– Қалдыбек аға, елге оралғаныңызға біраз болды. Туған жерге келіп не көрдіңіз? Нені білдіңіз, көкейге түйгеніңіз қайсы?
– Алматыда 30 жыл, 2 күн тұрыппын. Әрине, осы жылдар аралығында туған жерден қол үзіп кеттім дей алмаймын, келіп-кетіп жүрдім. Бірақ, түбегейлі оралғаныма бір жыл, бір күн болды. Менің бір байқағаным, түйсігіме түйгенім өнер адамдары осы күні «қарашаңырақ» деген ұғымды ұмытқан. «Қарашаңырақ» деген ұғымды тек әдеби шығармалардан ғана оқып білетін дәрежеге жеткенбіз. Осы бір олқылықтың орнын толтыру мақсатында, ауылдан, әке-шешем тұрған үйдің орнына жаңа үйдің іргетасын қалап, қара шаңыраққа ие болғым келеді. Қарап отырсам Құрманәлі әулетінен Ұлттық Ғылым академиясының 1 академигі, 2 ғылым докторы, 1 ғылым кандидаты, 1 полковник, тағы басқалары шықты деп мақтанғанда алдымызға жан салмайды екенбіз. Ауылға келгенде ағайынға сәлем бере барып, туыстардың үйін аралап қайтқанға мәз болып жүре беріппіз. Осы бір кемшілігімізді түзетейін деп, әкем атын суарған, анам отын жаққан шаңырақтың орнына үй салуды перзенттік парызым деп санадым.
– Сізді халық жазушысы, қоғам қайраткері, ақын Мұхтар Шахановтың қасынан жиі көретініміз бар. Рухани ағаңыз екенін өзіңіз де жиі ауызға аласыз. Айтыңызшы, сол Мұхаңның қасында қаншама жылдардан бері бірге жүріп нені үйрене алдыңыз?
– Мұхтар Шахановтай тұлғадан көп нәрсені үйрендім. Әділдікті жанын салып қорғауды, ұлтын өлердей сүюді, досқа деген адалдығын сақтай білуді ұқтым. «Бұл менің жерім! Бұл менің мемлекетім! Осы мемлекеттің иесі менмін!» деген ұғымды түйсіндім. Осылай сезіну арқылы «мемлекетімнің гүлденуі, дамуы жолында не істей алдым?» деген сұраққа жауап бере алуды үйрендім. Ондай тұлғалардың қатары көбейе берері сөзсіз.
– Ондай болса, таудың еркін өскен тағысындай болған, кешегі сал-серілердің күйін кешіп, әуенімен елге танылып, өзіне-өзі би-қожадай сезінген композитор Қалдыбек Құрманәлінің аяқ астынан мемлекеттік қызметке келуінің сыры осында жатыр екен ғой… Болмаса жасыңыз 50-ге жақындағанда шенеунік атануға не нәрсе мәжбүрледі? Шенеуніктің арзымайтын айлық жалақысы сізді қызықтырмағаны айдан анық. Сонда сіздің мемлекеттік қызметке келуіңіздің құпиясы неде?
– Елдің бәрін осы мәселе қызықтырады да тұрады. Айтайын. Мен мемлекеттік қызметке ешқашан қызыққан жан емеспін. О бастағы мақсатым да бұл емес-тін. Менде Шымкентте ОҚМПИ-да мәдениеттанудан, Түркістандағы ХҚТУ-де журналистикадан дәріс оқып, қаншама студентке бағыт-бағдар берсем деген мақсат болды. Сонымен қатар жұма намазға барып, рухани қала төрінде мұсылмандық парызымды өтесем бе деп едім…
– Содан…
– Содан… ұсыныс түсті. «Қызмет ұсынсақ, қалай болады?» деді. Мен келістім.
– Неге?
– Неге болғанда, өздеріңізге де аян біздің облыс өзге жақпен салыстырғанда БАҚ көп тіркелген өңір. Саны бар да, сапасы жоқ ақпарат құралдары да жоқ емес. Журналистер арасындағы жағдайдың шиеленісе түскенін айтпағанның өзінде елді шынайы ақпаратпен қамтамасыз етеді деген журналистер қоғамда дүрдараздыққа жол бергені жақсылықтың нышаны емес.
