Оңтүстік кәсіпкерлері «Қазақстан даму банкі» жасаған мониторингтің алғашқы бестігіне кіреді. Жыл сайын күнгейдің жобаларын қаржыландырып отырған банк «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингінің еншілес ұйымы.
«Қазақстан даму банкі» әлеуетті инвестициялық жобаларды кеңейту мақсатында өңір кәсіпкерлерін жиып, несие алудың жаңа талаптарымен таныстырды. Айта өтейік, биыл облыс бойынша қырыққы жуық жоба дәл осы банктің қаржыландырылуына үмітті.
Алғашқылардың бірі болып, «ШНОС» және «Стандарт цемент» компаниялары ірі жобалырын ұсынып отыр. Егер «Қазақстан даму банкі» мақұлдаса, екінші өндіріс алаңын іске қоспақ ниетте.
Абай Сарқұлов, «Қазақстан даму банкінің» басқарушы директоры: «Біз пайызы төмен, яғни 6-7 пайызбен ұзақ мерзімге несие береміз. Елбасының кәсіпкерлерге қолдау көрсетілсін деген тапсырмасын орындау мақсатында, жобаларды қаржыландырып отырмыз».
Айта өтейік, «Қазақстан даму банкі» 2001 жылы құрылған. Қазақстан экономикасының шикізаттық және инфрақұрылымдық секторларын жаңарту, дамыту бойынша ұлттық даму институты. Қызметінің негізгі бағыттары: өндірістік инфрақұрылым мен өңдеу өнеркәсібін дамыту, мемлекет экономикасына сыртқы және ішкі инвестицияларды тарту.