Шымкентте тұрғын үйде болған жарылысқа кінәлі табылды. Төтенше жағдай саласының қызметкерлері екі апта бойы жүргізген тексеруден кейін оқыс оқиғаның орын алуына көпқабатты үйдегі пәтерлердің бірінің иесі кінәлі деген қорытынды шығарды. Алайда зейнеткер Роза Корчагина тағылған айыппен келіспейді.
Төтенше жағдай қызметкерлері баспанасында газ жарылған Роза Корчагина көгілдір отын құрылғыларын дұрыс қолданбай, оның соңы осындай жағдайға ұласты деген шешім шығарып отыр.
Ерік Сарыбаев, Шымкент қалалық ТЖБ бастығының орынбасары: «Газ құрылғысын орнатқаннан кейін пәтер иесі оған тиісті көңіл бөлмеген. Екіншіден, газды жалғап тұрған құбырды резіңкемен қоя салған. Бұл да қауіпсіздік техникасына қайшы. Қазір бұл оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалды.»
Алайда 67 жастағы зейнеткер Роза Корчагина бұл шешіммен келіспейді. Оның айтуынша, тексеру жұмыстары салғырт жүргізілген. Егер жарылысқа менің құрылғым себепкер болса, мен бұлай тірі қалмас едім дейді ол.
Роза Корчагина, зейнеткер: «Мені кінәлі деп жатыр екен. Ол мүмкін емес. Жарылыс ас бөлмесінен емес, қонақ және жатын бөлмесінен шықты. Ал менің газ құрылғым ас бөлмемде тұрады. Олар айтқандай болса, мен бұл жерде тірі тұрмас едім. Куәгерлер бар, олардың барлығы көрді ғой. Енді келіп мені кінәләп жатқаны несі? Біреудің жауапсыздығына неге мен жауап беруім керек, неге мен барлық кінәні арқалауым керек? Егер осылай жалғаса берсе, мен де өз құқығымды қорғаймын.»
[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=Hdq7Pg5aANc[/youtube]
Екі жұма бойы жарылыстың себеп-салдарын тексерген комиссия енді барлығына бір ғана адамды кінәлі дейді. Шығын көлемі 50 млн. теңгеден асып кетті деген тексерушілер ол қаржыны кімнен қайтарарын әлі шешкен жоқ. Десе де әкімдік өкілдері үйсіз қалғандарға биылдан қалмай пәтер береміз деп жатыр.
Айта өтейік, желтоқсанның 20-сы күні екіқабатты ескі үйде газ жарылып, ондағы 8 отбасы шұғыл көшірілген еді. Әзірге олардың жартысы жатақханада, қалғандары туыстарын паналап жүр.