– Қалай ойлайсыз енді осы мәселенің барлығы шешілді ме?
– Мен облыстық ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары болып өткен жылы желтоқсанның 4-інде қызметке кірістім. Содан бері бірталай жұмыс атқардық. Ең алдымен әлеуметтік зерттеулер мен талдаулар жасадық. Неше газет бар? Олардың әрқайсысының ашылуындағы мақсаты не? Талдау жасай отырып, өзге облыстардағы жағдайды алып қарадық. Мемлекеттік тапсырыс аясында атқарылып жатқан жұмыстар қай дәрежеде? Осының барлығын анықтадық. Жасыратыны жоқ, әйелі ЖШС-нің директоры, өзі редактор, баласы газет беттеуші болып тіркеліп, үйінен шықпастан газет шығарып отырғандар да бар екен. Мұның барлығы да о баста «газет шығару-бизнес» деген теріс түсініктің қалыптасуынан болған дүние. Министрлікке тіркеліп, мемлекеттік лицензия алған соң кез-келген БАҚ-тың міндеті оқырманға шынайы ақпаратты жеткізу болса, көбісі «мен жеке кәсіпкермін, өзім білемге» салынған.
«Газет пайда табудың көзі» деген түсініктен арылып, шығармашылықты шыңдау алаңы деп қараған жағдайда ғана, оқырманның алдындағы міндеті мен парызын дұрыс түсінген кезде ғана, кез-келген ақпарат, мәселенің екі жағын ашып көрсетіп берген, бұрмаламай, редакциялық көзқарасты тықпаламай шынайы ақпарат берген кезде ғана ол басылым оқылымды болады. БАҚ саласында журналистиканың иісі мұрнына бармайтындар көбейген. «Кемшілікті тауып алып, бас салып сынай берсем, шыншылмын» деу болмаса, «сынай берсем, өзі-ақ келіп ақша ұстатып кетеді» деген оймен газет ашу арқылы баюды мақсат тұтқандар да жетерлік.
Бұл мәселенің басы ашылып, қазір облыстағы БАҚ арасындағы әріптестермен түсіністікпен, бітімгершілікте жұмыс істеуді жолға қойып отырмыз.
– Мемлекеттік қызметте отырғаныңызға 7 айдан асты. Оның 5 айын «И.О» болумен өткерудесіз. Ақыры БАҚ арасында бітімгершілікті орнатқан екенсіз, неге енді міндетін атқарушыдан гөрі басшы болмасқа? Әлде сізге сенім артылмай жатыр ма? Бәлкім тым қарапайымдылығыңыз кедергі болып жүрген болар, осы жағын ойланып көрдіңіз бе?
– Білесіз бе, өмірде қандай адамдардың бақытты екенін?
– Білмеймін…
– Өз мінезін өзгертпеген, өзгенің қайғысы мен қуанышын өз қайғы-қуанышындай қабылдайтын адам бақытты. Менің сол қатарға қосылғым келеді.
Міне, сондықтан да мен өз мінезімнен ұялатын, ақталатын жайым жоқ. Бұдан биік лауазымды қызметте отырсам да мінезімді өзгертпеген болар едім. Бұл менің адамдық болмысым. Өмірде адамдарды араласып, сыйласуға болатын немесе түкке тұрмайтындар жандар деп екіге бөлемін. Руына, жүзіне, қызметіне қарап бөлген емеспін. Мен туралы жұрттың не айтып жатқаны қызық емес. Олжас Сүлейменовтың Қадыр Мырза Әлінің аудармасындағы ғажап өлеңі бар… «Ана сүті арамдыққа суарса, сиыр сүті ала алмайды сені ақтап» деген. Анамнан осындай мінезбен туылған екенмін, Құдайдан осы мінезімнен ажырата көрме деп тілеймін.
