Шымкентте талапкерлердің құжаттарын қабылдау науқаны жүріп жатыр. Қабылдау комиссиясы шығармашылық емтиханға қатысуға ниет білдіргендер мен кешенді тестілеу тапсырушылар үшін қызмет етуде.
Динара Батыр — Сарыағаш ауданы, Ы.Алтынсарин атындағы №104 мектептің түлегі. Биыл ҰБТ-ге қатысып, жоғары балдық көрсеткіштердің біріне қол жеткізген. Болашақта қаламы қарымды журналист болуды армандайтын бойжеткен қазір шығармашылық бөлім бойынша құжаттарын тапсыруға келіпті.
Динара Батыр, талапкер: «Мұнда келу мақсатым — шығармашылық бойынша тест тапсыру. Таңдау пәнім — қазақ әдебиеті. Мен болашақта тілші болғым келеді. Сондықтан дайындықты бүгіннен бастаған жөн.
Бұл сәтте кешенді тестілеуге де құжат қабылдау науқаны жүріп жатыр. Талапкерлер білім сынағына қатысып, кезекті рет бағын сынап көрмек. 17 жасар ару Майра Ордабаева білім гранты үшін биыл да таласқа түсуді жыл бойы күткен.
Майра Ордабаева, талапкер: «Өткен жылы 70 балл жинадым. Бірақ менің бұл көрсеткішім білім грантын жеңуге мүмкіндігі аз болды. Медициналық мамандықтарды таңдадым. Өкінішке орай, жинаған ұпайым жетпей қалды. Ал ақылы бөлімге қаржы болмады. Сондықтан, биыл қайтадан сәттілікке сеніп кешенді тестілеу тапсырамын. Бір жыл бойы дайындалдым. Алла қаласа, 100 балл жинаймын деп сеніп отырмын. Болашақта дәрігер болып, медицина саласына үлесімді қосқым келеді».
Қаламыздағы Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің ғимаратында таңғы сағат 9:00-ден, кешкі сағат 18:00-ге дейін қабылдау комиссиясы үзіліссіз талапкерлерді күтеді. Айта кетейік, кешенді тестілеуге қатысатындар құжаттарын 9-шілдеге дейін өткізе алады. Кешенді тестілеудің өзі шілдей айының 17-і мен 22-і күндері аралығында өрбиді деп жоспарланыпты. Қоса кетейік, қабылдау комиссиясының мәліметіне сенсек, әзірге кешенді тестілеуге құжат тапсырушылар арасында төртінші таңдау пәні ретінде физика мен химияны таңдағандар басым. Ал шығармашылық емтихан тапсырамын дегендердің құжаты шілденің 1-жұлдызына дейін қабылданады екен. Білім сынағы шілденің 2-7-сі аралығында өтеді. ҰБТ тапсырған түлектердің құжаты шілденің 23 мен 31 аралығында қабылданып, конкурсқа жіберілмек. Ендеше, қапы алмаңыз, талапкер!