«Мәдениет – мерейім» байқауы мәресіне жетті

260
Төлебилік өнерпаздар иеленген көлік

Бір ай бойы қала жұртшылығын әнмен аялап, қазақи өнермен сусындатқан «Мәдениетім – мерейім» жобасы қорытынды қойылымын ұсынды. Өңіріміздегі аудан-қалаларынан шыққан өнерпаздар жоба аясында жұртшылықты барынша жаңа қойылымдармен таңдандыруға тырысып бақты. Апта аяғында дүбірлі дода өз мәресіне жетіп, мәдениет майталмандарының жүзден жүйрігі анықталды.

Соңғы қойылым өткен концерттерден өзгеше. Себебі әр аудан-қалалар көрсеткен өнерлерінің көрермен көзайымына айналған үздіктері іріктелген. Түрлі сала қызметкерлерінен құралған сұңғыла ойлы әділқазылар жілігін шағып, мәйегін ұсынғандай ән жырдың тек жақсысын жұртшылыққа тарту етті.

[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=76oulPqrBsk[/youtube]

Облысымыздың өнерпаздары бұл гала концертті Астана күніне орай арнайы ұйымдастырып отыр. Бас қаламыздың туылған күніне Шымкенттің тартуы – осы. Салтанатты кешті әскери хор орындаған, Әли Бектаевтің сөзіне жазылған «Нұр аға» әні айшықтай түсті.

Бұл жоба тек ән-жыр сайысы емес, инновациялық жаңалықтардыңда жарысы. Тың идея ойлап табудан, әсіресе, Сарыағаш ауданының өнерпаздары ерекшеленді. «Мәдениетім – мерейім» облыстық фестивалінге жалпы саны 5 мыңға жуық адам қатысқан. Бұл сайыстың облыс мәдениетінің өркендеуіне қосар үлесі зор. Үш жыл қатарынан дәстүрге айналған жоба өңіріміздің өнерін ілгері жылжытып отыр.

Төлебилік өнерпаздар иеленген көлік
Төлебилік өнерпаздар иеленген көлік

Мамыр айының 21-і мен маусымның 27-і аралығында «Шәмші әлемі» гүлзарына жан бітірген өнерлі дода мықтыларын анықтады. Бәйдібек, Созақ, Шардара, Түлкібас аудандары арнайы жүлдеге ие болды.

Мақтааралдық өнер иелері облыс әкімінің арнайы марапатына кенелді. Үшінші орынды Түркістан, Шымкент қалаларының өкілдері місе тұтса, екінші орынды Сайрам, Сарыағаш аудандарының майталмандары өзара бөлісті. Бірінші жүлдені Отырар ауданы, Арыс қаласының өнерпаздары иемденіп, су жаңа «Нексия» автокөлігін қанжығаларына байлады. Ал жоба барысында өнердің барлық саласы бойынша саңлақ атанған Төлеби ауданының мәдениет марқасқалары биылғы фестивальдің бас жүлдесін жеңіп алды.