Ал, ішкі саясат басқармасының басшысы болу мәселесіне келетін болсам…Жаңа айттым ғой, негізі о баста осы басқармаға орынбасарлық қызметті ұсынғанда шынымды айтайын, келгім келмеген. Қазір, келгеніме қуанамын. Көп нәрсені үйрендім, тәжірибе жинадым. Білетінімнен білмегенім көп екендігіне көзім жетті. А.Мырзахметовтей әкімнің командасында қызмет ету нәсібі бұйырыпты. Менің де бұрын өзгелер сияқты шенеуніктер туралы пікірім өзгеше болатын. Ал Асқар Исабекұлының командасына келгелі шенеуніктің барлығы бірдей еместігіне күн өткен сайын көз жеткізіп келемін. Дәл осы әкімнің қазіргі командасында да небір білімді, білгір, ұйымдастырушы азаматтар бар. Бастаған ісін аяғына дейін жеткізе алатын, ең бастысы ұлты мен мемлекетін ойлайтын, қазақтың қамы үшін тер төгіп жүргендерді көріп жүрмін. Мемлекеттік қызметте істеу оңай шаруа емес екен. Этикасы, жүріп-тұруы барлығы да мыңдаған адамдардың назарындасың. Сәл ғана шалыс бассаң талауға дайын шиебөрілер жетерлік. Осының барлығын сезінген, жауапкершілігі жоғары азаматтар ғана мемлекеттік қызметті атқара алады.
Рас, арасында бір қарын майды шірітетін құмалақтар да жоқ емес. Олардың ең басты қателігі заңға сүйене бермейтіндігі деп ойлаймын. Еліміздің заңдарында барлығы да көрсетіліп қойылған. Тек соны басшылыққа ала отырып жүзеге асырсаң жетіп жатыр. Көп шенеуніктің опық жейтін тұсы да осы. Заңды жетік білмеуінде.
Ал менің басқармаға басшы болуыма келсек, мендегі бар айып әзірге осы саладағы еңбек өтілімнің аздығы боп тұр. Оның үстіне «бастық бола қалайыншы» деп жанталасып жүрген жайым жоқ. Шақырды, ұсынды, өзіме тапсырылған жауапты істі атқарып жатырмын. Өзге қызмет ұсынып жатса, атқаруға дайынмын. Келгелі екі қызметкерді жұмысқа алып, екеуін жұмыстан шығарыппын. Қалған қызметкерлердің барлығы да өз орнында. Ұжыммен түсіністік орнаған. Олар мені, мен оларды түсінемін, керек кезде қолдап отырамын. Заң шеңберінен асқан емеспін.
– Дегенмен де мемлекеттік қызмет деген таңертеңнен қара кешке дейінгі тынымсыз жұмыс, айлығы да аз. Солай бола тұрса да шенеунік болуға құмар азаматтардың қатары көп. Неге? Құпиясын айтыңызшы…
– Менің бір түсінгенім, осы салада қызмет ететіндердің отбасы құндылығы әлсірейді екен. Кімге ұнасын, әйелі ерте кетіп, кеш келсе, сенбі күндері де кейде жұмысқа шықса. Немесе күйеуі үйге әлсіреп, шаршап қайтса, бала-шағасына көңіл бөлуге мұршасы болмаса. Тек жұмысты ойлай берсе… Міне, осы тұрғыдан келгенде шенеуніктердің жұмысы кісі қызығарлық емес. Бірақ, жаңа айтқандай Мұхтар ағамнан үйренгенімдей «бұл менің Мемлекетім. Оны гүлдендіру менің перзенттік парызым!» деген сезімді сезінбейінше Қазақстанның алға жылжуы да мүмкін емес. Біз балаға осыны жастайынан үйретуіміз керек. Ол үшін шенеунік болу міндет емес, әрине. Кәсіпкер, журналист, жазушы, ақын, шахтер болсын ол міндетті түрде өз кәсібінің шебері болуы тиіс.
– Бәлкім мен мемлекеттік қызметте болып көрмеген соң да шығар, әлі де болса кейбір шенеуніктерге деген көзқарасым 7 ай бұрынғы сіздің ойыңыз сияқты «жемқор, екіжүзді» дегеннен әріге асар емес. Сондықтан шығармашылық тақырыбына ойысайық. Композитор екеніңізді жақсы біледі ел. Ал журналистикаңыздан жақын-жуық азаматтар білмесе, былайғы жұрт хабарсыз. Айтыңызшы, ең алғашқы мақалаңыз немесе сұхбатыңыз не жайлы, кіммен еді?
