Ауылшаруашылығы өнімдерін тиеп, Астанаға аттанған Оңтүстіктің керуені діттеген жерге жетті. Онда Астананың орталық алаңына жайғасып, базар бағасынан әлдеқайда төмен бағамен азық-түлік, көкөністерді саудалады. Жәрмеңкеге астаналықтар көптеп жиналды.

Қызанақ, қияр, болгар бұрышы, картоп – мұнда осының бәрі бар. Астана жұрты таңмен таласа қырыққабатты қаптап, қара өрік пен шиені жәшігімен әкетіп жатыр. Тіпті еліміздің оңтүстігінде ғана өсірілетін күркетауық еті де жәрмеңкеден табылды. Шырайлы өңірден елордаға 200 тоннадан астам көкөніс, бақша өнімдері жеткізілді.

Жалпы мұндағы баға қала нарығынан 25 пайызға арзан. Биылғы өнімін алып үлгерген өңірден 53 тонна көкөніс, 8 тонна жидек, 75 тонна бақша өнімдері жеткізілді.

Шұхрат Құрманалиев, Сайрам ауданының тұрғыны: «Таңертең сағат 6-дан бастадық. Өтімділігі жақсы, 20 тонна бақша өнімінің 350  кг ғана қалды. Халық риза болып жатыр. Астана жұрты жәрмеңкені шырайлы Шымкенттің бас қалаға жасаған сыйы деп бағалады. Ауылшаруашылық жәрмеңкесінен құр қол қайтқан адам болмады».

Еліміздің оңтүстік өңірі барлық аймақты бау-бақша өнімдерімен қамтамасыз етіп отыр. Бұл ғана емес, Шымкенттің көкөнісі Ресей, Беларусь елдерімен қатар Еуропаның бірнеше қаласына экспортталады. Қазірде облыста 800 мың тонна көкөніс өсірілсе, бұл күнгейдегі халықтың қажеттілігінен 2 есеге артық.

Берік Оспанов, облыс әкімінің бірінші орынбасары: » ОҚО-да 2013 жылы 2 миллион 200 мың тонна жеміс бақша өнімдері шығарылған болатын. Соңғы 3-4 жыл ішінде 2,5 есеге артып, өнімдеріміз тіпті шетелге экспортқа шығарылып жатыр. Биылдың өзінде бір ғана Мақтаарал ауданынан 80 мың тонна бақша өнімдерін алып, сатып үлгеріппіз.