«Карданвалдың» жұмысы қайта жанданды

Шымкенттегі «Карданвал» автомобиль және трактор жабдықтарын шығаратын өндіріс орны қайта іске қосылды.

карданвал

50 жыл бойы бүкіл Орталық Азия мен ТМД елдері бойынша жалғыз өзі карданды білік және айқастырушы құрылғы шығарып отырған зауыттан тоқырау заманында маза кетіп, ақыр аяғы тоқтап қалған болатын. Енді, міне, тұралап қалған кәсіпорынның тамырына қан жүгіріп, өнімдерін экспортқа шығаратын болды.

Кәсіпорынға көмек қолын созған — облыстық кәсіпкерлер палатасы. Мәселені республикалық дәрежеге дейін қаузаған мамандар Белорусь елімен екі арада келіссөздің жасалуына мұрындық болыпты. Бұл дегені, жыл сайын «Карданвал» АҚ Белоруссияның Гродно қаласындағы «Минск трактор зауыты» республикалық унитарлық кәсіпорнына 40 мың карданды білік жеткізетін болады. Келешекте бұл тапсырысты 90 мың данаға дейін арттыру жоспарланып отыр. Бұл өнімнің құны шамамен 6 миллион АҚШ долларын құрайды. Айта кету керек, біздің Өнім Ресейге де экспортталмақ.

Дегенмен, зауыт басшылығын базарды қаптаған қытайдың тауары алаңдатады. Өйткені, мұнда шығып жатқан көлік жабдықтарының бағасынан көршілес елдің өнімінің құны екі есе арзан. Яғни, ішкі нарық оңбай тұр. Егер мемлекет тарапынан бір шешімдер қабылданбаса, өндіріс орны ашылмай жатып қайта жабылып қалуы да ғажап емес дейді зауыт директоры Жолшыбек Сиқымбаев.

Алайда, бұл мәселеде кәсіпкерлік палатасының қызметкерлері алаңдамауды сұрайды. Себебі, қазір «Карданвалдың» жұмысын даңғыл жолға салу мақсатында түрлі келіссөздер мен бағдарламалар жасалып жатыр екен. Палата өкілдері біздегі өнімнің сапасының шетелдікімен салыстырғанда екі есе мықты екеніне сенім артып отыр.

Бүгінгі таңда өндіріс орнында маман тапшылығы сезілуде. Мұнда жұмыс істеуге жастар жағы аз келеді екен. Келген күннің өзінде уақытша ғана. Қазір шағын цехта 12 адам ғана жұмыс істеп жүр. Сондықтан кәсіпорын металл ісінің токарьларын жұмыс істеуге шақырады. Ал мамандығы басқа азаматтар ниет білдіріп жатса, оларды оқытып, үйретуді де міндетіне алмақ.

Жолшыбек Сиқымбаев, «Карданвал» АҚ директоры: «Біздің өндіріс орны соңғы үш жылда тоқтап қалып еді. Жағдай мүлдем қиындап, осындағы 150 жұмыс орнына қауіп төнген. Енді Кеден одағына кіргеніміздің нәтижесінде осындай келіссөзге қол жеткізіп отырмыз. Бірақ, ішкі нарықтағы жағдайдан қауіп бар. Базарда біздің карданды білікті сатып алушылар сирек. Көпшілік Қытайдың затына құмар. Егер мемлекет шетелдің тауарын Қазақстанға кіргізбейтін бағдарламалар жасап, бір шешім қабылдамаса, біздің өндіріс орны бәсекелестікке төтеп бере алмай, қайтадан тоқтап қалуы да мүмкін.»

карданвал

карданвал