Өткен жылы Қазақстанда бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорын құру туралы бастама көтерілген болатын. Кезінде көбейіп кеткен жинақтаушы зейнетақы қорларындағы қазақстандықтардың салымдары жинақталып, бір қорға өткізілетін болды. 2014 жылдың наурыз айында түрлі зейнетақы жинақтаушы қорлардағы салым-дардың барлығы да бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының қоржынына түсті.
БЖЗҚ-ының Қазақстанның түкпір-түкпірінде филиалдары мен қызмет көрсету орталықтары ашылды. Өзінің зейнеткерлік күндеріне деп тірнектеп жиған қаржысының жай-күйін білгісі келген салымшылар БЖЗҚ-ның аймақтық бөлімшелеріне барып, жеке зейнетақы шотынан үзінді көшірме алған жөн.
Үзінді көшірмені алу үшін жеке куәлік қажет. Зейнетақы салымдарының жағдайын БЖЗҚ-ның ресми сайты арқылы білу мүмкіндігі қарастырылған. Ол үшін бөлімшеге барып, сайтқа тіркеу логині мен құпия сөзді алу керек. Сол арқылы enpf.kz сайтындағы жеке кабинетке кіріп, үзінді көшірмені алуға болады.
БЖЗҚ-ның Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша 21 қызмет көрсету орталығы болса, оның үшеуі Шымкент қаласында орналасқан.
Жәнібек НҰРЫШ