Шенеуніктердің заңсыздығынан 100-ге тарта жетім баспанадан қағылды

282

Шымкентте жұмыспен қамту орталығы қызметкерлері заңды белден басып, жетімді жеңілдікпен берілетін пәтерден қақты. Арнамызға арыз айтқан Қанат Сегізбаевтың сөзі дәйекті екеніне құзырлы орган өкілдері көз жеткізді. Естеріңізде болса, жасынан жетім қалған жігіт баспаналы болу үшін алғашқылардың бірі болып құжат тапсырған, бірақ пәтер кезегінің тәртібі сақталмағандықтан, далада қалғанын айтып шағымданған еді. Ең сорақысы, арызды қараған прокуратура тексере келе Қанаттан бөлек тағы жүзге жуық жетімнің өздеріне тиесілі заңды баспанадан шеттетілгенін анықтады. Аудандық прокурор Бекжан Құлатаевтың айтуынша, қазір Шымкент қалалық жұмыспен қамту орталығы директорымен қоса мекеменің 9 бірдей қызметкері әртүрлі қатаң тәртіптік жауапкершілікке тартылған.

Бекжан Құлатаев, әл-Фараби аудандық прокурорының аға көмекшісі: «Тексеру нәтижесінде ол орталықта өрескел заң бұзушылықтарға жол берілгені, яғни Сегізбаевтың аталған өтініші тіркеусіз және қараусыз қалдырылғаны, сондай-ақ, осы тектес бағдарламаға қатысушы өзге 94 үміткердің арыздары тіркеусіз, қараусыз қалдырылғаны анықталды. Керісінше бағдарламаға қатысушы бола алмайтын өзге тұлғаларға пәтер табысталғаны анықталған. Тексеру нәтижесімен қала әкімдігіне ұсыныс-қадағалау актісі енгізіліп, қарау нәтижесімен орталық директоры Н. Қожанова сыбайлас жемқорлық жағдай туғызатын құқық бұзушылық жасағаны үшін қызметінен босатылған.»