Қымбат болса тұрағы саяхатшы қайдан келсін…

24-016Бүгінде әлемдегі Испания, Түркия, АҚШ, Грекия, БАӘ, Таиланд сынды елдердегі ішкі жалпы өнімнің бестен бірі, кейбірінде тіпті 30 пайызы туризм саласына тиесілі екен. Өзінің саналуан табиғи комплекстері мен тарихи орындары бар Қазақстан секілді елде, соның ішінде Оңтүстік Қазақстан облысында бұл сала қаншалықты дамыған, бағасы құбылмалы келетін мұнай, металдан әлдеқайда табысы қомақты саналатын бұл бизнес көзін біздегілер тиімді іске асырып, дұрыс жолға қоя алған ба?

Көпшілік Қазақстанда демалу қымбат екенін алға тартады. Малайзияда он күн демалу үшін жол пұлын, жатын орнын, таңғы асын қосқанда 1,5 мың, Түркияда 5 жұлдызды қонақүйдегі демалыс жол ақысы, ас-суымен бір аптаға 800 АҚШ долларын құрайды. Тіпті, Малайзияда 4 жұлдызды қонақүйге күндігіне 5 мың теңге де жеткілікті көрінеді. 5 жұлдызды отельдің екі кісілік бөлмесі теңгеге шаққанда 15 мың. Хайнаньға 14 күнге 1200 доллармен саяхат жасауға болады. Сервистік қызметтің жоғары деңгейде екенін де барып-келіп жатқандар қызыға айтады. Осы жағдайды өзімізбен салыстырсақ, Шымкентті не Түркістанды тамашалауға келген шетелдік жатын орынға бір күнде 100-150 долларға шығынданады. Бұл біздегі, 4 жұлдызды қонақүйлердің құны. Шетел аспай-ақ, «Сарыағаш» шипажайына демалғымыз келсе, бір күнге ең кемінде 5-6 мың теңге төлейді екенбіз. Енді көршілеріміз Қырғызстан мен Өзбекстан қонақүйлерінің бағасын бағамдап көрейік. Мысалы, Бішкекте мықты деген қонақүйдің ба­ғасы – 205, ең төменгісі – 25 $. Ташкентте 42 мен 150 доллардың арасы. Қонақ үйлерді бөле-жарып айтып отырғанымыз, туристер мен саяхаттап барған кез келген жанға қонар орын маңызды.

Туризм саласын сараптап отыратын зерттеу компаниялары қазақстандық туризмнің болашағын зерттей келе елімізге келіп кеткен туристердің саны жылдан-жылға 16 пайызға кеміп отырғанын айтады. Себеп – туризм тұралап тұр. Қымбат баға, сервистік қызметтің тым төмендігі. Елді, өңірді жарнамалау да кенжелеп қалған. Туризмді дамытуға деп Үкіметтен бөлінген қаржының шығысы бар да кірісі жоқ.

Кірісі бірден келе қалмайды дейді білетіндер. Әйтпесе туристердің демалуына арналған нысандар салынудай-ақ салынып жатыр. Ол жерге туристер шұбырып келмей, кіріс туралы бірдеңе айтудың өзі күнә. Айтса айтқандай, оңтүстікте туристерді тартуға бағытталған неше түрлі жобалар түзіліп, нысандар салынып жатыр. Біразы бірнеше жылдан бері пайдалануға да берілген. Дегенмен Шымкент жақта пәлен деген жер бар екен деп шетелден іздеп келіп жатқан көп жанды көрмейсің. Келе қалғандары сол баяғы Қожа Ахмет Ясауиге, Арыстанбабқа барады.

Дәл қазір елімізде 1000-ға жуық туристік компания тіркеліп, әлемнің 90 елімен байланыс орнатқан. Осылардың тек 25 пайыздайы ғана елге тікелей туристер тартумен айналысады екен. Әзірге сырттан келетін саяхатшылардың үлесі елдегі туризм нарығында шешуші рөлге шыға алмай отыр. Мұны есепке алған ел үкіметі сырттан келетін туристерді арттыру мен ішкі туризмді дамыту үшін осы мақсатта жұмыс істейтін туроператорларды салықтан босатып, еркін әрі жағымды орта қалыптастырып та берген. Әзірге оң нәтиже жоқ.

