Шымкент жасыл желекке оранады

Шымкент қалалық сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы  Нұрлан Архабаев
Шымкент қалалық сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Нұрлан Архабаев

Шымкент ― сәулетті қала. Тарихқа тұнып тұр. Астана, Алматыдан кейінгі Қазақстанның үшінші қаласы. Халқының саны бір миллионға жетерлік қаланың көркі бүгінгісінен де көркем болады. Елбасы Н. Ә.Назарбаев Шымкентке келген жұмыс сапарының бірінде осылай деген еді. Осы орайда Шымқаланы абаттандыру, көркейту, жаңғырту жұмыстары өз дәрежесінде жүргізіліп жатыр ма? Көпқабатты тұрғын үйлердің сәулеттік келбетін жақсарту бағытында қандай жұмыстар жасалуда? Соңғы жылдың көлемiнде салынып, пайдалануға берiлген нысандар талапқа сай келеді ме деген сұрақтарға жауап алу үшін Шымкент қалалық сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Нұрлан Архабаевқа жолыққан едік.

– Нұрлан Төлепбергенұлы, сіз бүтін бір шаһардың сәулеті мен құрылыс жұмыстарына жауаптысыз. Осы орайда әңгімемізді Шым­шаһардың бас жоспарынан бастасақ. 

– 2015 жылға дейін 600 мың тұрғын­ды қамтуы тиіс 2004 жылғы бас жоспар өз міндетін атқара алған жоқ. Өйткені белгі­ленген межедегі халықтың саны ойдағыдан асып түсті. Осы ретте Шымкенттің бас жоспарына көптеген өзгерістер енгізіліп, 2012 жылы жаңа бас жоспар бекітілді. Айта кетейін, бұрынғы бас жоспар 40 мың гектар аумақты құраса, жаңа жоба бойынша қаланың шекарасы 117 мың гектарға ұлғайды. Яғни, қалаға іргелес жат­қан Сайрам, Ордабасы, Төлеби аудандарының 40 елді мекені қала құрамына қосылды. Бас жоспар бойынша 2015 жылы қа­ла халқы 1 млн тұрғынмен қамтылса, ек­ін­ші кезеңде 2025 жылы 1 млн 200 мың адам­ды құрайды деп болжанған. Демек, елі­мізде ірі мегаполистердің бірі деуге тұрар­лық Шымкентті осы бағытта дамыту басты мәселе болып табылады.

– Жылдан жылға қаланың келбеті өзгеріп, көркейіп келеді. Десекте алдағы уақытта қаланың мәдени келбетін одан әрі дамыту бағытында жалпы қандай жұмыстар жүргізілмек?

– Шымкент қаласының келешегі жолында атқарылатын жұмыстың бәрі бас жоспарға сәйкес дамиды. Осы ретте, бүгінгі таңда қаланың келбетін өзгерту бағытында бірқатар шаралар қолға алынған. Атап айтар болсақ, қала орталығы шаһардың солтүстік бөлігіне қарай ойысып, бүгінгі таңда мұнда әкімшілік іскерлік орталығының құрылысы қарқынды жүргізілуде. Сөйтіп мұнда, облыстық әкімдік, мәслихат пен басқарма­лар, рекреациялық аймақтар, жаңа көпқа­батты тұрғын үйлер, сондай-ақ 1200 оқу­шы­ға арналған төрт мектеп салынбақ. Сонымен қатар, орыс драма театры, облыстық кон­гресс-холл, 5 мың орынды мешіт, об­лыс­тық сот ғимараты, 500 орынды емхана, Ә.Жүсіпова атындағы көр­кем гимнастика мектебін салу да жоспарланып отыр. Соны­мен қа­тар инвесторлар­дың есе­бінен 12 қабат­ты үш үйдің құры­лысы басталады. Жеке кәсіпкер 5-6 мың ор­ынды мешіт салуды қолға алып отыр. Келешекте аумағы 900 мың шаршы метр болатын тұрғын үйлер бой көтереді. Сондай-ақ, ескі қала аумағындағы әбден тозығы жеткен ғимараттар бұзылып, орнына екі, үш және төрт қабатты тұрғын үй­лер салынбақ.

26-006

Айтпақшы, Қонаев гүлзарын қаланың оңтүстік жағына дейін ұзарту жоспарда бар. Ал, Бозарық елді мекенінде теміржол вокзалы салынады. Бозарықтағы теміржол вокзалымен қатар, онда жаңа автобекет те бой көтереді. Бас жоспарда Шымкент әуежайын басқа жерге көшіру жайы да қарастырыл­ған. Сонымен қатар, қазіргі уақытта күйіп тұрған мәселенің бірі – қаланың экологиялық ахуалы. Осы ретте жаңа бас жоспарға сәйкес, келешекте 40 мың гектар аумақты жасыл белдеуге айналдыру жоспарда бар. Осындай біре­гей әле­ует­ті жобалар Шым­кент­ті одан әрі шырай­ландыра түсері сөзсіз.

