Көркемнің негізгі мамандығы – дефектолог. 2012 жылы М. Әуезов атындағы ОҚМУ-ды бітірген. Әжесінен ою ойып, құрақ құрауды бала күнінен көріп өскендіктен болар, қазақтың қолөнеріне қызықты. Қолына ине-жіп ұстап, оюлы көрпеше, жастық тігуге ден қояды. Екі жыл тапсырыстарды үйінде қабылдап келген ол екі ай бұрын Шымкенттен «Көркем» қыз жасауы орталығын ашты.
– Жеке іс бастау туралы ой мектеп бітіргелі бері миымнан шықпайтын. Үнемі кейінге қалдырып жүрдім. Сұраныс артқан соң осы жолы тәуекел еттім. Құрбым екеуміз тапсырыс берушілердің тілек-ниетіне қарай оюлы көрпеше, жамылғы, матрац, шымылдық, бесік жабдықтарын тігеміз. Сондай-ақ, тоқыма, бисер өнімдерін де ұсынамыз, – дейді Көркем.
Алғашқы тапсырысты Лариса Хан беріпті. «Ұлты кәріс апа қазақы ою-өрнектермен бедерленген көрпеше, жастыққа тапсырыс берген кезде іштей таңқалдым, әрі қуандым. Өзге ұлт өкілдерінің де біздің ұлттық өнерімізге қызығушылық танытып жатқандары жақсы емес пе?», – дейді ол.
Жұмсалатын уақыттың ұзақтығы мен қажетті материалдың түр-сипатына қарай жастық пен көрпешелердің бағасы да әртүрлі. Мысалы, көрпешелердің бір жұбы, яғни, екеуі 7-8 мыңнан, ал бір жұп жастықтың бағасы 1,5- 2 мың теңгеден басталады. Көрпешелерді сапалы, қымбат матадан тігеді. Қолынан шыққан әрбір дүниесіне сәби секілді қарайды.
«Өмірімнің сәні де, мәні де — қолөнер. Ол мені сабырлыққа, шыдамдылыққа тәрбиелейді. Бисер, тоқыма, ілгекпен тоқуды, құрақ құрауды ешкім әдейілеп үйреткен жоқ. Іске ебі, қызығушылығы бар адам үйренудің жолын табады. Құрақ, оюлы көрпешелер жасау үшін адамға ең алдымен сабыр мен төзім керек. Жұмыс барысында адамның көңіл күйі мейлінше позитивті болғаны дұрыс, сонда жасап шыққан дүниеңіз сәтті шығады, – дейді жас ісмер.
Тапсырыс берушілердің көбі бір-бірінен естіп келеді. «Көтерме бағамен алып, өткізіп беремін» деп бірге жұмыс жасауды ұсынып жатқан алыпсатарлар да бар екен.
«Болашақта өз ісімді тоқтатқым келмейді. Мамандығым бойынша тұрақты жұмысқа орналасқан күнде де кәсібімнің жүріп тұрғанын қалаймын. Қолымнан келетініне сенемін», – дейді Көркем. Біз де сенеміз!
«Көркем» қыз жасауы орталығының мекенжайы: Шымкент қаласы, Тәуке Хан даңғылы, 67 (Адырбеков аялдамасы).
Әйгерім Бегімбет
Суреттер автордікі
«Оңтүстік Рабат», №51, 17.12.2014