Облыстық прокуратура жанынан заңдылықты қамтамасыз ету жөніндегі Қоғамдық кеңестің құрылғанына да көп бола қойған жоқ. Дегенмен, кеңестің жұмысы жандана түскен.
Өткен аптада аталмыш кеңес «Кәсіпкерлікті қорғау бағытында қолданылған шаралар туралы» тақырыпта бас қосты.
Кеңес мүшелері алдында кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау бағытында атқарылған жұмыстар туралы облыс прокурорының аға көмекшісі Батыр Ергешов, ОҚО кәсіпкерлер палатасының бөлім басшысы Дәурен Тайыров, ҚР Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі Комитеті облыстық басқармасының аға прокуроры Қуаныш Сраилов баяндама жасады.
Баяндамашылардың мәліметіне сүйенсек облыстық прокуратура кәсіпкерлік саласындағы заңнама талаптарының бұзылуының 400-ден астам дерегін анықтаған. Осылайша шара қолданудың арқасында 283 кәсіпкердің құқықтары қорғалған. Ал заң бұзушылықтарға жол берген мемлекеттік органдардың 43 лауазым иесі тәртіптік жауапкершілікке тартылыпты.
Бизнес субъектілеріне қатысты тексеру іс-шараларын елеулі түрде азайтуға қол жеткізілген. Мысалы, 2010 жылы облыс бойынша орташа есеппен айына 2000 астам тексеру тіркелсе, 2011 жылы бұл көрсеткіш 1845-ті, 2012 жылы – 1700, 2013 жылы – 1100-ді құраған. Биыл мораторий жарияланғанға дейін бұл көрсеткіш айына 404 тексеруді құрады.
Прокурорлық қадағалаудың арқасында заңсыз жоспарланған 500 астам тексерулер іске аспай қалған.
Мәжіліс барысында баяндамашыларға қоғамдық кеңес мүшелері тарапынан көптеген сауалдар қойылды. Екі жақты келісім мен түсіністік қоғамдағы келеңсіздіктерді бірлесіп жоюға сепетігін тигізетін болады. Қоғамдық кеңс құрудағы негізгі мақсат та осы.
– Облыс прокуратурасы жанынан құрылған Заңдылықты қамтамасыз ету жөніндегі Қоғамдық Кеңестің мүшесі ретінде облыс прокуратурасының Алқа мәжілісіне, облыс прокурорының азаматтарды жеке қабылдауларына қатысып отырамыз, – дейді ОҚО Ардагерлер Кеңесінің төрағасы Жеңісбек МӘУЛЕНҚҰЛОВ. – Алқа мәжілісінің сондай бір кезекті отырысында мемлекеттік «Балапан» бағдарламасының орындалу заңдылығына жүргізілген тексерулер айтылды. Сонда байқағанымыз, «Балапан» бағдарламасына 2012 – 2013 жылдары бюджеттен 19,3 млрд теңге қаржы бөлінгенімен, жергілікті атқарушы органдар тарапынан балабақшаларды қаржыландыру тәртібі дұрыс жүргізілмеген. Соның нәтижесінде 2013 жылы тек Шымкент қаласында бюджет қаражаты тиімсіз жұмсалған. Мысалы, «Балапан» балабақшасында айына 1 балаға кеткен шығын бекітілген соммадан (18736 теңге) асып түсіп, 21877 теңгені құраған. Ал «Аружан» балабақшасында осындай шығын көлемі айына 22271 теңгеге дейін жеткен. Яғни, 23 млн теңге тиімсіз жұмсалған.
Өткен алқа мәжілісінде сондай-ақ, балаларды кезекке қою және кезектен алу тәртібінің ретке қойылмағаны да сөз болды.
Шымкент қаласы білім бөлімі қызметкерлерінің мектеп жасына толған, балаларды дер кезінде есептен шығармауының салдарынан, кезекте тұрған балалардың саны 76 мыңға жеткен. Прокурорлық тексерумен 8 мың бала есептен алыныпты. Сонда прокуратура тексеріп, заңсыздықты анықтамаса, қалалық білім бөлімі өздігінен жұмыс істемей ме деген ойға қаласың. Және осындай тексерулердің нәтижесінде 116 тұлға тәртіптік, 71 тұлға әкімшілік, 6 тұлға материалдық жауапкершіліктерге тартылған.
Қоғамдық кеңестің мүшесі ретінде Жеңісбек Мәуленқұлов осындай келеңсіз мәселелерді ортаға салып, талқылайтын прокуратура жанындағы кеңестің құрылуы өте орынды бастама екендігін атап өтті. «Мәселені қоғам болып талқыға салып, онымен ымырасыз күрескенде ғана оң нәтижеге қол арта аламыз» дейді ОҚО прокуратурасы жанынан заңсыздықты қамтамасыз ету жөніндегі Қоғамдық кеңестің мүшелері.
Мәжіліс соңында облыс прокуроры И.Иманов қоғамдық кеңес мүшелеріне мүшелік билет табыс етті.