– Менің елге композитор ретінде танылғаным рас. 29 әнім бар. Бірақ, өзгелер сияқты өз әніме өлердей ғашық болған емеспін. Әнімді тыңдамайтын жанмын. Біреулер көлікте кетіп бара жатса да өз әнін тыңдап мәз болып жүреді. Менде ондай қасиет жоқ.
– Неге?
– Егер мен солай еткен болсам, әндерімнің ырғақтарының барлығы да бір-біріне ұқсас болып кетер еді. Ал, журналистикама келетін болсам, ҚазМУ-дың журфагін 15 жыл оқыған адаммын.
– Мәссаған!
– Иә-иә… Шығып қалып, қайта құжат тапсырып, оқуға қайта түсіп оқыдым. Содан да болар дипломым қызыл! (рахаттана күлді)
– Енді сонша жыл оқысаңыз, оқу өтіп кеткен де шығар…
– Жұртқа 3-тік бағаның өзін қиналып қоятын Қожекеевтің өзі маған мемлекеттік емтиханда бес қойған!
Ал, ең алғашқы мақалам ол сұхбат еді. Сұхбатты кімнен алдың десейші?
– Кімнен?
– Мұхтар Шахановтан! Бардым, алдын ала дайындап барған сұрақтарымды қоя бастағам. «Әй, бала, сен оданда мынаны сұра. Оны қайтесің, ол қызық емес, одан да сұрақты былай қой…» деп өзі бағыттады. Айтқан сұрағын қоям, ол кісі жауап береді. Сағаттап сөйлестік. Содан, сұхбатты толық бітіріп, машинкаға басып, қатесін, үтір-нүктесіне дейін тексеріп, соңынан өзі шиырып тұрып қолын қойып берді. Аң-таң болған күйі кеттім. Газетке басылып шықты. Редакция ұжымының таңданысын былай қойғанда оқырмандардан көптеген жылы лебіздер келіп жатты. «Қоғамдағы ең өзекті, ең күрделі мәселені көтерген, журналист» деген мақтаулар естідім. Өзімде ризамын. Бір күнде жұлдыз боп шыға келдім. (Күлді).
Тағы бір мынадай да қызық болған. Амалбек Тшанов Құрылыс министрі болып тұрған кез. Редакторым құрылыс тақырыбын қомақты етіп сұрауды тапсырған болатын. Алайда, сұхбатымыз өнер тақырыбына ауып кетті. Ара-арасында құрылысқа қатысты да жауаптары болды. Газетке «Арманым басқа арнаға бет бұрды» деген сұхбат жарық көрді. Министр де риза, редактор да риза. Көп сөздің қысқасы, Амалбек Тшановтай министрдің кабинетіне журналист болып кіріп, баспасөз хатшысы болып шыққаным бар. Сөйтіп менің де арманым басқа арнаға бет бұрып кетті.
– Сіздің ұлы композитор Шәмшінің жоқтаушысы екеніңізді жақсы білеміз. Қазақ вальсінің короліне арналған іс-шаралардың басы-қасында жүретін едіңіз. Тұлғаның есімін ұлықтауға қосқан үлесіңіз аз емес. Тіпті «Шәмші» деген журнал да шығардыңыз. Білейін дегенім, сол журнал неге шықпай қалды?
– Оның себебі, о баста журналды ашудағы алға қойған мақсат-мүддемізден ауытқып бара жатқанымызға байланысты болды. Дегенмен, оқырмандардың сұрауы бойынша алдағы уақытта қайта ашу ойда бар. Алла сәтін салса, алдағы кезде қайта жарық көруі ғажап емес.
– Шыныңызды айтып, ақтарылған сұхбатыңызға рахмет. Сөз соңында айтыңызшы, қандай арманыңыз бар?
– Арман көп қой. Ең бастысы ұлттық мүдде мен мемлекеттік мүдде бір әннің шумағы мен қайырмасындай үйлесуі керек. Сонда ғана ұлт пен мемлекеттің болашағы жарқын бола отырып, мәңгілік елге айналары сөзсіз.
Сұхбаттасқан – Жәмила ЖАЙЛАУБЕКҚЫЗЫ