Үміт апай медальді болды

Үміт Есболаева
Үміт Есболаева
Үміт Есболаева

Сайрам аудандық орталық кітапханалар жүйесінің директоры Үміт Есболаеваның есімі аудан тұрғындарына етене таныс. Осы салада 35 жылға жуық уақыттан бері үзіліссіз қызмет етіп жүрген Үміт Әбітқызының еселі еңбегі аз емес. Осыдан 6-7 жыл бұрын жабылып қалған кітапханаларды қайта ашуға, олардың қызметкерлерінің штаттық бірлік мөлшерін арттыруға өз үлесін қосқан жандардың бірі осы Ү.Есболаева болатын.

1978 жылы Жетісайдағы мәдени-ағарту техникумының кітапхана бөлімін бітірген жас маман ретінде Үміт Есболаева бірден ауылдағы кітапханаға жол тартады. Осында еңбек ете жүріп, білімін шыңдай түсуді де ұмытпайды. Шымкенттегі М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің кітапханатану және библиография бөлімін тәмамдаған талапшыл маман алдымен балалар кітапханасын басқарса, уақыт өте келе Сайрам АОКЖ-нің директоры болып тағайындалды. Осы мекемедегі еңбек жолында Үміт Әбітқызы аудан кітапханаларына, оның қызметкерлеріне әдістемелік, практикалық көмек көрсетіп келеді. Қызметкерлерден жұмысты талап ете біледі. Ұйымдастыру қабілеті басым, көп жылдық еңбегінің нәтижесінде өз жұмысын жетік меңгеріп алған.

Үміт Әбітқызы ауданда өтіп жатқан көпшілік жұмыстарын ұйымдастырушы, мәдени-ағарту жұмыстарын қалпына келтіруші, әдебиеттерді сала-сала бойынша насихаттаушы. Алдағы уақытта аудандық орталық кітапхананы компьютерлендіруге (модернизациялауға) атсалысуда.

Облыстық Мәдениет басқармасы тарапынан түрлі марапаттауларға ие болып жүрген Үміт Есболаеваның жақында мерейі тағы да үстем болды. Ол ҚР Мәдениет Министрлігінің «Мәдениет саласының үздігі» атты медалімен марапатталды.