«Мектепте қолөнер пәні оқытылса…»

Гүлмира Бегалиева, қолөнерші

Бүгінде алаша, кілем, ши, гобелен тоқу, киіз басу өнері заман көшіне ілесе алмай, кенже қалып қойғаны жасырын емес. Алайда, арамызда ұлттық өнерді дәріптеп жүрген жандар әлі де болса бар. Сондай жанның бірі – Гүлмира Бегалиева.

Гүлмира Бегалиева, қолөнерші
Гүлмира Бегалиева, қолөнерші

 

Гүлмира – қолөнерші, тігінші, тоқымашы, суретші. Киізді, сырмақты өзі басады. Одан түрлі киім тігеді. Жіптен өрнек өріп, өзінің өрнекті ойын түрлі-түсті жіппен кестелеп ши орайды, алаша, гобелен тоқиды. Оның қолынан шыққан бұйымдардан ұлттық нақыш, ұлттық бояу, қазақы дәстүрдің ұмыт болып бара жатқан ерекше көріністері ғажайып үйлесіммен үн қатады. Жіптен өрнек өр­ген өнер иесінің түскиіздерін сатып алушылар да жетерлік. Айтуынша қазақтың қолдан жасалған заттарына шетелдіктер айрықша тамсанатын көрінеді. Жуырда жас шебер Біріккен Араб Әмірлігі Шарджа қаласында өткен XII Халықаралық қолөнершілер фестиваліне қатысып қайтыпты. Айта кетейік, дәстүрге айналған бұл фестивальге Қазақстан алғаш рет ат ізін салған. 30-дан астам ислам елдерінен 500-ге жуық ісмер қатысқан шарада жерлесіміз өзінің тың туындыларымен талайды таңғалдырып, әлем қолөнершілерінің жоғары бағасын алыпты.

Жуырда біз ата-бабамыздан мирас болып қалған ұлттық қолөнерді насихаттап, жаңғыртып жүрген жас шебер Гүлмира Секентайқызын іздеп барып, әңгімеге тартқан едік.

24-027

«Анаға қарап, қыз өсер…»

– Ұлттық өнерді бойыма дарытқан, санама құйып оны талмай үйреткен анам болатын. Ол кісі ісмер жан. Ешқашан бос отырмайтын. Бірде ши тоқып жатса, енді бірде сол шимен киіз басып жүретін. Ал мен шама-шарқым кел­ген­ше анама көмектесіп, жұмсауында жүрдім. Осылайша, ұлттық өнерді бойыма сіңіріп бойжеттік. Бала кезден үйренген өнерді есейе келе жетілдіре түстім. Анамның ақ батасымен қазіргі таңда біраз жетістіктерге жет­тім, — дейді қолөнер шебері.

Кішкентайынан анасының тұрмыстағы тір­шілігіне бо­лысып, ұлттық өнердің мәйегін бо­йына сіңіріп өскен бойжеткен бастауыш сыныптарға қолөнер пәні енгізіліп, дәріптеле басталса екен деген тілегін де жасырмады. Өрнегін қиыстырып, кесте бізін қол ермек еткен кейіпкеріміз қазір қолөнерді жастардың бойына сіңіруді өзіндік борышы деп біледі.

– Қазір ұлттық қолөнерге қызығатын жастар тым аз. Бәрі қалталы кәсіпкер, заңгер болғысы келеді. Осылайша ұлттық өнердің парқын білмейтін ұрпақтың өсіп келе жатқаны көңілге кірбің ұялатады.

Десек те, тоқудың қыр-сырын үйреніп, ата-бабамыздан мұра болып қалған ұлттық өнерді үйреніп жүр­ген жастар да жоқ емес. Алайда олардың саны саусақпен санарлық. Осы кәсіппен айналысуға ынта қойған шәкірттерімнің ішінен лайықты шебер шықса, шүкіршілік етемін,- дейді қолөнерші Гүлмира Секентайқызы.

– Менің ойымша шебердің білімі, мүмкіндігі жетілген сайын өнер де өседі. «Ұстаздан шәкірт озып жатса» нұр үстіне нұр. Мен шәкірттеріме алаша, түскиіз, гобелен тоқуды, ши орауды, киіз басуды үйретіп қана қоймаймын, оның шығу тарихын, әр өңірдің ерекшеліктеріне назар аудартамын. Осының бәрін ескере отырып, әрбір дүниеге өзіндік қолтаңба енгізіп, қайталанбас туынды шығару керек екенін айтудан жалықпаймын.

24-026

Рухани демеушілер

– Менің өнерімнің өр­кен­деуіне ұлттық өнерге жаны ашитын аза­маттар да қолынан келгенше демеуші­лік танытып жатыр. Сондай жандардың бірі — Оңалбай Аяшев. Ол кісі менің ұлттық үлгідегі туындыларымды ұна­тып, өзінің жақсы бағасын берді. Маған рухани демеуші бола білді. Оңалбай аға, ұлттық өнердің парқын білетін жан. Сондықтан да болар қазақтың қолөнерін насихаттау мақсатында ОҚМПИ базасы негізінде «Сәндік өнер» орталығын ашып, мені сонда жұмысқа шақырды. Қазір осы орталықтың жетекшісімін. Бойында талабы, өнерге деген ынтасы бар студенттер осында білім алып, ұлттық өнердің қыр-сырын меңгеруде.

Ойы ұшқыр, көңілі сергек өнер жанашырының арман тілектері де көп. Соның бірі халықтың ғасырлар бойы қалыптасқан бай мәдениеті мен мол мұрасы мәңгілік өшпесе екен дейді.

Айжан ЕРМЕКҚЫЗЫ

Суреттерді түсірген – Әйгерім БЕГІМБЕТ