Аяқ жылытатын көпір

Т. Рысқұлов көшесі үстінен «Еуразия» базары тұсында жерүсті өткелінің салынуы

Шымкентте жерасты жолдары аз емес-ті. Енді жерүсті жолы көбеймек. Бұған дейін облыс орталығында жерүсті жолы ретінде бір ғана «Алтын көпірді» атайтынбыз. Тәуелсіздік саябағы мен Ордабасы алаңындағы Жер-Ана монументін байланыстырып тұратын «Алтын көпір» қала қонақтары үшін таңсық еді. Енді алтын болмаса да жерүсті көпірлерінің саны артпақ. Ең бастысы оның «едені» жылытылады екен. Ол жайлы сәл кейінірек…

Т. Рысқұлов көшесі үстінен  «Еуразия» базары тұсында жерүсті өткелінің салынуы
Т. Рысқұлов көшесі үстінен «Еуразия» базары тұсында жерүсті өткелінің салынуы

Қала халқы мөлшерінің ұлғаюымен қатарласа автокөлік саны да артқалы жүргіншілердің жолдан өтуі қиындап бара жатқаны айтпаса да түсінікті. Жаяулатқан жүргінші емес, тақымдағы автокөліктің қадірі мен құдіреті жүріп тұрған қоғамда жаяудың қозғалыс жағдайын жақсартатын кез-келген әрекет қуана қабылданатыны бар. Осы ретте мегаполиске айналуды басты мақсатына айналдырған Шымкентте де жерасты және жерүсті өткелдерін салу қолға алынған-ды. Биылдың өзінде қаламыздың әр жерінде осындай өткелдердің құрылыс жұмыстары қолға алынды.

Екшелей айтқанда, екі жоласты және бір жолүсті өткелінің құрылысы жүріп жатыр. Бұл үш нысанның ішіндегі ерегі – Т. Рысқұлов көшесі үстінен «Еуразия» базары тұсында жерүсті өткелінің салынуы. Ашық типтегі жаяулар өткелін салуға жаңа технологиялар пайдаланылған. Тағы бір ерекшелігі – «жылы еден» жүйесі қолданылады. Яғни қақаған қыста да баспалдақ пен көпір үстінде қар мен мұз болмайды. «Жылы еден» жүйесімен жабдықталуы ылғал біткенді кептіріп жібереді. Бұл үшін арнайы трансформатор қойылған. Қас қарайып, кеш түскенде қуатты электр шамдарымен жарықтандырылады. Мүмкіндігі шектеулі жандардың арбасы мен балалардың қоларбасы арлы-берлі оңай өтуі үшін пандустар орнату да қарастырылған екен.

«Дендросаябақ» аялдамасы тұсынан жерасты өткелі өтеді
«Дендросаябақ» аялдамасы тұсынан жерасты өткелі өтеді

Бұл жерүсті өткелін салуда аяққа салмақ салып, тізені қинап қоймау амалдары мейлінше ескерілген. Яғни, баспалдақпен өрлеу бұрышы аса үлкен емес, әрбір алты метрден кейін баспалдақ түгесіледі. Аяқ-қолға тыным болсын деп жайдақ алаңқай басталады. Осылайша көлденең жатқан көпірге жеткенше баспалдақ пен жайдақ алаңқай алмасып отырады. Қозғалысы қалың көшеге салмағы 130 метрлік металл көпірдің қойылуы да басы артық мәселе туындатпаса керек-ті. Өйткені алдын-ала басқа жақта әзірленген металл көпірді екі көтергіш кранның көмегімен орнатады. Бұған бір тәуліктен аспайтын уақыт жұмсалады. Осынау ашық жерүсті өткелінің жобалық құны 120 миллион теңгені құрайды.

Екі жерасты өткелінің бірі Республика даңғылы мен Ә. Молдағұлова көшесінің қиылысында салынуда. Бұл аумақтағы «Эмиль» сауда орталығы мен «Көмешбұлақ» базары маңында соңғы жылдары автокөлік кептелісі бақылауға көндікпей қалған еді. Әсіресе тоннель маңы тығындағы автокөліктердің дабылына толатын. Ұзын-сонар көлік кептелісі қозғалысты тежеп, демалыс күндері бұл аумақтан өту мұңға айналатын. Енді міне, осы түйткілдердің шешуі болатын жерасты өткелін салу міндеті «Мрамориал Плюс» ЖШС-не жүктелген. Мамыр айының басында басталған құрылыс аяқталуға жақын. Қазір мұнда әрлеу-сырлау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Өткелдің ішкі әрлеуі ұлттық стильде болады. Бұл нысан құрылысына облыстық бюджеттен 113 млн теңге бөлінген.

43-021

Екінші жерасты өткелі Бәйдібек би даңғылының екі жағын байланыстырмақ. «Дендросаябақ» аялдамасы тұсынан жерасты өткелі өтеді. Жобалық құны 67 млн теңге тұратын өткелдің құрылысын «Теспром» ЖШС қолға алған. Дендросаябаққа баратын қалалықтардың саны молайған сайын мұндағы қозғалыс жиілей түскен. «Дендросаябақтағы» өткел де таяуда пайдалануға беріледі.

Шымкент қаласы көлік және автомобиль жолдары бөлімінің сектор меңгерушісі Абай Тұрхановтың айтуынша, үш нысанның да құрылысы аяқталуға жақын. Қарашада әзір болады. Негізгі құрылыс жұмыстары бітіп, әрлеу-сырлау басталып кеткен.

Қош делік, сонымен алдағы айда су жаңа үш бірдей жаяулар өткелі пайдалануға беріледі. Жолдың арғы бетіне төрт доңғалақтардың тоқтауын күтпестен өтуді қалайтын жұртшылықтың қажетіне жарайтын өткелдер қаламызда бұған дейін де болған. Газетіміздің 2014 жылғы наурыз айында шыққан №10 санында «Шымкенттің жерасты өткелінен өту қорқынышты» атты мақала жарияланған болатын. Онда қаладағы жер асты өткелдерінің бүгінгі жай-күйіне шолу жасалған еді.

Әйтеуір Темірлан тасжолының «Бекжан» базары тұсындағы жер асты өткелін ретке келтіріп қойды
Әйтеуір Темірлан тасжолының «Бекжан» базары тұсындағы жер асты өткелін ретке келтіріп қойды

Одан бөлек әлеуметтік желілерде Шымкенттегі жарық пен тазалықтан ада жерасты өткелдерінің фотосы шарлап та кеткен. Қалалық әкімдік әлеуметтік желілерге шығып үлгерген фотолардың вирустық эффектісінен қауіптенді ме, әйтеуір Темірлан тас жолының «Бекжан» базары тұсындағы жерасты өткелін ретке келтіріп қойды. Кафельдері түсіп, орындары үңірейіп қалған өткел қабырғаларының кафельдері өз орнына қайта жапсырылды. Қас қарайғанда қара түнекке айналатын өткелдің жарық шамдары араға апта салып іске қосылды. Басқа да жерасты өткелдерінің нәжіс иісі мүңкіп, жарығы сөнгендері алдағы уақытта ретке келтіріледі деген үміт бар. Ал, әрқайсысының құрылысына орта есеппен 100 млн теңге қаржы жұмсалатын үш өткелдің басына мүшкіл хал тумайды деген сенім де жоқ емес.

Жәнібек НҰРЫШ

Суреттерді түсірген – Әйгерім Бегімбет

«Оңтүстік Рабат», №43, 22.10.2014