорт мектебі бар. Спорттың 15 түрімен шұғылдануға болады дейді мектеп директоры. Ендігі мақсат — база мәселесін шешу.
Бүгінде Қапланбекте жарыс өтуде. Самбодан облыс біріншілігі. Бұл жолғы турнир самбо күресінен спорт шебері Әліпбек Құлбаевты еске алуға арналды. Жарысқа чемпионның туыстары мен перзенттері арнайы жиналды.
Самбодан қыздар бөлімі Қапланбек ауылында жақында ғана ашылды. Қазірдің өзінде спорттың бұл түрімен шұғылданамын деушілер аз емес. Созақ ауданында да арнайы команда бар. Бұл жолы өзімен 3 палуан ерте келген бапкердің екі шәкірті ақтық сынға жолдама жеңіп алды.
15-16 жасар палуандар үшін бұл турнир облыс біріншілігінен өз орнын табуға жақсы мүмкіндік. Облысымыздың аға бапкері арнайы іріктеу жасауда.
Қапланбек ауылында мұндай турнирлер жиі өтіп тұрса, жергілікті балалар арасында спортқа деген қызығушылық та арта түсер еді дейді Құлбаевтар отбасы. Сол себепті ұйымдастырушылар Әліпбек Хұсанбайұлын еске алуға арналған жарысты дәстүрге айналдырамыз деп отыр. Ал чемпион атанғандар енді ел біріншілігіне дайындығын бастайды.
Бұл жолғы жарыс жергілікті колледждің ғимаратында өтті. Оқу орнының басшысы кейде осындай жомарттық жасайды екен. Ал залдың тапшылығы алдағы уақытта шешіледі деседі. Биыл республикалық бюджеттен қаражат та қарастырылған. Құрылыс үстіміздегі жылы басталуы тиіс. Ол дегеніміз — Сарыағаш ауданының спортшылары жақында өз спорт кешенінде жаттығуға мүмкіндік алады.