Танымал суретшінің жұбайы тоқсанға толды

Әмина Бараисова

Танымал суретшінің жұбайы торқалы тоқсан жасқа толды. Оқырмандарымыздың есіне сала кетейік, бүгінгі кейіпкеріміз Әмина Бараисова — өңірімізге белгілі суретші болған Мәжит Бараисовтың зайыбы. Атақты суретшінің өзі осыдан 3 жыл бұрын бақилық болып еді.

Әмина Бараисова
Әмина Бараисова

Торқалы тоқсанды бағындырып, 65 жыл бойы жұбайына шабыт сыйлаған — осы жан. Суретші Мәжит Бараисовтың шығармашылығындағы алғашқы ақылшысы да, сыншысы да Әмина әжей болатын. Сезімдерін ұлы махаббаттан үлкен сыйластыққа ұластырған қос ғашық ыстықты да, суықты да бастан бірге өткерді. Шаңырағын шайқалтқан жоқ. Бірін-бірі түсіне білді. Сүйікті музасына Мәжит Бараисов көптеген туындысын арнады. Қазір сағымға айналған сол жылдарды Әмина әжей үлкен бір сағынышпен еске алады.

«Мен оны қазір ерекше сағынам. 65 жылдық жұбайлық өмірде біз барлық қиындықты бастан кештік. Төзе білдік. Сыйласа білдік. Бір-бірімізге қабақ шытқанымыз жоқ. Бала-шағамызды өсіріп, ұрпақ өрбіттік. Ата-аналарымызға да көңіл бөлуге уақыт таптық. Қысқасын айтқанда, біз бақытты өмір сүрдік» дейді Әмина әжей жанары жасқа толып.

Үлгілі жұптан тараған 4 қыз бүгінде анасының қамқоршысы. Немелері мен келіндері сыйластығы мол шаңырақты айрандай ұйытып отыр. Өнегелі де тәрбиелі отбасында атаның жолын қуып, бейнелеу өнерімен машықтанатындар да жетеді. Мәжит Бараисовтың өз дәуірінде абыройлы да, сыйлы азамат болғанымен олар мақтанады.

[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=pkyCAMbtpTE[/youtube]

Табиғаттың түрлі мезгілі мен адамдардың сан қырлы портретін сомдауға машықтанған Мәжит Бараисов кезінде аты елге мәшһүр Ғани Ілияев, Григорий Пономаренко сынды азаматтармен замандас болған. Оның қатысуымен Қазақстанның суретшілер одағы да құрылыпты. Әмина Бараисова суретшінің соңында қалған осынау қазынаның қамқоршысы һәм қорғаны. Торқалы жастың иесіне бүкіл туған-туысы 100 жасаңыз деген тілек білдірді.