Бүгінгі мектептерде ілуде бір болмаса ер мұғалімді кездестіру қиынға соғады. Содан да болар, мектеп басқарып отырған директорлар арасында да ер мұғалім көп емес. Бәлкім көп ата-ана айтатындай «ер мұғалім азайған соң мектепте тәртіп босаңсыды» деген пікір рас та шығар. Дегенмен, айтайын дегеніміз ол жайлы емес. Бүгінгі әңгіме басқада.
Оның іскерлігін, ұйымдас-тырушылық қабілетін көпшілік жақсы біледі. Сондықтан болар, осы уақытқа дейін бірнеше мектепті басқарып, білікті де білгір басшы атанды. Көптің сый-құрметіне ие болып, білім саласында өзіндік қолтаңбасымен ерекшелене білген Ержан Мырзабекұлы Төлендиев (суретте) 25 мамыр күні мерейлі 50 жасқа толды. Қазіргі таңда ол Шымкент қаласындағы №86 жалпы орта мектебінің директоры қызметінде. Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың арнайы қатысуымен ашылған су жаңа оқу ошағы тізгінінің Ержан Төлендиевке тапсырылуы да бекер болмаса керек. Жаңа ғимараттың тұсауын кесіп, жаңа ұжыммен тіл табысып, жаңа мектептің оқушыларымен жұмыс жасау бұл кісі үшін аса қиын болған жоқ. Өйткені, оның кәсіби біліктілігі мен ұжыммен жұмыс жасау қабілеті мұндай жауапкершілікті оңай еңсерді.
Төлеби ауданында туып-өскен Ержан Мырзабекұлының балалық шағы табиғаты әсем, адамдарының көңілі дархан Ұзынарық елді мекенінде өтті. Орта мектепті бітірген соң, әл-Фараби атындағы мәдениет институтында кітапханашы мамандығын бітірген ол кейіннен М.Әуезов атындағы ОҚМУ-да тарих-география мамандығы бойынша екінші диплом алып шықты. Алғашқы еңбек жолын 1992 жылы Шымкенттегі №66 «Қазығұрт» орта мектебінде кітапхана меңгерушісі болып бастайды. Кейіннен ұстаздыққа ауысып, одан кейін директордың орынбасары қызметін де атқарған. Өз мамандығының шыңына жетіп, жауапты жүкті мойымай көтере білетін Ержан Төлендиевтің іскерлік қабілеті ескерілген болар, 2004 жылдан бас-тап директор лауазымынан түскен емес. Қаламыздағы №52, №75, №66 мектептерде басшылық қызметті абыроймен атқара білді. 2010 жылдан бері «100 мектеп, 100 аурухана» мемлекеттік бағдарламасы бойынша салынған жаңа мектепте директор болып қызмет атқарып келеді.
Ләззат Өтебаева, директордың оқу жұмысы жөніндегі орынбасары:
– Мен Ержан Мырзабекұлын 1992 жылдан бері танимын. Бірге жұмыс істедік, әрі көршіміз. Ол – іскер басшы, адал дос, жақсы көрші, мейірімді әке. Әріптес ретінде, басшы ретінде мен Ержан Төлендиевті қатты құрметтеймін. Жасым үлкен болса да, менің ол кісіден үйренерім көп. Ең бас-тысы бойында басқарушылық қабілет бар, ұжыммен жұмыс істей алады. Өзінің отбасын қалай қорғаса, ұжымды да кез келген істе қызғыштай қорғай біледі. Бәрімізге қамқор. Дегенмен жұмысты да қатаң талап етіп, әрдайым еңбектің нәтижелі болуын қадағалайды.
