Қауіпті дерттерге қарсы екпе егу жұмыстары әлемдік тәжірибеге енген. Соған орай сәби өмірге келген сәттен бастап белгілі мерзім ішінде түрлі аурулардың алдын алу, жұқпалы дерттерден сақтануды қамтамасыз ету үшін иммундау шаралары дәстүрлі түрде қолға алынды. Оның пайдасы мен қажеттілігі туралы түсіндірме жұмыстары әлі де жүргізіліп келеді. Бірақ, ел арасында екпеге деген үрей сейілер емес. Басым көпшілігі салынған екпеден соң адам ағзасы өзгеріске ұшырап, тіпті дерт қозады дегенді алға тартады. Ал шын мәнінде қалай?
Вакцина – жұқпаны жоюға бағытталған препарат. Ол микроорганизмдерден жасалынады. Бүгінде республика бойынша дерттің 20-дан астам түріне вакцинациялау жұмыстары жүргізіліп келеді. Дәрігерлердің айтуынша, екпе салынған соң қауіпті дерттерге шалдыққандар саны азаяды. Бірақ ел арасында иммунизациялауға қарсылық танытатындар әлі де бар. «Кезінде ата-бабамыз екпесіз-ақ ұзақ ғұмыр жасаған» деген пікірдің жетегінде кеткен кейбір ата-ана бауыр еті баласына вакцина салдыруға қарсылық білдіруде. Себебі оларда екпе салдырған бала жағдайы нашарлап, ауру болып қалады деген ұғым қалыптасқан. Қоғамда пайда болған сан қилы теріс пікірлерден соң кей ата-ана «екпесіз де өмір сүруге болады» деген тоқтамға келеді. Бірақ бұрынғы мен бүгінгі ахуалды салыстыруға келмейтінін естен шығармаған абзал.
Жұмағұл МЕДЕТОВ, ҚРТҚҚА ОҚО Тұтынушылардың құқығын қорғау департаменті басшысының орынбасары:
– Жасыратыны жоқ, кейбір ата-ана екпені салдыруға қарсылық білдіріп жатады. Оған вакцина салдырғаннан кейін баланың мазасыздануы себеп болып отыр екен. Осы ретте айта кетейін, екпенің адам ағзасына тигізер әсері әрқалай. Әсіресе дифтерияға қарсы екпеден кейін кейбір баланың қызуы көтерілсе, біреуінің мазасы қашады. Осыдан кейін ата-ана үрейленіп, аурудың өзге түріне қарсы вакцина салдырудан түбегейлі бас тартып жатады. Ата-аналарға кеңес ретінде айтарым, жоғарыда атап өткен белгілердің бәрі адам организмінің жергілікті реакция-ны қабылдауына байланысты. Кей балада екпеге қарсы реакция болуы мүмкін. Бірақ олар қауіпті емес.
Оңтүстік Қазақстан облысында жалпы иммунизациялауға үгіт-насихаттық жұмыстар қарқынды жүргізілуде. Нәтиже жаман емес. Бүгінгі таңда Оңтүстік Қазақстан облысында аурудың 17 түріне қарсы вакцина салынуда. Екпе ақысыз жүргізіледі. Егер сіз жаңадан қоныс аударған немесе белгілі бір аймаққа қонаққа келген болсаңыз да тегін вакцина салдыруға құқыңыз бар. Екпенің еш зияны жоқ.
Рас, екпе салдырғаннан соң кей жандардың тағдыры өкінерлік оқиғаға ұласып жатқанын естіп жүрміз. Бірақ оның бәрі бір вакцинациямен байланысты деу де қателік. Өйткені иммунизациялаудың қажеттілігі болмаса ол қолданысқа енбес еді. Сондай-ақ бұл жұмыстарға қыруар қаржы бөліп, шығындалу мемлекет үшін де тиімсіз екенін ұмытпаған дұрыс. Оның үстіне кезінде әлем үшін қауіпті дертке айналған табиғи оспа, оба мен шешек те дертке қарсы салынған вакцинаның арқасында жойылды.
Елімізде иммундау шаралары баланың жарық дүние есігін ашқан сәтінен бастап 6 жасқа толғанға дейін кестеге сай жүргізіледі. Ата-анасының рұқсатынсыз балаға екпе салу заңға қайшы. Егер ата-ана қарсы болса, тілхат жазып, одан бас тарта алады.
Түйін:
Екпеге қатысты теріс пікір бірнеше жылдан бері көтеріліп келеді. Бірақ оған әлі нүкте қойылған жоқ. Мемлекет екпе егуге деген насихаттық жұмысын әлі де жалғастыруда. Өйткені халық денсаулығы – ұлт байлығы. Ал халық өз денсаулығына салғырттық танытпауы қажет. Сонда ғана дені сау ұрпақ қалыптасады.
Жансая ТӘУЕКЕЛҚЫЗЫ
Айтпақшы…
2009 жылғы 30 желтоқсанда ҚР Үкіметі «Қарсы профилактикалық егу жүргізілетін аурулардың тізбесін, оларды жүргізу ережесін және халықтың жоспарлы егілуге жатқызылатын топтарын бекіту туралы» №2295 қаулыны қабылдады. Инфекциялық және паразиттік ауруларға қарсы профилактикалық егулер республикалық және жергілікті бюджет қаражаты есебінен қамтамасыз етіледі.
* * *
2012-2016 жылдарға арналған вакцинациялау бағдарламасына 51 млрд теңге қаралған.
* * *
Соңғы 20 жылда қызылшаға шалдыққандар саны 59 есеге, эпидемиологиялық паротит дертімен тіркелген қазақстандықтар 160 есеге азайған. «В» вирустық гепатиті балалар арасында 52 есеге, ересектер арасында 24 есеге төмендеген.