– Атқарылар шаруалар жеткілікті. Соның ішінде «мынау менің бастамам еді» не болмаса «менің қолтаңбам еді» дейтіндей қай істі айта аласыз?

– Атқарып жатқан шаруаларымыз ағымдағы жұмыстар ғой. Сонда да болса айтайын: Шымкенттің үшінші қала мәртебесіне лайықты болу үшін күні-түні жұмыс істеуге тура келеді. Қаланың мәдени келбетін заман талабына сай қылу, берілген тапсырманы дер кезінде орындау басты міндет. Сондықтан да белгілі нәтижеге қол жеткізу үшін көп еңбектеніп, ізденуге тура келеді. Ал «ананы істедім, мынаны істедім» деу меніңше артық болар. Бұл жалғыз менің жетістігім емес, бүкіл ұжымның еңбегі. Қаладағы барлық нысандар, атқарылып жатқан тірлік ауызбіршілігі жарасқан ұжымның жетістігі.

– «Біткен іске сыншы көп» деген сөз бар. Біреу артық айтар, біреу кем айтар, жалпы сынға қалай қарайсыз?

– Өз басым сынға дұрыс қараймын. Егер сын шын болса. Жұмыс жүріп жатқан жерде сын болуы керек. «Ештеңе істемеген адам ғана қателеспейтіні» бесенеден белгілі. Кемшілік айтылмаса демек, ол жерде жұмыс жүріп жатқан жоқ деген сөз. Атқарылып жатқан жұмыстың көрсеткіші де, кем-кетігі де, әрине, болады. Кемшіліксіз жұмыс болмайды. Бірақ кемшілікті дер кезінде жоюға күш саламын.

– Шымкенттің символы жөнінде не айтасыз? Әр қаланың өз символы бар. Біздің де өзгелерден өзгеше бір бойтұмарымыз болуы керек сияқты…

– Әрине, керек. Символ міндетті түрде бір ғимарат болуы шарт емес. Келешекте жасыл белдеуге айналатын 40 мың гектар жер шаһарымыздың символы болатынына сенімдімін.

26-005

– Өркениетті елдердің тәжірибесіне сүйенсек, ондағы көпқабатты тұрғын үйлердің сыртқы кескін келбетінде мін жоқ. Ал біздегі тұрғын үйлердің қасбеті адам шошырлық халде. Осы бағытта біршама жұмыстардың қолға алынғанынан да хабардармыз. Алайда, басталған іс сиырқұйымшақтанып кеткен тәрізді… 

– Сұрағыңыз орынды. Қалада бұл бағытта біршама жұмыстар атқарылуда. Солардың бірі – көпқабатты тұрғын үйлердің қасбетін біркелкі стильге келтіру. Бұл бағытта өткен жылдары қаладағы бірқатар тұрғын үйлердің қасбеттері жаңартылған. Айта кетейін, біздің бөлім тек эскиздік жобасын дайындаумен айналысады. Ал оның орындалуы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығына тиесілі. Былғы жылы модернизациялау бағдарламасы бойынша жаңартылуға тиісті 82 үйдің 23-інің эскиздік жобалары дайын. Сонымен қатар, «Нұрсәт» шағынауданында орналасқан 42 көп қабатты тұрғын үйлердің де қасбеттерін әрлеу бойынша жобалар жасақталып, мердігер компанияларға тапсырылды. Айта кететін бір жәйт, көпқабатты тұрғын үйлерді бір стильге келтіру бағытында қаладағы 49 көпқабатты тұрғын үйдің 1-қабатынан біркелкі коммерциялы орындар салу да жоспарланып отыр. Бұл орындардың эскиздік жобалары мен сызбалары әзірленіп, тапсырыс беруші мекемеге тапсырылды.

– Сәулет өнерінің бүгінгі дамуы қалай? Мамандығыңызға деген сұранысты қалай бағалайсыз? Елімізде сәулетші мамандардың жетіспеушілігі бар ма? 

– Бүгінгі таңда сәулет өнері заман талабына сәйкес дамуда. Сәулет өнері саласында, бұрынғыдай маман көп емес. Сәулет өнері деген тек сызбасын жасап отыра беретіндер емес. Ертең құрылыстың сапасына, оның өміршеңдігіне де жауап береді. Сондықтан да, қазіргі таңда инженер, конструктор мамандық­та­ры өте қажет. Шымкент қаласындағы жо­ға­ры оқу орындарында бұл мамандық бар. Дегенмен, сәулет өнері оқуға емес, адамның дарынына байланыс-ты. Сондықтан да бітіруші түлектер сұранысты қанағаттандырмай отыр.

– Сұхбатыңызға рахмет! 

Сұхбаттасқан – Айжан ЕРМЕКҚЫЗЫ