– Шыны керек, бала кезімде дәрігер болуды армандайтынмын. Бірақ, ол тек бала күнгі арман болар. Тағдыр жолы менің нәпақамды осы ұстаздық жолдан табуды бұйырды. Жоғары оқу орнын тәмамдағалы мен өз мамандығыма деген сүйіспеншілігімді жоғалтқан емеспін. Балалармен жұмыс жасау, оқушыларға білім мен тәрбие беру менің сүйікті ісім. Егер маған қайтадан мамандық таңдау мүмкіндігі берілсе, мен еш ойланбай ұстаздықты таңдар едім. Ұстаз – барлық мадақ пен сый-құрметке лайықты жан. Өйткені, олар барлық мамандық иелерін, бүкіл адамзатты тәрбиелейді. Дегенмен, осы бір жауапты істі абыроймен атқарып, еңбекақыңды адал маңдай термен таба білу қажет. Мақтанғаным емес, бірақ менің бойымдағы ұйымдастырушылық қабілетімді өзгелер бағалай біледі. Атқарған жұмысыма үлкен сеніммен қарайды. «Сырт көз сыншы» дейді ғой, өзгелердің осындай сеніміне селкеу түсіргім келмейді. Өз міндетімді адал атқаруға тырысамын, – дейді Ержан Төлендиев.
«Көп жасағаннан емес, көпті көргеннен сұра» деген ұстанымды ұстанған білікті басшы ұстаздарды үлкен-кіші деп бөлмей, бәріне тең қарайды. Ең бастысы әр ұстаздың бойындағы білімі мен жұмыс істеу қабілетіне мән береді. Сонда ғана сапалы білімнің кілтін ұстап, үлгілі шәкірттер тәрбиелеуге мүмкіндік мол екендігін үнемі жадында ұстайды. Білім саласында көбіне нәзікжандылардың жұмыс істейтіндігін ескерсек, сол бір санаулы ер азаматтардың арасында ойып тұрып өз қызметімен ерекшелене түсетін Ержан Төлендиевті ұжымдастары өте қатты сыйлайды.
Ердің жасын еңсерген Ержан Мырзабекұлының жұбайы да білім саласында қызмет етіп жүрген жан. Өмірлік жары Оразкүл Шыналиева екеуі 1 ұл, 1 қыз тәрбиелеп, 2 немеренің сүйікті ата-әжесі атанған. Ол отбасында мейірімді әке. Балаларына деген ықыласы мен мейірімі ерекше. Ұл-қыздарының екеуі де мектепті алтын белгімен бітіріп, жоғары оқу орнын қызыл дипломмен аяқтапты. Тіпті, өнегелі отбасыға түскен келін де мектепті үздік бітірген.
Оразкүл Шыналиева, мұғалім:
– Ержан Мырзабекұлы менің өмірлік жолдасым болғанымен, ол жұмыста маған тек әріптес ретінде қарайды. Өзге мұғалімдермен бірдей маған да талап қояды, еркінсуіме жол бермейді. Осы бір қасиетін ерекше бағалаймын. Үйде де ол кісі бірінші басшы. Отбасының ұйытқысы. Балаларына жақсы тәрбие бере біледі. Келінімізді де «заманауи отбасымыз» деп еркінсітпейді, әр нәрсенің өз орнымен болғанын қалайды. Басына орамалын тағып, иіліп сәлем беріп, келіндік міндетін өз орнымен атқаруын айтып отырады.
– «Әкесі директор болса, баласы әрине «Алтын белгі» алады» деген түсінік қалыптасқан. Бірақ, бұл пікірмен келіспеймін. Оқуға деген ынта баланың санасында болуы керек. Оқымайтын, ықыласы жоқ баланы қанша сүйрегенмен, жоғары нәтижеге қол жеткізе алмайды. Мен жұмыста ұстаздарға, үйде балаларыма талап қойып, соның орындалуын жіті қадағалап отырамын. Сонда ғана нәтижелі жұмыс болады. Бір бастаған ісімді соңына дейін атқаруға тырысамын. Мен бұл істен еш жалыққан да, шаршаған да емеспін, — дейді ол.
Ержан Төлендиевтің жемісті еңбегінің дәлелі оның түрлі деңгейдегі марапаттары мен алғыс хаттары. Қалалық білім бөлімі, облыстық білім басқармасы, «Нұр Отан» партиясының бірнеше рет алғыс хаттарына ие болған.
Гүлнұр Сәтбаева