Жеңіс мерекесі қарсаңында облысымыздағы опера және балет театрының ұжымы ардагерлерді арнайы құттықтады. Өнерпаздар сұрапыл жылдарды еске салар «Кестелі орамал» атты кешті ұйымдастырып, ардагерлерге әннен тарту ұсынды.
Қилы заман, ұмытылмас ерлік, сағым сырлар. Мұның барлығын да сұм соғыстың бояуы сіңген әндерді тыңдаған залдағы көрермендердің көз алдында. «Кестелі орамал» атты кеште шырқалған әндер сол бір кестелі ормалдың уақиғасын да еріксіз еске салды.
Төлеген Жақыпбаев, ҰОС ардагері: «Біз баяғыдағы, соғыс кезіндегі өлеңдерді естіп, көңіліміз босап отыр, керек болса, жылап жібергіміз келеді. Бәрі де көз алдымыға тізбектеп келді.»
Бұл кеште орындалған әндердің дүниеге келуінің өзі бүгінде аңызға айналған. Сондықтан болар, соғыс көрген ардагерлер үшін оның әсері де ерекше. Ширек ғасырдың естелігі ардагерлердің көңілін серпілтіп тастағанын байқадық. Опера және балет театрының ұжымы бұл күні Сейдулла Бәйтерековтың «Жасаңдар, ағалар!» әнін ардагерлер құрметіне арнап шырқады.
Нұрлан Балтақожа, облыстық опера және балет театрының әншісі: «Бұл әнді орындаған кезде көз алдыма аталарымыздың майданда жауға қарсы соғысқаны, Отанды қорғаған сол кездегі ағаларымыздың өр-рухы елестеді. Болашақта осындай патриоттық әндерді көптеп орындаймыз, көптеп жаздырамыз, насихаттаймыз.»