Кәрістің тракторы Шымкенттен шығады

Жері тым көсіліп жатқан қазақ даласында трактор шығарылады. Сар даланың төсін тілгілейтін тракторлардың өндірісін оңтүстіккореялық «Daedong» компаниясы мен оңтүстікқазақстандық «ЖилСтрой Индустрия» ЖШС бірлесіп қолға алды.

48-025

Бұл екі компания арасында Оңтүстік Қазақстанда «KIOTI» брендімен трактор шығаратын зауыт салу бойынша сәйкес келісім жасалған. Бұл келісімге «Еуразиялық экономикалық одақ аясындағы жаңа инвестициялық мүмкіндіктер» халықаралық инвестициялық форумы аясында қол қойылды.

«KazKioti» деген атауға ие зауыттың қазіргі құрылыс қарқынын және онда қандай тракторлар жасалатынын білмекке Шымкент қаласынан Ордабасы ауданына қарасты «Бадам» ауылдық округіне алып баратын күре жолдың бойында орналасқан өндіріс аумағына бардық.

48-021

Құрылыс 2014 жылдың қазан айында басталған. Аумағы 70 гектар жерді құрайды. Әзірге 5 гектар аумақта тұрғызылатын негізгі зауыт пен кеңсе ғимаратының да құрылысы қатар жүріп жатыр. Бас-аяғы 105 құрылысшы ала таңнан қас қарайғанға дейін жұмыс істейді. Қыс түсіп, тоң қатқанға дейін нөлдік фаза, яғни бетон құю жұмыстарын аяқтау қажет. Әзірдің өзінде біршама бөлігі еңсеріліп, ендігі бітуге таяп қалған.

Нөлдік фаза аяқталғаннан кейін, монтаж жұмыстары басталады.

Бахтияр Маматов, «ЖилСтрой Индустрия» ЖШС вице-президенті:

– Қазір лизингтік компания-лармен келіссөздер жасалуда. Тракторларымыздың негізгі сатып алушысы – қарапайым шаруалар. Осы себепті де «ҚазАгроФинанс» АҚ-мен арада келіссөздер жүргіздік. Олар біздің тракторларға қызықты. Сатып алуға дайын. Лизингтік негізде, «ҚазАгроФинанстың” субсидияландырумен ұсынылады. Нарықтағы басқа тауар белгісіндегі тракторлардың бағасынан 20-30%-ға төмен сатылады. Мысалы, 72 аттың күшіне тең «KazKioti» тракторының құны шамамен 28 мың АҚШ доллары деп белгіленді. Маркетингтік зерттеу нәтижелеріне сәйкес, зауыт іске қосылғаннан кейін екінші жарты жылдықта 500 трактор сатуды жоспарлап отырмыз. 2016 жылдан бастап сату мөлшерін 1000-нан 1500 данаға дейін арттырамыз. Бұл аралықта сатуға қойылатын тракторлардың барлығы да Қазақстан аумағында сатылады. Тек 2017 жылдан кейін ғана Кедендік Одақ елдеріне экспортталады.

Жалпы зауыттың іске қосылу кезеңдері бірнеше кезеңге бөлінген. Бірінші кезеңде трактор бөлшегінің кемі 30%-ы осы зауытта шығарылады. Бұл дегеніңіз, трактор доңғалақтары мен аккумулятор толықтай 100% осында өндіріледі. Екінші кезеңде локализация көрсеткіші 50%-дан кем болмайды. Яғни, трактор кабинасы мен терезелері өзімізде жасалады. Мұнда шығарылатын трактор бөлшектерінің үлесі жылдан-жылға арта береді. Ал, оған дейін қозғалтқышы және тағы басқа қажетті бөлшектері Оңтүстік Кореядан әкелінеді. Бастапқыда 300-400 адам жұмысқа тартылса, одан кейінгі кезеңде ең азы 600 адам жұмыспен қамтылады.

48-022

Жобаның бірінші кезеңінің құны – 41 млн АҚШ доллары. Қаржыландыру «ЖилСтрой Индустрия» ЖШС-нің өз қаржысы және оңтүстіккореялық «Daedong» компаниясының қаражаты есебінен, сонымен қатар несиелендіру, жеңілдікпен берілетін субсидия арқылы жүргізілуде.

Бізбен бірге құрылыс аумағын аралаған «Жилстрой Индустрия» компаниясының вице-президенті Бахтияр Маматовтың сөзінше, түркиялық және оңтүстіккореялық тағы да басқа компаниялармен келіссөздер жасалуда екен. Бастапқыда «Kioti» тракторы және оған қажетті соқа, тырма мен тағы да басқа түрлі міндеттерге арналған соқа-сайман, тіркемесі сынды толымдаушы техникалары шығарылады. Одан кейін, өзге де арнайы техника түрлері, мысалы Түркияның ауыр жүк таситын BMC машиналарын құрастыру жоспарланған. Негізгі мақсат: Оңтүстік Қазақстан облысында машина құрылысы кешенін жасау.

