Шымкент кәсіп жасауға ыңғайлы қала. Себебі, мұнда халық тығыз. Саудаға ебі бар жергілікті тұрғындар кәсіпкерліктің қыр-сырына да қанық. Сондықтан болса керек, мұнда іскер азаматтар саны жыл санап көбейіп келеді. Таяуда Шымкент қалалық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Асқар Қаныбековке жолығып, бизнес саласының бүгінгі тыныс-тіршілігі жайлы сұрап, аз-кем сұхбаттасып қайтқан едік.
– Асқар Сәкенұлы, қаладағы жеке кәсіпкерлердің саны нешеге жетті?
– Жылдан-жылға өз кәсібін ашқысы келетін жерлестеріміздің көбейіп отырғаны қуантады. Шымкент қаласы бойынша 2014 жылдың сәуір айына 74 049 шағын және орта бизнес субъектілері тіркелген. Соңғы үш жылдық деректерге көз жіберсек, жыл сайын бұл саланы игергісі келетіндер санының 2 пайызға артып отырғанын көреміз. Яғни осы аралықта іскер азаматтардың саны 72 278 бірлікке өскен.
– Халықты кәсіпкерлікке ден қоюға не итермелеуде?
– Халық қазір өз бетінше жұмыс жасауға болатынын, сол арқылы табысқа кенелуге мүмкіндік барын біле бастады. Бұған кәсіпкерлікті қолдауға арналған түрлі бағдарламалар әсер етуде. Кәсіп ашу үшін ең алдымен қаражат керек. Осы уақытқа дейін қолынан іс келетін кейбір азаматтар қаражаттың жоқтығынан бизнес бастауға жүрексініп келді. Кәсіпкерлікті өркендету үшін бүгінде елімізде көптеген қаржыландыру көздері іске қосылуда. Бірталай жылдан бері тоқтап тұрған кәсіпорындарды қайта тірілту, сол арқылы жұмыс орындарының көбеюіне ден қойыла бастады. 2010 жылдан бері жалпы алаңы 337 га құрайтын «Оңтүстік» индустриялық аймағы бұрынғы Фосфор зауыты аумағында құрылып, жұмыс жасап жатыр. Кәсіпорындар инфрақұрылыммен толық қамтылған. Бүгінгі таңда «Оңтүстік» индустриялық аймағында жалпы құны 45,9 млрд теңгені құрайтын 63 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Егер осы істі сәтті іске асырсақ, 5 мыңнан астам азаматқа жұмыс орындары ашылады. Оның ішінде жалпы құны 28,8 млрд теңгені құрайтын 21 жоба Индустрияландыру картасына енген. 2010-2013 жылдар аралығында барлығы 31 жоба іске қосылып, 2312 жұмыс орны ашылды. Қазір олар қызу жұмыс жүргізуде. Мақсатымыз – қаладағы жұмыссыздардың санын азайтып, кәсіпкерліктің дамуына ықпал жасау. Соның есебінен ел қазынасының молаюына атсалыссақ дейміз.
– Қай кәсіп түрінен салық көп түседі?
– Жылдан жылға кәсіпкерлік және кәсіби қызметті жүргізгені үшін алынатын салымдар бойынша салық көлемі ұлғайып келеді. Жыл басынан жоспарланған сома 87,9 млн теңге болса, бүгінгі таңға нақты түсім 114,8 млн теңгені құрап, жоспар 31 пайызға асыра орындалды. Шымкентте іске қосылып жатқан жобалардың көбі – құрылыс саласы. Салықтың денін осындай нысандар төлеуде.
– Қай кәсіп түрі табысты деп айтар едіңіз?
– Тұтынушы халықтың талғамы жоғары. Сондықтан, қай кәсіп түрін қолға алсаңыз да алдымен елдің сұранысын зерттеп алған жөн. Менің ойымша, қазір қалада құрылыс жұмыстары қызып тұр. Сол себепті құрылыс өнімдерін шығару пайда алып келеді деп ойлаймын.
– Өз ісін бастағысы келетін азамат қайда барып, бағыт-бағдар алғаны дұрыс?
– Кәсібін бастағысы келетін болашақ кәсіпкерлерге бағыт-бағдар беру мақсатында бізде «Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы» ашылған. Орталық бірнеше қызмет түрлерін көрсетеді. Онда сала мамандары мемлекеттік бағдарламалар бойынша кеңес беру, оқу курстары, жобаны бағалау және экспертизадан өткізу, рұқсат қағаздарын алу, бизнес жоспар әзірлеу және т.б қызметтерді ұсынады. Сонымен қатар ағымдағы жылдың ақпан айында Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы жанында «Кәсіпкерлік мектебі» ашылды. Мектепте кәсіпкерлікпен айналысу бастамасы мен бизнес жоспар әзірлеу, кеңес беру бойынша оқыту өткізеді.
– Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан – Мақпал РЫСБАЕВА