Бәраат түні

24-018Биылғы жылдың маусым айының 12-нен 13-не қараған кеш – Бәраат кеші деп аталады. Бұл Алланың рақымы молынан төгілер түнге жатады.

Бұл түннің ерекше қасиеті көп. Бір ғана мысал -осы түні барлық адамның бір жылдық ризығы бөлінеді. Сондықтан Бәраат түнін ғибадатпен, тақуалықпен өткізген абзал.

Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Шағбанның он бесінші түні болғанда түнін ғибадатпен, күндізін оразамен өткізіңдер. Ол түні Алла тағала былай дейді: «Кешірілгісі келетін адам жоқ па, күнәларын кешірейін? Ризық сұрайтын адам жоқ па, ризық берейін? Дертке дауа іздеген адам жоқ па, денсаулық берейін? Кім не қаласа берейін». Бұл жағдай таң атқанға дейін жалғасады».

Бір хадисте былай делінген: «Сондай-ақ бес түн бар. Алла тағала осы аталмыш түндерде өзі үшін мінәжат етілген дұғаларды шәк-шүбәсіз қабыл етеді: Ережептің алғашқы түні, Шағбанның 15-ші түні, Жұма түні, Ораза және Құрбан айттардың түндері».

Сонымен қатар бұл түн періштелерге берілген екі мерекенің бірі. Дінтанушы Мұхамеджан Естеміров: – Жер бетінде мұсылмандардың екі мерекесі бар. Ол Ораза айт мейрамы мен Құрбан айт мейрамы. Міне, осы секілді көктегі періштелердің де екі мерекесі бар екен. Ол «Бәраат» түні мен «Қадір» түні. Сондықтан бұл түнге «Періштелер мейрамы» деген есім берілген, – дейді.

Бұл түннің тағы бір артықшылығы бір жылдық күнадан арылуға болатындығында. «Шағбан айының он бесінші түні (Бәраат) бір жылдық күнәні, Жұма түні бір апталық күнәні, Қадір түні өмір бойғы күнәларды өшіреді», – деген Субки (р.а.) тәпсір кітабында.

Бұл түнді құлшылықпен өткізгендер шексіз сауапқа кенелері сөзсіз. Тек төменде айтылатын алты түрлі күнәсі барлар бұл сауаптан кенде қалуы мүмкін. Олар: Әрдайым арақ-шарап ішетіндер; Әке-шешесін қапа қылғандар; Зинақорлыққа барғандар; Әдейіліп сауда-саттықтың бағасын көтеретін суайттар; Сурет салғандар; Екі кісінің арасына сөз таситын өсекшілер.

Сондықтан аталмыш күнәлардан аулақ жүргеніміз абзал. Алла Тағала осындай қасиетті түндерді құлшылықпен өткізіп, күнәларымыздан тазаруды баршамызға нәсіп еткей!