48-024

«KazKioti» трактор зауытын біздің облыста салуға бірнеше жайттар түрткі болыпты. Біріншіден, Оңтүстіктің ауылшаруашылығы саласының ауқымы өзге өңірлерден көш ілгері. «Kioti» маркалы тракторларға деген сұраныс осы өңірде жоғары болмақ. Екіншіден, халық саны көп. Жұмыс күші де мол. Сәйкесінше, жұмыс күші Астана мен Алматы қалаларымен салыстырғанда арзанға түседі. Зауыт жұмысшыларының дені осы жергілікті жұртшылық арасынан шығатындықтан, олардың барып-келу шығыны да азаяды. Үшіншіден, Оңтүстіктің ауа райы зауыт жұмысына қолайлы. Қыс маусымының ұзаққа созылмауы, жыл бойына ауа температурасының жоғары болуы – зауытты жылыту және тағы басқа шығындардан үнемдеуге мүмкіндік береді.

Енді нақ осы «Kioti» маркалы тракторларды таңдауға да бірнеше себеп бар.

Бұл тауар белгісіндегі тракторлардың бағасы өзге де жоғары сапалы трактор брендтерімен салыстырғанда арзан. Бірақ, арзандығына қарамастан сапа тұрғысынан еш қалыспайды. Мысалы, артқы білік – трактордың қозғалысына тәуелсіз түрде реттеледі. Яғни, артқы білік жеке тетікпен басқарылады. Ал, бүгінде Оңтүстік Қазақстанда жиі қолданылып жүрген басқа тауар белгісіндегі тракторларда бұл мүмкіндік қарастырылмаған.

Екіншіден, кабина ішіне желдеткіш қойылған. Борт компьютері орнатылған. Қандай да бір ақау шыға қалса сол мезетінде анықталады. 16 сатылы беріліс қорабына ие. «Тасбақа», «қоян» және тағы басқа атауы қызық жылдамдықты реттейтін тетік түрлері бар.

Бахтияр Маматовтың айтуынша, «Kioti» тракторлары ауылшаруашылығының барлық салаларында қолдануға жарайды. Мысалы, 50 аттың күшіне ие шағын «Kioti» тракторлары бау-бақшаның барлық жұмыстарын атқаратын жиынтықпен жабдықталған.

Алтынбек Айхынбаев, механизатор:

– «Киотидің» артықшылығы көп. Жылдам әрі нық қозғалады. Оңай, әрі тез бұрылыс жасайды. Салонында жанға керектінің бәрі бар. Желдеткіштен бастап магнитофонға дейін қойылған. Жартылай автоматты. Сырттағы дыбыс ішке естілмейді. Дыбыстың оқшаулануы жоғары. Мақта теріміне, бау-бақша шаруашылығына, астық егіншілігіне қолайлы болып отыр. Әзірдің өзінде күнделікті шаруашылық ісіне пайдаланып жатырмыз.

Жалпы «Kioti» тракторлары Қазақстан жұртшылығы үшін әзірге таңсық болғанымен, халықаралық аренада танымал. “Daedong” компаниясының осы тауар белгісімен шығарылатын тракторлары Солтүстік Америка және Еуропа елдеріне кеңінен қолданылады. «Kioti» – тракторлар арасындағы әлемдегі бес үздік тауар белгісінің қатарына кіреді.

Зауыт 2015 жылдың мамыр айында іске қосылып, маусымда алғашқы трактор құрастырылып шығады. Ауылшаруашылығы саласында тракторларға деген сұранысты анықтау бойынша «ҚазАгроМаркетинг» АҚ-мен бірлесіп маркетингтік зерттеу жүргізілген. Нәтижесінде, мұнда қуаттылығы 50-ден 90 аттың күшіне дейінгі тракторлар шығарылатын болды.

48-023

Зауытта жұмыс істейтін мамандарды дайындау жұмыстары әзірден басталып кеткен. Оңтүстік Кореядағы «Daedong» компаниясына Қазақстаннан адамдар жіберілген. Олар онда іс-тәжірибеден өтіп жатыр. Одан бөлек, зауыт іске қосылғанда елімізге “Daedong” компаниясының мамандары келіп, сервис пен маркетинг бойынша оқытады. Тараз, Шымкент, Жетісай және тағы да басқа үлкен қалаларда сервис орталықтары ашылады. Толықтай 100 % қызмет көрсетіледі.

Бүгінде «ЖилСтрой Индустрия» ЖШС өңірімізге Оңтүстік Кореяда шығарылған екі дана «Kioti» тракторларын алып келген. Оның бірін механизатор Алтынбек Айқынбаев тізгіндеген. Трактор айдағанына 12 жылдан асыпты. Осы уақыт аралығында қаншама трактор ауыстырған Алтынбектің басқаруындағы бұл «Киотидің» қуаттылығы – 90 аттың күшіне тең.

Қараша айының басында Шымкентте өткен «AgriTek Shymkent 2014» ауыл шаруашылығы жәрмеңкесіне «Kioti» тракторлары қойылды. Сол жәрмеңкеге келушілер тарапынан сатып алуға көптеген ұсыныс түскен.

Жәнібек НҰРЫШ

«Оңтүстік Рабат», №48, 26.11.2014