Салауаттың сансыз сауаптары

2-021«Салауат» сөзі – истиғфар, кешірім сұрау, дұға, береке, намаз секілді мағыналарды қамтиды. Құранда: «Алла мен оның періштелері міндетті түрде пайғамбарға салауат айтады. Уа, мүміндер! Сендер де оған салауат айтып, шын көңілмен сәлем жолдаңдар!» («Ахзап» сүресі, 56-аят), – делінген.

Алла Тағаланың «салауат» айтуы – «рақымет», «мейірімділік», періштелердің салауат айтуы – Алла Тағаланың кешірімін сұрау, мүміндер тарапынан болса «жақсы дұға тілеу» мағынасын береді. Сондай-ақ, бұл аят Алла Елшісіне (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) салауат айтудың қаншалықты маңызды екенін айшықтап береді. Әрі салауаттың пайғамбарымызға (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) үнемі айтылатынын да ескертіп тұр. Күнделікті бес уақыт намаздың ішінде салауаттың да көп қайталануы оның маңыздылығының бір дәлелі.

Құрметті мұсылман бауырлар! Пайғамбарымыз Мұхаммед (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) мүбәрак есімдері аталған сәтте естіген адам дереу «Саллаллаһу аләйһи уә сәлләм» деп айту, (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) сауапты амал болып саналады. Ал енді, салауат туралы хадистерге назар аударалық.

«Атым аталған кезде маған салауат айтпаған кісінің мұрны жерге сүрінсін», (Тирмизи, Дәуіт 110),

«Жасалған дұғалар, жеріне жетпестен бұрын жер мен көктің ортасында тұрады. Ол пайғамбарымызға (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) салауат айтқан кезде ғана жетеді» (Тирмизи 486).

«Қиямет күні маған адамдардың ең жақыны – маған көп салауат айтқандары» (Тирмизи, намаз 327).

«Есімім аталған кезде маған салауат айтпаған адам – нағыз сараң», (Тирмизи, Әбу Дәуіт 110).

«Кімде-кім маған бір рет салауат айтса, Алла Тағала оған он салауат айтады. Әрі он күнәсі кешіріліп, дәрежесі он есе көтеріледі» (Тирмизи).

Әнәс ибн Мәликтен (р.а.) жеткізілген мына бір хадисте: «Алла Елшісі (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) мінбердің бірінші баспалдағына шығарда «әмин» деді. Екінші баспалдаққа шығарда тағы «әмин» деді. Үшінші баспалдаққа шығар кезде де «әмин» деді де, мінбердің ең жоғары жағына шығып отырды. Сол кезде Муаз ибн Жәбәл (р.а.) «Уа Расулулла! Мінберге шығарда неге үш рет «әмин» дедіңіз?», – деп сұрады. Пайғамбарымыз Мұхаммед (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын): «Мінберге шығарда Жәбірейіл періште жаныма келді де: «Уа, Мұхаммед! Кімде-кім Рамазан айына жетіп, сол айдың құрметі үшін кешірімге ие бола алмай өмірден өтіп тозаққа кетсе, Алла оны мейірімінен алыстатсын», – деді. Сол кезде мен де «әмин» дедім. «Кімде-кім ата-анасының қартайған шағында олармен жақсы мәміледе болмай, қайтқанда тозаққа кетсе, Алла оны мейірімінен алыстатсын», – деді. Мен де «әмин» дедім. «Кімде-кім сенің есімің аталған кезде салауат айтпай, қайтыс болып тозаққа кетсе, Алла рақыметі мен мейірімінен алыс болсын», – деді. Мен тағы да «әмин» дедім», – деп жауап берген (Дәйлами, Мүснәдул- фирдаус, 1640; Ибн Хиббан, Әс-Сахих, 904, Али әл-Муттақи, Кәнзул-Уммал 24295).

«Маған ат үстіндегі жолаушының су торсығына қарағандай қарамаңдар. Дұғаларыңның басында, ортасында және соңында менің атыма салауат жолдаңдар!» (Тирмизи).

«Кімде-кім таңғы және кешкі уақыттарда маған арнап он рет салауат айтып, сәлем жолдаса, қиямет күні менің шапағатыма бөленеді» (Әбу Дәрда (р.а.) жеткізген)

Мұхамеджан Естеміров, 

ҚМДБ-ның ОҚО бойынша өкіл имамының орынбасары

«Оңтүстік Рабат», №2, 14.01.2015