Жер қойнауын заңсыз пайдаланғандар жазаға тартылады

346

Облыс әкімі Асқар Мырзахметов Бадам, Сайрамсу өзендері жағалауында орналасқан жер қойнауын пайдаланушылардың жұмысымен танысты.

Олар келісім құжаттарындағы талаптарды тиісті деңгейде орындамай, өзімбілермендікке салынған «Наурыз-25», «Феруз», «Арслан», «NuR.S», «ГеоСтройЮг», «ЖК Орашов» секілді бірқатар ұйымдарға жаңа міндеттер жүктеді. Тау бөктерінен бастау алатын тұп-тұнық өзен суын тұрақты түрде лайлап келген түрлі ұйымдардың жүйесіз жұмысына куә болған өңір басшысы, кешкісін облыс әкімдігінде шұғыл жиын өткізді.

Жер қойнауын пайдалану саласындағы құжаттарды жан-жақты қайта қарап, тиянақты сараптауды және келісімшартта көрсетілген міндеттерді орындаудан бас тартып отырған ұйымдармен келісімдерді біржақты бұзуды тапсырды. Сонымен қатар, заңсыз жер қойнауын игеріп жатқан ұйымдарға қатысты бірқатар жаңа міндеттер жүктеді.