Мамыр айының соңында күнгейде қызылша дерті қаптады. Алдымен балалардың арасында тарала бастаған ауру кейіннен ересектер арасында да өрши түсті. Облыстық жұқпалы аурулар ауруханасына дене қызуымен шағым айтып түскендердің қатары айтарлықтай көп болды. Дәрігерлер эпидемиологиялық ахуал жарияламаса да, дерттің дендеп кеткенін жасыра алмады. Тіпті Ішкі істер мектебінің оншақты сарбазы да қызылшамен ауырып, білім ордасы карантинге жабылды. Енді аталған аурудың таралу себебі мен емі туралы айтайық.
Оңтүстікке қызылша солтүстіктен келген деген болжам айтты дәрігерлер. Бұлай деудің негізі сәуір айында Солтүстік Қазақстан облысында қызылша індеті шығып, ондағылардың біразы ауырған-ды. Тіпті өңірге эпидемиологиялық ахуал жариялап, жаппай қызылшаға қарсы егу жасалды. Солтүстіктегі туыстарына барып, дерт жұқтырып келгендер ауруды бізге алып келді. Дәрігерлердің дерегінше сол өңірде қонақта болғандар ауа тамшылары арқылы қызылшаны таратып үлгерген.
Қызылша – ауа тамшыларымен таралатын жұқпалы ауру. Ол аурумен балалар жиі ауырады, кейде ересектер арасында кездесіп, ауыр түрде өтеді. Көп адамдар қызылшаның бастапқы кезеңін тұмау, жедел респираторлық вирустық індет деп біліп, өздігінше ем қабылдай бастайды. Ал бөртпе шыққан кезеңде аллергиялық аурулармен жиі шатастырады. Қызылша ауруын морбилливирус деген вирус қоздырады. Адам ағзасына түскен соң ең алдымен шырышты қабатты яғни көз, мұрын, ауыз қуысы мен тамақты зақымдайды. Сосын тері қабатына өтеді. Ал науқас жөтелгенде, түшкіргенде, сөйлегенде өзгелерге ауа арқылы жұқтырады. Бұрын қызылшаға қарсы екпе алғандар да ауырып жатыр дегенді еститін едік, дәрігерлерден жөн сұрағанымызда бұл тұжырымды да растады. Мұның бірінші себебі адамның иммунитеті әлсіреп, әбден қажыған кезде ауруға қарсы тұра алмайтын дәрежеге жетеді екен. Ал екіншісі кезінде алған вакцинаның сапасы нашар. Дұрысы тиісті әдістер бойынша сақталмаған. 90 жылдары елде жарықтың болмауына байланысты вакцина сақтайтын мұздатқыштар жұмыс жасаған жоқ. Соның салдарынан екпе алғандарға да дәрінің әсері болмаған деген ой түйді. Себебі дәл сол жылдары екпе алған жасөспірімдер шетінен қызылшамен ауыра бастады. Бұл жағдай Абай ауданына өткен Ақжар ауылында тіркелген-ді. Қазір ошақ ауыздықталып, науқастар толығымен құлан таза айығып кетті.
Зарипа ОСПАНОВА, Облыстық жұқпалы аурулар ауруханасының дәрігер-инфеккционисті, бас дәрігердің емдеу ісі бойынша орынбасары:
– Қызылша дерті мамыр айының соңында өрши түскені рас. Күн сайын 3-4 науқас келіп, түседі. Олардың барлығы да оқшауланған түрде ем қабылдап, жазылғанша біздің бақылауымызда болады. Көбіне кеш келіп жатады. Яғни ауру әбден өршіген кезде. Мұндайда науқастардың тез айығып кетуі де қиын. Қызылшаның міндетті түрдегі белгісінің бірі – дақты-папулезді бөртпелер. Ол аурудың 3-4-ші күні шығады. Аурудың клиникалық белгілері науқас адаммен қарым-қатынаста болған күннен бастап 7-13 күн аралығында көрініс бере бастайды. Бұл кезеңді инкубациялық, яғни жасырын кезең деп атайды. Одан кейін аурудың белгілері айқын білінеді. Ол үш кезеңнен тұрады: бастапқы кезеңі 3-5 күн, бөртпе шығу-3 күн, дақтану- 2 аптаға дейін созылады.
Енді аурудың негізгі белгілері жайында айтайық. Қызылшаның бастапқы кезеңінде науқастың дене қызуы көтеріліп, мұрнынан су ағады. Сонымен қатар көзі іріңдеп (коньюнктивит), қатты жөтел дамуы мүмкін. Ұрттың ішін, қызыл иекті ақ дақ басады. Кішкентай балаларда іштің өтуі мүмкін. Ересек адамдар құсады, мұрыннан қан кету және іші ауруы мүмкін. Ал бөртпе шығу кезеңінде дене қызуы өте жоғары болады. Науқас сандырақтап, есінен адасуы да мүмкін. Мұндайда дереу жедел жәрдем шақырту керек. Кейбір адамдарда жеңіл өтуі мүмкін. Мәселен, денесіндегі бөртпелер бір дегеннен нышан білдірмейді. Кезек-кезек 1-ші күні бетіне, мойнына, 2-ші күні – денесіне, 3-ші күні аяқ – қолдарына шығады. Бөртпелердің кезек бойынша шығуы – қызылшаның маңызды диагностикалық көрінісі болып табылады. 3-4 күннен бастап бөртпелер қоңырланады, сонан соң дақтар қалады, дене қызуы басталады. Дақтар 1-2 апта бойы сақталады. Маңыздысы оны қасымау керек. Дуылдап қышиды. Ал беті аршылған бөртпенің жазылуы да қиын. Өздігінен ем қабылдауға, жуынуға болмайды. Тек ежелгі ырым бойынша қызыл төсекке жатып, қызыл жейде киюге болады. Қызыл-қызылды алады деген ырым бар. Дәл осы әдіс те ауруды жеңілдеткені дәрігерлердің тәжірибесінде де кездескен.
Ақмарал Алтынбекқызы
Біле жүріңіз:
Егу жүргізілмеген адамдарда қызылша ауыр өтеді, егер олар уақытында емделмесе асқынулар болуы мүмкін. Бұрын егу алып, иммунитетінің әлсіреуіне байланысты ауырған адамда дерт жеңіл өтеді.
Егер науқастарда асқыну болмаса, онда арнайы ем жүргізудің қажеті жоқ. Ал дұрыс емделмей, дене қызуы қайта көтерілген науқаста отит, пневмония, ларинготрахеит, энцефалит, менингит сияқты асқынулар дамуы мүмкін.
Қызылшамен ауырған баланың бөртпесіне бриллиант көгін (зеленка), калий перманганаты (қызыл дәрі) ерітіндісін жағуға болмайды!
Бөртпені өздігіңізден аллергия екен деп ойлап, антигистаминді (аллергияға қарсы) дәрілер бермеңіз!
Қызылша-жұқпалы ауру. Баланы дәрігерге алып бармаңыз. Ауа арқылы өзгелерге жұқтыратындықтан, дәрігерді үйге шақыртыңыз. Санитар мамандар үйді әбден залалсыздандыру керектігін де ұмытпаңыз.