Ел аумағында Ұлттық бірыңғай тестілеу жалғасып жатыр. Қаламыздағы Мардан Сапарбаев атындағы институттағы №742 бекетте 871 оқушы білім сынағын тапсырды. Таңғы сағат 9:30-ға дейін аудиторияға тараған талапкерлерге тест сұрақтарына жауап беруі үшін 3,5 сағат уақыт берілген. Айта кетейік, Шымкентте қазіргі уақытта 3 бірдей тест тапсыру бекеті жұмыс жасап тұр. Түлектер ұлттық жоғарғы оқу орнына түсуі үшін 70 балл, ақылы бөлім үшін 50 балдан жоғары жинауы керек.
Таңсәріден ығы-жығы, у-шу басталып кетті. Алдымен оқушылар біртіндеп металл өткізбейтін қондырғалардан тексеруден өтті. Ұялы байланыс құралымен ұсталғандар көмек құралдары мен қағаздарын кері қайтарды
[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=5_nv2tvDuQ8[/youtube]
Феруза Қуашбекова, талапкер: «Бүгін көптен күткен ҰБТ тапсырайын деп жатырмыз. Мен Сайрам ауданындағы, №7 мектептің түлегімін. Үлкен қобалжу бар, жүрегім дүрсілдеп соғып тұр. Енді сәттілікке сенемін! Алладан ҰБТ-дан өтіп кетсем екен деп тілеймін. Таңдау пәнім — биология. Психология немесе биотехнология саласына оқуға түссем деген ниеттемін.»
Талапкерлердің қобалжуы тест барысында кері әсерін тигізбей қойған жоқ. Тіпті, түлектер арасында қатты уайымның салдарынан есінен танып құлағандар да болды. №742 тестілеу бекетінің мемлекеттік комиссия мүшелері бұл келеңсіз жағдай ата-аналар мен мектеп ұстаздарының психологиялық дайындыққа дұрыс қарамауынан деп отыр. Бақылаушы тарап алдағы тестке қатысушылар осы мәселені құнттауы қажет екенін кесіп айтты. Комиссия мүшелерінің шешімімен олар келесі күні тестке қатысуға мүмкіндік алды.
Рауза Архабаева, №742 ҰБТ өткізу бекетінің мемлекеттік комиссия мүшесі: «Барлық аудиторияларда салқындатқыш орнатылған. Бейнекамералар жұмыс жасап жатыр, жалпы, мынау ұялы телефондарды тұншықтырғыш деп жатамыз ғой, олардың барлығы іске қосылған.»
Түлектерге берілген үш жарым сағат аяқталуға шақ қалғанда жылдамдық танытып, аудиториядан шығып жатқан оқушылар да болды. Бірі алып ұшып, қуанышы қойнын сыймай шықса, екіншісінің көңілі су сепкендей басылған.
Бекболат Құлматов, талапкер: «Мектепте дайындалып жүрген сұрақтар келді, басқаша біреулер айтқандай, күрделі сұрақтар жоқ. Бәрі ойдағыдай, 100 балл жинаймын деп ойлаймын. Таңдау пәнім — биология, сондықтан, білім грантын жеңіп аламын деп ойлаймын.»
Айта кетейік, ОҚО бойынша биыл 19 мыңға жуық шәкірт тест тапсырады. Бұл түлектер санының 69 пайызын құрайды. Еліміз бойынша 16 сынақ тапсыратын бекеттің үшеуі — Шымкентте. Қазір сынақ өрбіп жатқан ғимарат жанында полиция, жедел-жәрдем және өрт сөндірушілер кезекшілікте тұр. Биыл ҰБТ ағымдағы жылдың 9-маусымына дейін жалғасады.