Баба рухына тағзым. Теріскейде түркі халқының басын қосқан Қарабура әулиеге арналып ас берілді. Созақтың киелі топырағына еліміздің түкпір-түкпірінен ғалымдар жиналып, ғылыми конференция өтті.
1997 жылы басталған игі шара биыл 17-ші рет ұйымдастырылып отыр. Әр жылы әр өңір өткізетін басқосудың биылғы тізгінін Жамбыл облысы алыпты. Екі күн қатарынан өткізілген ғылыми конференцияға бір ғана Қызылорда облысынан сексен делегат келді.
Ибрагим Әлиев, Қызылорда облысынан келген қонақ: «Жыл сайын Созаққа келіп, асқа қатысамыз. Бұл жерде жерленген тұлғалардың барлығы тәуелсіздігіміз үшін аянбай тер төкті, қан төкті. Қазақта «Өлі разы болмай, тірі байымас » деген сөз бар. Өткенімізді біліп, оны құрметтеу — әрқайсымыздың азаматтық борышымыз.»
[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=euIWx_RLzTE[/youtube]
XI-XII ғасырларда өмір сүрген Қарабура әулиені исі мұсылман қауымы құрмет тұтады. Батыс Түрік қағанатының қара шаңырағы болған қазақ даласында Қарахан мемлекеті бой көтергенде оның бекіп, нығаю жолында Қарабура өшпес із қалдырған. Мемлекет ішінде ислам дінінің орнығуы үшін Қожа Ахмет Яссауимен тізе қоса аянбай еңбек еткен абыз.
Керек десеңіз, Қожа Ахмет Яссауи өзін жерлеуді Қарабураға аманаттаған. Бұл күндері Созақтағы Қарабура әулие жерленген қорымның атағы шартарапты шарлаған. Мұнда Ақназар хан, Қоңырат Құрбан ата, сарыүйсін Белгібай қажы, тама Құлтас би, тарақты Шілмембет би, Шахасым ахун, Қожамқұл ғұлама сияқты ел құрметіне бөленген белгілі тұлғалардың денесі жатыр.
Екі күнге созылған ғылыми-конференцияның соңында баба рухына арналып, құран бағышталды, үлкен ас берілді. Әулие жерленген зияратты аралап, бір-бірімен қауышқан бауырлардың қуканышында шек болмады. Әсіресе, Маңғыстау өңірінен теріскейге арнайы келген бірқатар азаматтар дәстүрлі шараның жыл сайын белгіленген уақытта өтіп тұрғанына шүкіршілік етеді. Асқа келіп, алақан жайғандар Қазақтың ынтымақ-бірлігі ыдырамауын тілесті.
Тәуелсіздігіміздің тұрақты болуы еліміз бен жерімізден айбар күтеді. Ол айбардың атасы – жұдырықтай жұмылған бірлік, анасы-ұлттық рух. Жамбылдық делегация осы мақсатты ұстанған болатын. Қарабура асының салмағын көтеріп алған тараздық азаматтар діттеген мақсаттан шықты.