Бағалаушының бәрі әділ емес

05-006Өткен аптада ОҚО Әділет департаментінде облыстағы бағалаушы компаниялардың бағалау есебіне қатысты сот органдарында қаралған талап арыздар мен әкімшілік істер жайы баяндалған жиын болып өтті.

Елімізде жекеменшік институттың, нарықтық қатынастардың дамуымен қатар оған еншілес басқа да салалар, соның ішінде бағалау қызметі сәйкестендіріліп жатқаны белгілі. Бұған қатысты, яғни, бағалау саласындағы қарым-қатынастарды реттейтін «Бағалау қызметі туралы» ҚР 2000 жылғы 30 қарашадағы №109 заңы да бар. Әділет департаментіндегілердің айтуынша бағалау қызметін жетілдіру бағалаушылардан жоғары кәсібилікті, объективтілік пен турашылдықты талап етеді. Бағалау қызметіне жүгінетіндер мемлекеттік стандарттар мен халықаралық стандарттарға сәйкес келетін бағалау есептерін алуы тиіс. Бағалаушылардың көрсететін қызмет сапасына көптеген мүліктік құқықтарының орындалуы тәуелді. Мәселен, қолданыстағы заңға сәйкес мемлекет мұқтаждығы үшін жеке немесе заңды тұлғалардың жекеменшік иелігінен алынатын мүлікті міндетті түрде бағалау қажет. Әділет министрлігі бағалау қызметін лицензиялау функцияларын іске асырып отырғанына байланысты бағалау қызметіне бақылау жұмыстары әділет органдарына жүктелген. Осыған орай Әділет департаментінің құқықтық түсіндіру және халыққа заңгерлік көмек көрсету бөлімі 2014 жылдың қорытындысы бойынша сот органдарымен бағалаушылармен түзілген бағалау есептерін жарамсыз деп тану туралы сот актілеріне мониторинг жүргізіпті. Соның нәтижесінде өткен жылы облыстың соттарымен істің бір жағы бағалаушы болып табылған 19 талап арыз қаралған екен. Оның ішінде 2 талап қанағаттандырылып, 4-еуін қанағаттандырудан бас тартылған. 6 іс қараусыз қалыпты. Кері қайтарылғандары – 6.

Басты айта кететін нәрсе, бағалаушы тарап көп жағдайда мүлікті не кем не артық бағалап қойған. Мысалы, Б.У.Хабуловтың «Сараптық-консультациялық бағалау кәсіпорны» ЖШС-нің 03.10.2013 жылғы №558 санды Шымкент қаласы, Солтүстік ш.а. 56 үй, 45 пәтердің бағалау есебі сот шешімімен жарамсыз деп танылған екен. Соттың бұлай шешуіне бағалаушының кепілдікте тұрған пәтердің орналасқан жерінің коэфицент көрсеткішін ескермеуі, соның салдарынан төмен бағалағаны себеп болған.

Сондай-ақ, департаменттің бағалаушы «Жаңа білім беру және заң технологияларын дамыту орталығы» ЖШС-нің «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізіне мемлекет мұқтаждығы үшін алынған жер учаскесіне қатысты бағалау есебін қате деп тану туралы хатына сәйкес, облыстық прокуратурамен былтыр маусым айының 27-сі күні ОҚО Мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотына талап арыз келтіріліпті. Қысқаша айтасақ, бағалаушы компания халықаралық көлік дәлізінің құрылыс аймағында орналасқан, мемлекет мұқтаждығы үшін алынуы тиіс «АБК Тамерлан» ЖШС-не тиесілі дүкенді жер учаскесімен қоса өте үлкен сомаға бағалаған. Сот мұны жарамсыз деп танып, артық төленген 26 123 444 теңге «АБК Тамерлан» ЖШС-нен мемлекет пайдасына қайтарылсын деген шешім қабылдапты. Бір қызығы, 20.05.2010 жылы «ОҚО бойынша жылжымайтын мүлік жөніндегі орталығы» РМҚК-нің жүргізген бағалау есебінде осы дүкеннің бағасы 905352 теңгені құраған. Демек, бағалаушы компания «АБК Тамерлан» ЖШС-нің меншігіндегі жылжымайтын мүлікті өте жоғары көлемде бағалап, тиісінше мемлекет қаржысының босқа ысырап болуына әсер еткен болып отыр.

Өкініштісі, былтыр шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерін тексеруге мораторий жарияланғанына байланысты жоғарыда аталған бағалаушылардың бұрыс бағалауларына қатысты әкімшілік құқықбұзушылық туралы іс қозғау мүмкін болмаған. Әйтсе де департамент қызметкерлері сот, прокуратура органдарымен бірлесіп, қадағалауды күшейтетіндерін айтуда. Заңбұзушылықтар анықталған жағдайда дереу тиісті жазасын алуына бар күшімізді саламыз дейді.

ОҚО бағалаушылар палатасының төрағасы Марат Ысқақовтың айтуынша бағалаушылардың осылай жиі қателіктерге бой алдыруы олардың көпшілігінің заң талаптарын жетік білмейтіндігінен орын алуда. Тіпті, кейде бағалаушылардың интеллектуалдық меншікті қайтарып алуға қатысты лицензиясы да болмай шығады дейді Марат Үсенұлы. Сол үшін олардан міндетті түрде лицензияларының бар-жоғын біліп алу керек.

Айтпақшы…

Әділет департаменті жылжымайтын мүлікті тіркеуге қатысты жаңалықтарымен де бөлісті. Бұдан былай үйіңізді не жер теліміңізді, кез келген жылжымайтын мүлкіңізді тіркеу үшін Халыққа қызмет көрсету орталығына барып, кезек күтіп, сарылудың қажеті жоқ. Енді бұл шаруа-мен нотариустар айналысатын болыпты. Жақын маңдағы нотариусқа барлық керек құжаттарыңызды апарып, тіркеуге қойдыра аласыз. Ол бір тәулік ішінде барлық процедураны орындап шығуға міндетті. Осыны ұмытпағайсыз!

Дәурен Әбдіраманов

«Оңтүстік Рабат», №5, 04.02.2015