Алғыс хат, сый-тарту, ақ тілек құттықтаулар. Мұндай мерекелік құрметтің барлығы да мұғалімдер қауымына арналды. Қалалық педагогтар кәсіподағының басшылығы үздік ұстаздарды марапаттады.
Марапатқа ие болғандардың арасында Назаровтар отбасы да бар. Бүгінде бұл жанұяда 29 мұғалім бар. 35 жыл мектепте қызмет еткен Дастан Назарова әжейдің айтуынша, отағасын қоспағанда 10 перзенті мен келіндері және немерелері де ұстаздық жолды таңдапты. Тәжірибелі мұғалім, көшбасшы шәкіртті тәрбиелеудің құпиясымен бөлісті.
Дастан Назарова, еңбек ардагері: «Мен ешқашан оқушыларға ұрысып, оларға дауыс көтерген жан емеспін. Әрдайым мектепке күліп кіріп, сабақтағы жаттығуларды да солармен бірдей сияқты кейіп таныта отырып, қызықтыра орындайтынмын. Қазіргі заманның балалары дауыс көтергенді жақтырмайды, тіпті, оны тыңдамайды да. Оған ата-ананың пікірін қосыңыз. Сондықтан менің айтарым — оқушыларға айқайға басып сабақты түсіндірудің қажеті жоқ. Тек олардың көңіліне қарап, сырласу арқылы да сабақты жақсы түсіндіруге болады. Мен кішкентайымнан мейірімді болып өскен адаммын.»
[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=QuH2jHD7m_k[/youtube]
Назаровтар жанұясының мүшелері ұстаздық жолды таңдағанына қуанады. Әулеттің оқытушылары бір шаңырақта ұстаздықтың қызығы мен шыжығын баста бірге өткереді.
Пәкизат Назарова, №55 мектептің мұғалімі: «Мен Назаровтар отбасына келін болып түскеніме ешқашан өкінген емеспін, қайта бақыттымын деп санаймын. Мұғалімдер отбасы қызмет барысында қиындықтар туындаса, бір-бірімізге айтып, оны шешудің жолын табамыз. Менің ойымша, ұстаз болу — оңай емес. Себебі балалар — болашақ мамандар. Тіпті Президенттерді де ұстаз тәрбиелейді, адамның болашақ өміріне бағыт-бағдар беретіндер де осы мұғалімдер қауымы дер едім.»
Марапаттау кеші мерекелік концерттік бағдарламасына ұласты. Облыс көлемінде ауқымы кең құттықтау шаралары алдағы күндері өтеді.