Шынын айту керек, тіпті мына тұрған аты жалпақ әлемге мәшһүр Түркістан мен Отырардағы көне тарихи ескерткіштер мен өңірдегі табиғи туризмді де дамыта алмай отырмыз. Оған себеп жетіп артылады. Өткен жылы елімі­зге шетелден 40-50 мың турист келсе, соның 400-ден сәл-ақ астамы ғана Оңтүстік Қазақстан облысына ат басын тірепті. Дегенмен, бейресми мәлімет көздері өздіг­і­нен әулие аралап келетін туристер саны жы­лына 150 мыңға жуық дегенді айтады. Ішкі туризмді алсақ, өткен жылы туристік фирмалардың қызметін елімізде 160 мыңға жуық адам пайдаланса, Оңтүстік Қазақстан облысына бар­ға­ны небәрі 1500-дің төңірегінде. Статистика агент­ті­гі­не тиесілі жоғарыдағы мә­­­лі­мет­тер оңтүстік өңірінің өз мүмкіндігін толыққанды пай­­далана алмай отырғанын аңғартады.

Осыдан бірнеше жыл бұрын Қазақстанның Туризм және спорт агенттігі бүкіләлемдік туризм ұйымымен бірлесіп, сыртқы және ішкі туризмді дамытудың тиімді бағыттарын айқындап, соның бірі ретінде экологиялық туризмді атаған болатын. Туризмнің осы түріне қатысты елдегі мүмкіндігі жоғары аймақтар белгіленіп, «Жібек жолы» атауына ие болған бағыт – Алматы, Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан және Ақмола облыстарын қамтыды. Әсіресе Оңтүстік Қазақстан облысы аумағында экотуризмнің дамуына үлкен табиғи қор бар делінген болатын. Мысалға, «Тау самалы», «Сайрам-Өгем» табиғи паркі, Қазығұрт тауы, Шардара көлі мен «Ақсу-Жабағылы» қорығы секілді айрықша жұмақ мекендер шетелдегі кез келген танымал табиғи комплекстермен тайталаса алатыны белгілі. Дегенмен сол бас-тама түбінде аяқсыз қалды. Қызмет көрсету сапасының төмендігі мен жарнаманың аздығынан аталмыш орындарға шетелдік туристер түгілі еліміздің тұрғындары да аса көп қызығушылық танытпай отыр. Бір сөзбен айтқанда келгісі келмейді.

Айтса айтқандай-ақ, қызмет көрсету сапасының төмен екені рас. Тіпті қонақүйлердің өзі қарапайым қызмет түрін ұсына алмай қонақтардың алдында ұятты күйде қалатын кездеріміз аз болмайды. Сосын көрсететін қызметтері удай қымбат. Мәселен, ашылғанына бір-екі жыл болған «Тау самалы» демалыс аймағындағы қонақүйді жалдаудың бір күндік құны 20-30 мың теңгеден асып кететінін естіп, жағамызды ұстадық. Одан қалса жейтін ас-ауқаттың қымбаттығын қоссаңыз тек бай-бағландар мен шен-шекпенділерден өзге қарапайым халықтың бұл жерде тынығуға шамасының жетпейтінін көресіз. Көресіз де көңіліңіз қалады. Сосын арзан жер іздей бастайсыз.

Түйін:

Бізге керегі елдегі туризм саласының қарқынды дамуы. Түркия мен Испаниядағыдай 50-60 млн турист келмесе де 4-5 миллион қыдырымпаздың өзі ел қоржынына әжептеуір ақша салып кетері сөзсіз. Мұншама адам келу үшін жағымды атмосфера мен көрікті жерлердің кең көлемді насихаты қажет. Мұны жасауға келгенде әзірге сылбыр қимылдау-дамыз. Мемлекет бұл іске шындап кіріспейінше саланың оңала қоюы да екіталай секілді.

Дәурен ӘБДІРАМАНОВ