Оңтүстікте көктемгі дала жұмыстарына дайындық басталып кетті. Алғашқылардың бірі болып мақтааралдық диқандар өз ісіне кірісті. Ауданында ерте пісетін көкөніс егу белсенді жүріп жатыр.
Дихандар биыл мол өнім жинап, толағай табысқа кенелеміз деп отыр. Олардың бастамасымен облыс әкімі Асқар Мырзахметов те танысып қайтты.
Мақтааралдық дихандар көктемгі дала жұмыстарына дайындықтарын бастап кеткен. Әдеттегідей мақта емес, оның орнына өзге дақылдар егуді қолға алыпты. Оның тиімділігін былтыр көрген де.
Рысбай Раевтың шаруашылығында 20 гектарға жуық жері бар. Мақтадан да көп пайда беретін болған соң ерте пісетін көкөністің 4-5 түрін еккенді дұрыс санайды. Қолмен атқарылатын жұмысты ауылдастарымен жабылып істейді екен.
Рысбай Раев, дихан: «Қаншама кісілерге жұмыс болып жатыр мұнда. Жылда егетін болған соң өз жұмысын біледі. Тіпті, кішігірім агроном десек те болады. «Былай ек» деудің керегі жоқ. Әрқайсысының өз жұмысы бар. Біреуі егеді, біреуі суын құяды, біреуі клеенкасын тартады».
Ерте пісетін көкөністің пайдасы көп. Кімнің қырыққабаты бірінші піссе, сол табысқа кенеледі. Мұндағы дихан нарық заңын жақсы меңгерген. Тек сапалы тұқым сатып алады. Көкөністі қысқа мерзімде пісіретін технологиялар қолданылады. Бұрын тек мақта өсірген кәсіпкер Берік Байымбетов енді қырыққабатты жылыжайда өсіріп жатыр. Тапсырыс берілген уақытқа дейін жинап үлгеруі керек.
Берік Байымбетов, дихан: «Бұрын жұмысымыз 5-6 айға созылса қазір жыл он екі ай, қысқы, жазғы маусымда да жұмыс істеп жатырмыз. Міне, мынау — салат жасайтын түрлі-түсті қырыққабат. Осыған тапсырыс түскеннен кейін бірінші рет егіп, көріп жатырмыз».
Егістікті әртараптандыру шарасына сәйкес ауданда биыл мақта дақылы егілетін жер көлемі 9 мың гектарға қысқартылып, орнына жоңышқа — 5 мың га, жеміс-жидек пен жүзім — 1 мың га, көкөніс пен картоп — 2,7 мың га жерге егілімек.
Ерте көктемнен бастап жер емген шаруамен кездескен Асқар Исабекұлы мемлекет тарапынан отандық тауар өндірушілерге барынша қолдау көрсетіліп жатқанына тоқталды. Диқандарды жаңа агротехнологияларды игеруге шақырды. Әсіресе, соңғы жылдары қолға алынған тамшылатып суғару, терең қопсыту, егістікті әртараптандыру технологиялары оң нәтиже беріп жатқанын тілге тиек етіп, оларды өндіріске кеңінен енгізуді жандандыру мәселесіне назар аударды.
[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=fROdSzRNJU0[/youtube]
Айта өтейік, ауданда соңғы жылдары мақталық алқап 15 мың гектарға азайған. Биыл тағы 10 мың гектарға кемитін болады. Мырзашөлдегі ауыл шаруашылығын әртараптандыру шарасы тиімділігін көрсетті. Мақтаның орнына көкөніс, бау-бақша егіп жатқан диқандар өнімділікті арттыру үшін озық технологияны қолданып келеді.