Ұлы Жеңіс күні қарсаңында «Оңтүстік барысы» анықталды. Облысымыздың барлық аудандарынан жиналған 32 палуан боз кілемнің төрінде сынға түсті. Олардың арасында «Қазақстан барысы-2013» сайысының қола жүлдегері Жұманазар Ерсұлтанов та болды.
165 келі салмақтағы палуан соңғы бір айдың ішінде екі бірдей доданы жеңіп, алдымен «Шымкент барысы» атанды. Кейіннен «Оңтүстік Қазақстан» газетінің темір тұлпарына да мінді. Енді, міне, «Оңтүстік барысы» турнирінде топ жарып отыр. Бұл жолы жерлесіміз бір миллион теңгені қоржынына салды. Ал ақтық кездесуде Жұманазармен белдескен Сабыржан Әбілдаұлы күміс медаль және бес жүз мың теңгеге ие болды. Бұл қос палуан енді Оңтүстіктің намысын ресупбликалық «Қазақстан барысында» қорғауға тырысады.
Жұманазар Ерсұлтанов: «Биылғы дайындығымыз жақсы. Соңғы үш жеңіс оның айғағындай. Ендігі мақсат — «Қазақстан барысы» атану.»