Биыл үшінші рет шымылдығын түрген «Мәдениетім — мерейім» фестивалін таяуда Төлебилік өнерпаздар жалғастырды. Шығармашылық ұжым өнерсүйер қауымға ұлтымыздың руһын асқақтатқан туындылар ұсынды. «Шәмші әлемі» гүлзарына жиналған халық, әсіресе, қолөнер бұйымдарының көрмесін тамсана тамашалады.
Тау бөктерінен келген өнерпаздар «Шәмші әлемін» әнмен әуелетіп, күймен көмкерді. Әсіресе, дәстүрлі әндер нақышында орындалып, сахнаның сәнін келтірген, мың бұралған бишілер келгендерге тамаша көңіл-күй сыйлады. Өнерлі өңірден келген шығармашылық ұжым концерттік бағдарламамен шектелмей ауданның қолөнер шеберлерінің көрмесін де ұйымдастырды. Онда қаланың тарихынан сыр шертер жәдігерлер қойылды.