Азық-түлік саудалауда өз құқығыңызды біліңіз. Облыстық тұтынушылардың құқығын қорғау департаменті өңірдің әрбір тұрғынына осындай кеңес береді. Өйткені, базарлардағы көптеген жеміс-жидек пен азық-түліктің құрамында адам денсаулығына зиянды нитрат пен химиялық қосындылардың мөлшері екі есеге артып кеткені байқалған.
Кәсіпкерлікті қолдау мақсатында жарияланған мараторийдің кесірінен кәсіпкерлерді тексере алмай отырған департамент басшылығы енді әрбір алған азық-түлігіңізді сауда орындарындағы арнайы зертханалардан ТЕГІН тексертіп алуға болатынын айтады.
Құқығыңыз бұзылды деп санасаңыз 39-02-60 сенім телефонына хабарласыңыз.
Айта өткен жөн, облыста 60-қа жуық базар бар. Онда 37 зертхана жұмыс істейді.
Мәрияш Сейталиева, облыстық тұтынушылардың құқығын қорғау департаментінің бөлім басшысы: «Санитарлық талаптарға сай келмеген кез келген өнімді тұтынушы сатушыға қайтаруға толықтай құқылы. Ал оны сатушы алуға міндетті. Сондықтан, базардағы өнімдерді сатып аларда өз құқығыңызды біліңіз».
Аталған департамент жетекшілігі мамыр айынан бастап осы сынды 46 акция ұйымдастырыпты. Осы шаралар барысында 2025 тағам өнімі алынып, тексерілген. Оның 379-ы сүт өнімдері. 1432-сі бақша өнімдері мен жеміс-жидектер. 214-і басқа тағамдар (бал, сүт өнімдері, нан өімдері және т.б). Алынған 2025 тағамның 85-і техникалық регламенттің талаптарына сай келмеген. Атап айтсақ, сүт өнімдерінің төртеуі қышқылдылығы бойынша сәйкес келмеген, жеміс-жидектерде нитрат бойынша сай келмеген.