Кешегі жексенбіде бір азамат жайлы фильм түсірмек болып, түсірілім тобымен ауылға бардық. Сөйтіп ауылды айнала таспаға басып жүріп, ең озық технологиямен «жабдықталған» волейбол алаңына тап болдық.
Жіңішке екі ағашқа керіле тартылған тордың жыртылмаған жері жоқ. Әуелей ұрылған доп арасынан өтсе де байқамайсың. Мұны көріп, күлкіге ерік берген телеоператор Ержан Сейдазимов «Мына алаңы алпысыншы жылдары салынған ба?» деп сұрады ауыл адамдарынан. Өйткені алаңның арғы бетіндегі кепе там өткен ғасырдың орта белінде салынған екен.
Ауыл мектебінің маңында бір емес екі, волейбол алаңы бар. Бірақ, балалардың неге дәл осы жерде доп ойнайтыны бізге беймәлім. Мына қызықты қараңыз, бұл ауылды жұрт «волейболшылар елі» дейді екен. Қалай болғанда да ауылдың қыз-жігіттерінің бос уақыттарында спортпен шұғылданаты көңілге қуаныш ұялатады.